Ақтан батыр өмір сүрген XVIII ғасырдың екінші жартысы мен XIX ғасырдың ортасы аралығы – қазақ тарихындағы ең бір ауыр кезеңге жатады.
1812 жылы қыс айында Хиуа ханы Мұхаммедрақым (1806-1825 жж. хан болған) өзі бастап Сырдария мен Қуандария өзендерінің бойында қыстап жатқан бейбіт елге шабуыл жасайды. Бұл өңірдегі Кіші жүздің шөмекей рулары талан-таражға түсіріліп, 100 мың қойдан, 40 мың түйеден айырылады, 500-дей қыз-келіншек тұтқынға әкетіледі. 1815 жылы Мұхаммедрақым 5000 әскерін тағы да Сырдың төменгі ағысы бойындағы қазақ руларын тонауға аттандырады. Бұл жолы Кіші жүздің шекті рулары жапа шегеді. Хиуа әскері мол олжамен кері оралады. 1816 жылы хиуалықтардың келесі жорығы тағы да осы өңірге бағытталады. Бұл жорықта тек қазақтар жағынан өлгендер саны 2000-нан асады. Міне, осындай шапқыншылықтардан кейін Сыр бойы қазақтарының бір бөлігі Хиуа ханының билігін амалсыздан мойындауға мәжбүр болады.
Хиуа ханы жергілікті халықты басқару үшін қазақ хандары әулетінің кейбір өкілдерін өз жағына тартады да, олармен қыз берісіп, қыз алысады. Ал өз билігін мойындай қоймаған сұлтандар арасында алауыздық оттарын өршітіп отырады. 1819 жылы Шерғазы ханның ұлы Жанғазыны Мұхаммедрақым Сырдың төменгі бойындағы қазақтарға хан етіп бекітеді. Шекті руларының ханы Арынғазы Әбілғазыұлының Хиуа ханына бағынбай, Бұхара ханына іш бұратынына көңілі толмаған Мұхаммедрақым оған қарсы Жанғазыны айдап салады. Өңірді өз уысында ұстап, толық бақылауда қадағалап отыру үшін Сырдың төменгі бойында бірнеше бекіністерді салады. Сол бекіністердің ішіндегі ең белгілісі – Қожанияз бекінісі (Бекініс атауының бірнеше атауы болған: Жанкент, Жанқат, Бесқала және бекіністі басқарған Хиуа бектерінің есімдеріне байланысты өзгеріп отырған) болды. Осылайша, Сыр бойы қазақтарының арасындағы берекесіздікті қоздыра отыра, Хиуа ханы өңірді өз уысында ұстап, жергілікті халықты емін-еркін билеп-төстеуге, аяусыз қанауға мүмкіндіктер алады. Хиуа ханының, оның бектерінің қарапайым халыққа жасаған зорлық-зомбылықтары күшейіп, алатын салықтары жылдан жылға арта түседі. Міне, осындай жағдайлар жергілікті халықтың ашу-ызасын туғызып, қарулы қарсылықтар көрсетуге, көтерілістер жасауға итермелейді. Осы кездегі халықтың қиын жағдайын түсінген Жанқожа батыр, Ақтан батыр және тағы басқа ел ішінен шыққан батыр тұлғалар атқа қонып, қол жинап Хиуа хандығының езгісіне қарсы шығады.
