Ақирек, Ақбайды о заманда Айдарбек бабамызбен бірге қарақалпақтың ірі шонжары қатар жайлап отырған кезең екен ол. Бабамыз үнемі төрт түлік малының көптігінен жер иесі қарақалпақ байына жағдай айтып, малына өріс сұрайды екен. Ақысына малдай салық төлейді. О кездері жер бірінші байлық саналған. Малың көп болғанмен, жерің болмаса, оны қайда сыйғызасың, қайда жаясың?
Жылда көктем шыға Торғай, Ырғыз бойына төрт түлік мал қамымен көшіп, күзге салым Ақирекке оралатын бабамыздың жер сұраудан әбден ығыры шығады. Өйткені, жыл сайын қарақалпақ байы жеріне мал жайғаны үшін бабамыздан салық есебінде мал алып отырады екен. Сонан күндердің бір күні батыр баба Татыран, Алтынбай, Күлік, Ардана атты төрт ұлымен олай ақылдасады, былай ақылдасады, мақсат қарақалпақтан қалайда түпкілікті мал жайылымына көлемді жер алу болатын. Сөйтіп, бабамыз төрт ұлына өзінің көкейінде көптен жүрген әлгі мәселесін ұсынады. Бірақ, оны қалай, қайтіп жүзеге асырмақ?
Енді бар мәселе жерді мәңгілікке алуға тіреледі. Төрт баласы күшпен тартып аламыз десе де, батыр оған қия бастырмайды. «Болмайды, кейін дау болады. Сондықтан, біз мәңгілік жер иесі атану үшін қарақалпақтан малға айырбастап сатып алуымыз керек» дейді. Төрт баласы «ойбай, осынша жерді сатып алуға түгіміз жете ме?» деп бас шайқасады. Сонан, ұзақ ойланған бабамыз ертеңіне бәйбішесіне «үлкен ақ киіз басыңдар» деп, дереу тапсырма береді. Көп ұзамай көлемді киіз дайын болғанда, төрт баласын шақыртып, төртеуін соның үстіне жайғастырады. Сөйтіп, киіз үстіндегі төрт ұлының отырысын өзі сырттай бақылайды. Бір қызығы, шамадан тыс үлкен киізді көшіп-қонып жүргенде екі түйеге қатар артады екен.
Сонымен, төрт баласы ержеткенде «мен қарақалпақтың жерін сатып аламын. Әйтпесе, өрісіміз малға тар, мал көп» деп, балаларына сауал тастайды. О кездері бабамыз Ақиректің басын жайлап отырады екен. Сонан қарақалпақты алдыртып «саған жылда салығыңды төлеп отырмын, қарызым жоқ, малға сатып аламын, қанша мал сұрайсың» дейді. Қарақалпақтың байы қона жатып «малға келістім» дейді. Дейді де, өзі адамдарымен ақылдасып «бұл Айдарбек батыр екі жүз бас малға сұрап тұрған шығар жерімді» дейді. Сөйтіп, «үлкен шұңқырды малға толтырып берсең, келісемін» деп міз бақпайды. Айтқан шұңқырының о шеті мен бұ шетіне көз жетпейтін орасан көлемді екен. Бұл 1992 жылы Жанқожа батырға ас берілген үлкен шұңқыр болатын. «Жарайды, осы талабыңды орындап, көп мал берсең, осы жерден дарияға дейінгі жер сенікі. Ар жағы менікі» деп келісімге келетінін аңғартады. Бабамыз төрт баласымен ақылдаса келе, қарақалпаққа «мақұл» деседі. Бұл шұңқырға мал толтыру кез келген байдың қолынан келмесі анық еді. Бабамыз болса да өте малды, дәулетті адам болғандықтан, балаларына о жақ, бұ жақта аяғымен жайылып жүрген малдарын түнімен айдатып әкеліп, әлгі шұңқырға құлатқан көрінеді.
Таңертең уәде бойынша бабамыз қарақалпақтың байы екеуі қазан шұңқырға келсе, жер қайысқан төрт түлік мал иін тіресіп тұрған екен. Сол кезде балалары Айдарбек батырға «әке, сонда осынша малды бергенде өзімізде не қалады, не істейміз?» десе керек. Бабамыз сонда «келешек жерде, мал басқа бітеді» депті. Сөйтіп, қарақалпақпен «мал — сенікі, жер — менікі» деп бата алысады. Сонан кейін, қарақалпақ байына «сен енді бір ай біздің ауылда қонақ боласың, арамызда ешқандай өкпе-реніш болмау керек» деп айтылған мерзімде төбесінен жай, төрінен орын береді. Қатты риза болған қарақалпақ бабамызбен қимай қоштасады.
Кең-байтақ жерге еге болған бабамыздың баяғы үлкен киіздің үстіне төрт баласын отырғызып сырттай сынағандағы ойы, әрқайсысының тіршілік бейімін, ой-өрісін, кісілік деңгейінің шама-шарқын білу екен. Солайша, үлкен ұлы Татыранды Жаңақұрылыс жаққа, Күлікті теңіз бетке, Ардананы Шөмішкөл, Тастүбекке жайғастырады. Себебі, Ардана қай жерге егелік етсе де, пісентті баласы екен. Ал, Алтынбайға ата қоныс Ақиректі аманат еткен көрінеді. Алтынбай тұғырлы болған екен.