«Рукели» деген лақап атпен танылған неміс боксшысы Иоганн Тролльман. Ұлты — сыған. Жартылай ауыр салмақта Германияның 1933 жылғы чемпионы.
Рукелиден өзге Иоганның «Сыған» деген лақап аты 20-жылдардың аяғына таман сыраханаларда ақша тігіп өткізілетін жұдырықтасу кезінде кеңінен танылды. Оның ауыр соққысы, жұдырықтасу шеберлігі, әсіресе «Тролльманның биі» деп аталып кеткен рингтегі әбжіл қимылы кім-кімнің де көңілін жаулап алған еді.
1933 жылы көптеген қарсылықтарға қарамастан, Тролльман бокстан Германия чемпиондығына қатысады. Чемпиондық белбеу үшін болған ақтық айқаста оның қарсыласы — неміс ұлтының өкілі алтыншы раундта жеңіліп қана қоймай, аяғынан әрең тұрған еді. Неміс жұдырықтасу ойындары одағының басшысы Георг Радамм жекпе-жекті тоқтатып, кездесудің тең аяқталғанын хабарлайды. Көрермендердің орасан наразылығынан кейін, Радамм амалсыздан Тролльманға чемпиондық белбеуді тағуыға мәжбүр болады. Алайда, бір аптадан кейін Тролльманға ресми хат жолдап, рингте «нашар ойын» көрсеткені үшін чемпиондық титулдан айырылғанын хабарлаған.
Араға біршама уақыт салып, Германия чемпиондығына тағы да кездесу ұйымдастырылады. Бірақ бұл жолы қатысқысы келген Тролльманға қазылар алқасы әйгілі «Тролльман биін» билемеуді қатаң талап етеді. Талапты орындамаған жағдайда — ойыннан шығарылатындығы мықтап ескертілген.
Сыған Тролльман рингке шәшін перекиспен күйдіріп, бетіне опа жағып, нағыз «арийтектес» боксшы болып шығады. Бұл оның әсіреұлтшылдарға көрсеткен наразылығы еді.
Рингте Тролльман екі аяғынан нық тұрып, еш қорғанбастан, соққыдан тайқып кетпей, қасқайып тұрды. Оның қарсыласы Густав Эдер өзінің ауыр соққыларымен аты шыққан шойынжұдырық еді. Эдер 5 раунд бойы қимылсыз Тролльманды допша сабағанымен.., тек раундаралық гонк соғылған кезде ғана қанжоса болған Сыған құлап түседі…
1938 жылы Тролльман өзге сығандармен бірге стерилизациядан өткізіліп, әтек болады да, 1939 жылы майдан шебіне жөнелтіледі. 1941 жылы өмірден түңілген ол ажалға ашық ұмтылып, ауыр жараланады. Соғысуға жарамай қалған оны Нойенгамдағы концлагерге апарып, ол жерде неміс офицерлері соққы беруді үйрену үшін Тролльманды сабап, «жанды қуыршақ» етеді. Аш-арық болса да, жарадар Сыған.., әйгілі боксшы.., Германияның чемпионы.., неміс офицерлерінің қорлығына шыдамай, жұдырықтаса кеткен.., сондай бір қарсылықтардың бірінде.., 1944 жылы немістер Тролльманды атып тастайды. Денесін крематориде өртеп жіберген…
… . … . … . …
2003 жылы Германия үкіметінің шешімімен Иоганн Вильгельм Тролльманға «Жартылай ауыр салмақтағы Германияның 1933 жылғы чемпионы» деген титул қайтарылып.., чемпиондық белбеу оның мұрагерлері Луис пен Мануэль Тролльмандарға табыс етілді.
Рукели-Сыған.., әйгілі Тролльман өз спорттық өмірінде бокстан 62 мәрте кәсіби кездесу өткізіп, оның 30-ын таза жеңіспен, 13-ін тепе-тең аяқтаған. Қалған кездесулері жөнінде деректер сақталмаған.
Германияның Ганновер қаласында «Рукели-Сығанның» атында шағын көше бар.
2007 жылы Сабина Нойман (Sabine Neumann) есімді режиссерёрдің қоюымен «Рукели» (Rukelie) деп аталатын Тролльман туралы қысқаметражды фильм түсірілген.