Ақтан батырдың ерлік жолын баяндамас бұрын оның шыққан тегіне тоқталып өтелік. Ол – Кіші жүздегі алты ата Әлім деп аталатын тайпалар бірлестігіндегі Қаракесек тайпасының өкілі болып табылады. Бұл тайпа өз ішінде Есіл және Тобыл (Қазантебер деп те аталады) атты екі қанатқа бөлінеді. Ақтан батыр Есіл атты тайпалық қанаттан өрбиді.Одан әрі шежіреге сүйенсек, Есілден – Үңгіт, Жолай атты бөлімдер таралады да, Үңгіт өз ішінде Табаншы, Естек және Жақау деген үш тайпалық бөлімшеге жіктеліп кетеді.Тайпалық бөлімшеге түпата болған Жақау батыр – Ақтан батырдың төртінші атасы болып келеді. Шежірелік материалдар мен ел арасында кең тараған тарихи аңыз-әңгімелер Жақауды қарақыпшақ Қобыланды батырдың қарындасынан туған жиені және өз заманында әрі би, әрі батыр болған атақты тұлға деседі. Тіпті кейбір шежірелерде оны хан деп те атайды. Бұл жерде Жақау батырдың «хан» титулын иеленуіне байланысты қысқаша түсініктеме беруді жөн көріп отырмыз. Хандық кезеңде хандар ірі шайқастарда көзге түскен, ұрыста шешуші рөл атқарған қолбасшыларға, батырларға сый-сыйапаттар беріп отырған. Қазіргі түсініктер бойынша ол марапаттау болып саналады. Сондай марапаттаудың ең жоғары түріне – хандардың өз тағына көзге түскен батырларды бір мезетке отырғызуы жатқан. Кейіннен сол батырлардың ұрпақтары мақтанышпен өз аталарын хан деп атауды дәстүрге айналдырған. Жақау батырдың да хан болуын осындай жағдайға байланысты туған деп есептейміз.
Жақау батырдың бес әйелінен Тыныбек, Жақсылық, Ноғай, Шоңай, Аман, Түмен, Қасаболат, Шой және Малайсары атты тоғыз ұл туып, олар сегіз руға түпата болып саналады. Жақау батырдың үлкені Тыныбектен – Тілес, одан Ақай, Абылай, Атан, Батыр, Сатым және Шөкір есімді аталар тарайды. Ал Ақайдан – Ақтан батыр мен Шортай туылады.
Қазақтың батырлық жырларында болашақ батырлардың дүниеге келетінін белгілі бір әулиелер, көріпкелдер немесе арқалы адамдар алдын ала болжап айтатыны белгілі. Ақтан батырдың да дүниеге келерінің алдында есімі бүкіл Қаракесек тайпасының ұранына айналған Ақпан әулие болжай білген екен. Бұл туралы ел аузында мынадай тарихи әңгіме бар: «Ақайдың бәйбішесі – Ақтанның шешесінің төбесінде шырақ жанып жүргенін көрген әруақты Ақпан батыр: «Мына іштегі тегін бала емес. Киелі бала екен, Әулиелік кереметі бір бөлек. Бүкіл Әлімнің намысын қорғайтын батыр болар. Бірақ, мен бұл баланы көре алмаспын. Әруақ қолдасын, менің жолымды берген», – деп батасын берген болатын қартайған шағында. Сөйтіп, мінген атының ерінің үстіндегі боз көпшігін: «Балаға табыс етесіңдер», – деп қалдырған екен. Ақай атамыз осы бала дүниеге келгенде «атасының батасы дарысын» дегенмен азан шақыртып Ақтан деп ат қойыпты. …Сонымен есімі бүкіл Қаракесекке ұран болған әулие Ақпан батырдың батасы дарыған Ақтанға қысылғанда ойнақшып шыға келетін киелі бұлты осы атасынан қоныпты» (Айтуғанұлы Ш. Қаракесек Ақай ұлы Ақтан батыр. Қазалы, 1997, 7 б.)
