Африка елдерінде атын естісе жылаған бала уанатын адамжегіш президент өткен. Бокасса. Ол жайлы аңызға бергісіз қорқынышты әңгіме көп.
Бозбала шағында Бокасса әскери мансапты армандап, темір түйме тағып, өз еркімен жауынгер сапына тұрған көрінеді. Вьетнам соғысында Француз әскерінің қатарында соғысқан ол еліне келген соң, қызметі бірден өсіп, Бас қолбасшы боп тағайындалады. Бұл кезде Орталық Африка республикасын оның нағашы ағасы басқарып тұрған еді. Биліктің дәмін татқан ол шенеуніктер арасында халықшыл, мемлекетшіл боп көріне жүріп 1965 жылдың соңғы күндерінде әйгілі «жаңажылдық төңкеріс» деп аталатын көтерілісті ұйымдастырады да, тусқан ағасынан мемлекеттік билікті тартып алады.
Ол Орталық Африка республикасының тізгінін ұстаған билеушілер ішінде ең жауыз һәм тойымсызы болып шығады. Билік тізгініне мықтап жабысқаннан кейін, Бокасса өзін мәңгі билеуші етіп тағайындап, өзінің мәңгілік таққа отыру салтанатына 20 миллион доллар жұмсайды. Бұл сома мемлекеттің жылдық бюджетінен едәуір көп қаражат еді. Оны айтасыз, сол салтанатты шара үшін салмағы 2 тонна болатын таза алтыннан тақ та жасатқан!..
Қатал әрі қанішерлігімен қатар ол өзі керемет қатынқұмар да болыпты. Оның ресми 19 әйелі мен сол қатындарынан заңды 55 баласы болған. Бала тәрбиесіне мүлдем араласпаған билеуші әкенің өз перзенттеріне қойған жалғыз талабы — «шекер татыған шошқа етін» жеуге қатаң тиым салған көрінеді. «Шекер татыған» деп ол кісі етін атаған екен. Адам етінің дәмін алса, түбі билігімді тартып алып, өзімді жеп қояды деп өз балаларынан қатты қорыққан…
Бокасса өзінің дұшпандарын өлтіріп, олардың етін кешкі асқа жейтін болған. Кейде «кешкі асының» сәнін келтіру үшін әлгі өзі етін жегелі отырған құрбандығының туыстарын жекежайына алдырып, солармен бірге тамақтанады екен. Тіпті, ол өз еліне келген шетелдік ресми қонақтарға да кісі етінен тағам әзірлетіп, олардың ас ішкеніне рахаттана мәз болатын дейді. Кісіжегіштің ең сүйікті әзілі сол болыпты. Ал, өзі шетелдік сапарында міндетті түрде кісі етінен жасалған консервілерін сөмке-сөмке ғып арқалап жүрген.
Әсіресе, Бокасса өзіне сұлу көрінген әйелдердің етін сүйсіне жепті. Тіпті, өз әйелдерінің бірнешеуін жеп қойса керек. Тәбеті тартқаны соншалық, қоластындағы шенеуніктер ұймдастырған Африка аруы бәйгесінің бас жүлдегерін сол күні кешкісін жеп алған. «Бейшара ару тым құрығанда жеңістің дәмін бір тәулік те тата алмады» деп жазады, кейіннен бұл жөнінде әлемдік БАҚ.
Он үш жыл бойына сіңірі шыққан кедей халқын қанқұстырып, қалағанын өлтіріп, қалағанының етін жеп, ойына келгенін істеген оны 1979 жылы әскери төңкеріс арқылы орынынан алып, соттайды. Мемлекет қазынасын талан-таражға салу, бейберекет кісі өлімі және каннибализм ісі бойынша жауапқа тартылғанымен, ол өзінің кісі етін жешенін мойындамай қойыпты. «Ритуалдық рәсім үшін өлтірдім бірақ етін жешенім жоқ!» деп қасарысып отырып алған.
Сот Бокассаны әуелі өлім жазасына кескенімен, кейін үкімді 20 жылдық түрмеге ауыстырған. Шайтан араласты ма екен, әйтеуір, Бокасса қанішер түрмеде ұзақ отырмапты, 5-6 жылдан соң, амнистиямен бостандыққа шыққан. Талайды қанқақсатқан қасапшы бірнеше жылдан соң жүрек талмасынан өлген көрінеді…