Орыста Александр Петрович Апраксин деген шалдуар шенеунік, қатынқұмар тиран һәм атақсүйгіш тоңмойын өткен.
Сол кәрі төбет бір күні патша сарайында жүріп, І Петрдің бойжетіп келе жатқан қызы Анна ханшайымға кезігіп қап, табан астында «махаббаты» ояна кеткен ғой. «Патшаның қызын қатын қылсам, болашақта патша тағына отырып қалармын» деп ойласа керек.., қылышын қынынан суырып алып, ұшын кеудесіне тақап, сабын жерге тіреп, өзі тізерлеп тұра қалған ғой. Жәй тұрмай, «Уа, сұлу ханшайым! Егер менің саған деген ынтықтығыма мән бермесең, онда мен өзімді дәп қазір өлтіріп тастаймын!» деп, міңгірлепті.
Ішкені алдында, ішпегені артында, қамсыз өскен ханшайым не десін?! «Өлмесең, өмірем қап! Бір топас болса да азая түседі!» депті де, дәліз бойындағы кездескен бір бөлмеге кіріп, кете барыпты.
Апраксин байғұс өкпесі сыр-сыр етіп, орнынан әзер тұрыпты да, тізесінің шаңын қағып, қылышын қынына сап.., беті ауған жағына маңып жүре берген көрінеді…