Ақтан батырдың туған жылына келсек, ол жөнінде екі түрлі пікір бар. Арал, Қазалы өңіріндегі шежірешілер мен қариялардың айтуынша ол 1770 жылы қазіргі Қызылорда облысы Қазалы ауданы Жанқожа батыр ауылына қарасты «Тілес» арығы бойындағы «Түлкіқашқан» деген жерде дүниеге келіпті. Бұл қазіргі кезде кең тараған пікірге жатады. Ал ақтөбелік өлкетанушылар мен шежірешілер батырды 1785 жылы туылған деседі (Шүкіров Қ. Әлім, Ұланақ – сұрасаң руымды Қаракесек… Ақтөбе, 2005. 43 б.). Бұл пікірді қолдаушылар сан жағынан аз болса да, онда біршама шындыққа сәйкес келетін тұстары бар. Ақтан батырдың туған інісі Шортайдың ұрпағы Жолдасбай Қошқарұлының дерегі бойынша батыр 1785 жылы дүниеге келген (Айтуғанұлы Ш. Қаракесек Ақай ұлы Ақтан батыр. Қазалы, 1997, 23-б.). Және де Ш.Айтуғанұлы Ақтан батырдың басындағы құлпытаста өлген жылы деп «1876» жылдың көрсетілгенін айтады. (Сонда. 23-б.). «Ақтан батыр» дастанында 1830-40-шы жылдардағы оқиғаларға қатысты мынадай жолдар айтылады:
«Тұлғалы адам екен Ақтан батыр,
Қылышы қынабы мен қапталда тұр.
Жетіпті ер жасына осы биыл,
Елудің есігінен аттап жатыр» (Омаров Ф. Ақтан батыр. Дастан. Мына кітапта: Шүкіров Қ. Әлім,Ұланақ – сұрасаң руымды Қаракесек… Ақтөбе, 2005, 47 б.). Тағы бір деректе 1860 жылдан кейін Жанқожа батырдың кегін қайтарған Төртқара Байқазақ батыр орыс абақтысына қамалғанда Ақтан батыр оны құтқарып алған екен.(Райымбаев К.Кіші жүз Алшын Әлім Ұланақтан (Қаракесек) бесіктегі ұлға шейін шежіре, тарих. Қызылорда, 2000, 102-б.). Осы жоғарыда келтірген ауызша дерек мәліметтері Ақтан батыр 1785 жылы туылған деген пікірдің шындықтың ауылына бір табан жақын екендігін дәлелдей түседі. Дегенменде, шындық әлі де болса ақиқат емес. Сол себепті де Ақтан батыр жөнінде болашақта жазылатын зерттеулерде бұл мәселе арнайы қарастырылып, оң шешімін табады деген ойдамыз.
XIX ғасырдың бірінші жартысында Әлім тайпаларымен бірге Қаракесек тайпасының рулары да жаз айларында Ор, Торғай, Ырғыз өзендері алқаптарында, Мұғаджар тауы маңында жайлап, қысты Сыр бойында өткізген.(Мейер Л. Материалы для географии и статистики России, собранные офицерами генерального штаба. СПб., 1865.89-98-б.б.). Алты Алаштың анасына айналған Сыр бойы қай ру-тайпаға болмасын қорған мен пана болғаны белгілі. Сыр бойындағы әрбір қыстаулар мен жайылымдарды рулар иемденіп, белгілі бір тәртіп пен жүйе бойынша ұзақ жылдар бойы қоныстанып отырған. Қаракесектердің қыстаулары Сыр мен Қуанның төменгі ағысы бойында болғанын жазба да, ауызша да дерек мәліметтері дәлелдейді. Хиуа хандығының езгісі мен бектерінің озбырлықтарын осы өңірді қыстайтын Кіші жүздің барлық рулары мен тайпалары бірдей көреді. Жоғарыда айтып өткеніміздей, Хиуа хандығының үстемдігі Сырдың төменгі бойына XIX ғасырдың 20-шы жылдарына дейін орнап болса, одан кейінгі жылдары ол күшейе түседі. Сонымен бірге қазақ ру-тайпалары арасында бірлікке жол бермеу үшін Хиуа ханы әр руды басқарып отырған төре тұқымдарын бір-бірімен, ру-тайпа билерін де бір-бірімен шағыстырып отырады. Жекелеген ру-тайпа билерін өз жағына тартып, қанау мен езгінің қолшоқпарына айналдырады. Осындай кезеңде әр ру батыры ғана өз елімен бірге болып, елінің, жұртының намысын бірлесіп қорғағаны байқалады. Оны біз Жанқожа батыр бастаған, Ақтан батыр, сондай-ақ тағы басқа ру батырлары қостаған төменгі Сыр бойы қазақтарының Хиуа хандығының езгісіне қарсы күресінен көре аламыз. Ел аузында сақталған ауызша мәліметтерге қарағанда күрестің ең шырқау шегіне көтерілісшілердің төменгі Сыр бойындағы Хиуа бекінісін талқандап, ондағы хиуалық наместник Бабажанды өлтіруі мен Хиуа ханының сол өңірге тағайындаған ханы Жанғазы төрені тұтқындауы жатады. Ақтан батыр осы оқиғаларда басты рөлдердің бірін атқарғандықтан, оған тереңірек тоқталып өтелік.
