Бірде Италия королі І Умберто Монца қаласындағы бір мейрамханаға түстенбекке кіріпті. Әйгілі қонаққа зор құрмет көрсетудің үлгісі ретінде мейрамхана қожайынының өзі қызмет көрсеткен екен. Қожайынның өзінен айнымайтындығын көріп, король қайран қалады. Түр-түсі, тұрпаты, тіпті, сөйлеген мәнері де кісі айырғысыз көрінеді…
Әрине, бір бірінен айнымайтын екі еркек бірден шүйіркелесіп, тіл табыса кеткен ғой. Әңгіме арасында екеуінің де туған күні бір күнде, бір жылдың тумасы екені анықталып (14-наурыз, 1844 жыл).., шын қайран қалысады. Екеуі де бір қалада дүниеге келгені аздай, екеуінің де әйелдерінің есімі Маргарита боп шығады. Тағы бір таң қаларлығы, қожайын өз мейрамханасын тұп-тура Умберто таққа отырған күні ашқан екен…
Тағдыр жазып қойған ұқсастық бұнымен де тоқтамаған.., 1900 жылы король Умбертоға өзі қатты құрметтейтін «сыңары» — мейрамхана қожайынының кездейсоқ жағдайда атылып өлгенін хабарлаған. Қатты қайғырған король оның отбасына көңіл айтып үлгерген екен. Артынша, сол күні корольдің өзі италияндық анархистің қолынан оққа ұшып, опат болады…