Хиуа ханының алым-салығынан басқа жергілікті жердегі хан өкілдері Жанғазы төренің, Бабажан сарттың озбырлықтары шектен шығып, батырлардың ашу-ызасын туғызады. Халықтың сол тұстағы ауыр күндері тарихи жырда былайша суреттеледі:
«…Қайыптың ұлы Жанғазы,
Хан болыпты дәріпті.
Сырдың бойын сағалап,
Көп қаланы салыпты.
Әкім қылып осы елге
Бабажан деген бір сарттың
Қолына берді жарлықты.
Біздің Алаш баласы
Бабажан сартқа қанықты.
Бабажанның қорлығы
Қазақтарды налытты.
Налытқаны емей немене,
Ақтылы қошқар, саулықты,
Үй басына салыпты.
Еріксіз қара қозыдан,
Бабажан алды салықты.
Елде жақсы мал болса,
Елде сұлу жар болса,
Елде жақсы қыз болса,
Бабажан алып сарықты.
Бастан кетіп ықтияр,
Тамам қазақ тарықты…» (Сақтағанов М. Аруағын Ақтан батыр ардақтайық. //Толқын. 4 қыркүйек 1992 жыл. )
Міне, осы жырдағы қысқаша ғана үзінді Хиуа хандығының езгісіне қарсы Сыр бойы қазақтары көтерілісінің себептерін көрсетіп отыр. Ал көтеріліске түрткі болған оқиғаға Жанқожа батырдың ағасы Ақмырзаны Бабажанның азаптап, сонан кейін мойнына тас байлатып өзенге батырып жіберуі жатады. Бұл кезде Жанқожа батыр қырда жайлауда болса керек. Болған оқиғаның анық-қанығына көз жеткізген атақты батыр өзінің қарулас серігі, әрі үзеңгілес досы Қаракесек Ақтан батырға, басқа да ру-тайпа батырларына хабар жіберіп, күзге қарай Бабажанның бекінісін талқандауды, өзін өлтіруді жоспарлайды.
1842 жылдың күз айларының бірінде Ақтан батыр өзінің 2000-дай жасағымен уәделескен жерге келеді. Бір күн ерте келген батыр Жанқожа батырдың жігіттерін күтетін болса, Бабажанның қарулы әскері қамал бекіністерін нығайтып алатынын сезіп, қарсыласына ес жиғызбай бірден ұрысқа түседі. Қамалда бекініс әскерінен басқа көмекке келген хиуалықтардың 200-ден аса мылтықпен қаруланған сарбазы болған екен. Шамасы алғашқы шабуылға хиуалықтар мылтықпен оқты қарша боратып төтеп берген сияқты. Сол кезде Ақтан батыр қаһарына мініп ашуланғанда шайдай ашық аспанды кенеттен қара бұлт жабады да, нөсерлетіп жаңбыр құйып береді. Қамал ішіндегі хиуалық әскерлердің білтелі мылтықтары ылғалданып атылмай қояды. Бозтайлақ атты атымен Ақтан батыр қамал сыртындағы ордан қарғып өтіп, бекіністің ішіне енеді. Батырдың жасақтары да «Ақпан» ұранымен арқаланып, қамалдың ішінде ұрыс салады. Көп ұзамай-ақ жау әскерлері мардымды қарсылық көрсете алмай, жеңіліс табады. Бабажан болса баласын артына мінгестіріп алып, қашуға тырысады, бірақ мінген аты орға құлап, қазақтардың қолына түседі. Осылайша, Хиуа ханының төменгі Сыр бойындағы әскери бекінісі, әрі тірегі болған қамал алынып қиратылады. Қаракесек жасақтары ұрыс барысында жауынның жаууын батырдың керемет қасиетінен деп, ол жөнінде кейінгі ұрпаққа небір әңгімелерді жеткізеді. Бекініс ішінде өзін хан санап жүрген Жанғазы төре қолға түсіріледі. Осыған байланысты ел арасына кең тарап кеткен мынадай жыр жолдары бар:
«Әлімде бір батыр бар аты Ақтан,
Ол Ақтан Сыр мен Қырға болған мақтан.
Жауына Жанқожамен қатар шауып,
Ұшырған төрелерді алтын тақтан».
Келесі күні Жанқожа батыр келгенде шайқас бітіп, қамал алынып болған болатын. Досына әбден риза болған Жанқожа:
– Ақтан келді қасыма,
Ақ күн туды басыма – деген өзінің жиі айтатын сөзін қайталапты дейді.
Бұл оқиға Ақтан батырдың батырлық қасиеттерін көрсететін бір ғана дәлел. Бұдан кейінгі Жанқожа, Ақтан батырлар бастаған көтерілісшілер Қуандария бойындағы келесі бір хиуалық бекіністің тас-талқанын шығарады. 1845 жылы Хиуа ханы Төменгі Сыр бойындағы көтерілісті басу үшін және қиратылған бекіністерін қалпына келтіру үшін мұздай қаруланған 2000 әскерін аттандырады. Ақтан батыр өз жасағымен Жанқожа батырдың басшылығы арқасында хиуалықтарға тойтарыс береді. Жеңіліске ұшыраған жау мақсаттарына жете алмай кейін оралады.
Ақтан батыр тек Хиуа ханына қарсы емес, сонымен бірге Кенесарының шақыруына үн қосқан Жанқожа батырмен бірге тізе қосып, Сырдың орта ағысы бойындағы Қоқан бекіністерін де қиратуға атсалысады. 1844 -1847 жылдары осы өңірдегі Жаңақорған, Күмісқорған, Шымқорған, Қосқорған секілді қоқандық бекіністерге жасалған шабуылдарға өз жасағын басқарып қатынасады. Бұл деректердің бәрі Ақтан батырды қолбасшылық қасиеттерімен бірге, XIX ғасырдың бірінші жартысындағы Сыр өңірі қазақтарының Хиуа, Қоқан хандықтарының езгісіне қарсы ұлт-азаттық қозғалыс жетекшілерінің бірі деңгейіне көтереді деп нық сеніммен айтуға болады.
Ел ішінде кең таралған ауызша материалдар Ақтан батырдың керемет қасиеттерімен бірге әділ, турашыл және елдің бірлігі мен тұтастығын сақтауды мақсат еткен кемеңгер би болғандығын да көрсетеді. Оның мұндай қасиеттерін мынадай деректер дәлелдейді.
Жанқожа батыр Хиуа бекінісі талқандалғаннан кейін ханның қолшоқпары болып қара халыққа тізесін батырғандарды жазалай бастайды. Бабажан сартқа өлім жазасы кесіліп, ол бірден орындалады. Ал Жанғазы хан мен Раманқұл, Айбосын және Тәбекен деген шектінің үш биіне «халқын сатқан сатқындар» деген айып тағып, оларды да өлтіруге бұйырады. Осы мәселеге байланысты бас қосқан кеңеске қатысушылардың бәрі Жанқожаның айбары мен айбатынан ыққандай боп үндемейді, яғни келіскендей сыңай білдіреді. Ал Ақтан батыр болса бұл жазаның арғы-бергі жақтарын ой елегінен өткізе келе, оның ел ішіне іріткі тудырып, ынтымақ-бірлікке зиян келтіретінін көре біледі де, Жанқожа батырға мынадай ақыл айтады:
– «Батыр, сен абыройлы жеңісіңнің үстіне мына үш адамды шақыртып алып өлтіремін дегеніңді қой. Егер сен ол үшеуін өлтірсең, ізіңе еріп жауыңды жапырып жүрген мына халқыңды өзіңе қарсы қоясың. Қарсы қойдың дегенше абыройыңнан да, беделіңнен де айырыласың. Сосын халқың теріс қарайды да ізіңе ермейді. Қайта сен халықты өзіңе тартып, оған жақындай түс. Бұдан да былай халықтың алдында абыройың мен беделіңді сақтаймын десең, Раманқұл мен Айбосыңды, Тәбекеңді өзің өлтірмей, олардың үшеуін де өз руларының билігіне бер. Оларға жазаны өз рулары берсін және оларға қандай жазаның лайық екенін өздері шешсін. Сондықтан Раманқұлды Құрманай мен Құттықтың, Айбосынды Асанның, Тәбекеңді Әйдербектің билігіне бер. Сонда сен де, басқалар да халықтың өкпе-назасынан аулақ боласыңдар. Халық сол кезде саған да, басқаларға да ренжімейді. Қайта абыройың арта түседі. Елің сонда маңайыңа үйіріліп, бұдан да гөрі өзіңе жақындай түсері анық» – деп Ақтан сөзін аяқтайды» (Айтуғанұлы Ш. Қаракесек Ақай ұлы Ақтан батыр. Қазалы, 1997, 14 б.). Ақтан батырдың бұл кеңесі Жанқожа батырға ұнап ол бұрынғы райынан қайтады да, үш биді жазалауды өз руластарына береді. Сөйтіп бабамыздың кемеңгерлігі арқасында онсыз да ішкі бірлігі онша болмай тұрған ру-тайпа арасындағы дау-жанжалдарға жол берілмей қалады. Ақтан батырдың ел арасындағы татулықты, ынтымақ пен бірлікті сақтауға қатысты осындай айтқан ақыл-кеңестері туралы тарихи аңыз-әңгімелерді көне көз қариялар мен шежіре-тарихты жақсы білетін жергілікті өлкетанушылар жиі айтып отырады.
Ақтан батырдың іс-әрекеттері оның досқа адал болғандығын дәлелдейді. Төртқараның батырларының бірі – Байқазақ батыр Жанқожаның талай жорықтарына қатысқан адам екен. Ақтан батырмен де жақсы сыйласта болыпты. Жанқожа батырды өлтіргендерден кек аламын деп Байқазақ батыр орыс әкімшілігінің құрығына ілініп, Елек абақтысына қамалыпты. Досының қиын жағдайға түскендігін естіген Ақтан батыр түрмеге шабуыл жасап, Байқазақты босатып шығарады. Сонда батырға риза болған Байқазақ: «Аузынан арыстанның алып шықты, қатын туса ұл тусын Ақтандай-ақ!» – деп қарулас досына әбден риза болған екен (Райымбаев К. Кіші жүз Алшын Әлім Ұланақтан (Қаракесек) бесіктегі ұлға шейін шежіре, тарих. Қызылорда, 2000, 102 б.).
Ақтан батыр өмірінің соңғы кезеңін Сыр бойында емес, Ырғыз, Шалқар жағында өткеріп, сол жақта қайтыс болады. Оның туған жылына қатысты екі пікір болса, өлген жылы жөнінде де сондай. Кең тараған пікірге – 1854 жыл жатса, екіншісі деп – 1876 жыл айтылады. Біздің ойымызша, соңғы пікір дұрыс секілді. Оның бейіті Ақтөбе облысындағы Берсүгір станциясынан 30-35 шақырымдай жердегі «Тебенсай» деген сай жағасындағы «Ақтан-Садық» қорымында. Осы жерде Ақтан батырдың не себепті төменгі Сырдан көшіп, Ырғыз, Мұғаджар жағына кетуіне жауаптар іздеп көрелік. Біздің ойымызша оның бірнеше себептері бар сияқты. Бірінші себепке – 1847 жылы хиуалықтардың Қуаңдарияның жоғарғы жағында бөгет салып тастауына байланысты өзеннің төменгі жағындағы Ақтан батыр ауылдарының өмір сүруіне қиыншылықтардың тууы, екінші себеп – Хиуадан төніп тұрған қауіп-қатерлер, үшінші себеп – 1856 жылғы Жанқожа батыр көтерілісінің жеңіліске ұшырауына байланысты орыс әкімшілігінің қысымшылықтары болса керек. Ақтан батыр Ырғыз бойына қайтыс боларынан 15-20 жылдай бұрын көшіп келгенге ұқсайды. Оған дәлел ретінде сол өңірде Ақтан батырдың есіміне байланысты «Ақтан сайы», «Ақтанның қыстауы», «Ақтанның құдығы», «Ақтан шыңы», «Ақтанның ақ жоңы», «Ақтан көңі» деген жер атауларының сақталып қалуы жатады. Мұндай жер атауларының сол өңірде ұзақтау қоныстанғанда ғана пайда болатындығын дәлелдеп жатуды артық деп санаймыз.
Енді бір-екі ауыз сөз – Ақтан батырдың ұрпақтары туралы айта кетелік.
Шежірелерде батырдың Ес және Айғасқа есімді екі ұлы болғандығы айтылады. Әкесінің батырлығы мен керемет қасиеті үлкен ұлы – Еске дарыпты. Естен Көпен атты ұл туып, ол сал-сері болған екен. Екінші ұл – Айғасқадан – Жәнібек, Мейім есімді ұлдар туылады да, олардың әрқайсысы өз ішінде бірнеше аталарға жіктеліп кете береді. Қазіргі таңда Ақтан бабамыздың ұрпақтары Ақтөбе облысының Шалқар ауданында, Қызылорда облысының Арал ауданында тұрып жатыр.
Ақтан батырдың есімі туған халқына егемендігіміздің алғашқы күндерінен бастап қайта орала бастады. Өткен ғасырдың 90-шы жылдарындағы тарихи тұлғаларымызбен қайта қауышу кезінде батыр бабамызға арналған бірнеше игілікті істерді Арал, Қазалы, Шалқар өңірлерінің азаматтары жүзеге асырды. «Тебенсайдағы» батыр бейіті жаңғыртылып, күмбез салынса, Ақтан батырдың есімімен елді-мекендер мен кенттердегі көшелер көптеп атала бастады. Бірақ әлі де болса батыр баба ұрпақтарымен толық қауыша алмай жатқан секілді. Өйткені оның өнегелі өмір жолы, халқына сіңірген еңбегі, артында қалдырған өсиет сөздері қазіргі ұрпақ үшін, халық үшін ауадай қажет екені байқалып тұр. Бабамызбен толық қауышу үшін оның рухани мұраларын толық жинастырып, өмірін зерттеу керек. Сонымен бірге Ақтан бабамызға қатысты ауызша, жазба дүниелердің бәрін жеке кітап түрінде басып шығарса – нұр үстіне нұр болар еді. Сонда ғана біз бабалар аманатына адалмыз деп айтқан болар едік.
Берекет Кәрібаев,
әл-Фараби атындағы
Қазақ Ұлттық университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты