Саяси процес туралы ұғым

 

 

Саяси процес туралы ұғым
Саяси процесс ұғымы кең және тар мағынасында қолданылады. Кең мағынасында ол қоғамның саяси жүйесінің уақыт пен кеңістікте дамып, жұмыс істеуін білдіреді. Тар мағынасында түпкілікті нақты нәтижеге жеткен белгілі бір көлемдегі процесті көрсетеді. Мысалы, қайсыбір партия не қозғалыстың қалыптасуы, сайлаудың өткізілуі, басқарудың жаңа құрылымының дүниеге келуі және т.с.с.
Қоғамдық өмір, оның ішінде саяси сала-өте күрделі құбылыс. Онда өмір сүріп жатқан топтарды, жіктерді, ұйымдардың мақсат-мүдделері кейде қабысып, кейде келіспей, шырмалып жатады. Соған орай күн сайын көптеген өзгерістер болып, бір саяси нұсқаулар дүниеге келіп, екіншілері өз күшін сақтап, үшіншілері өшіп дегендей, өзгеріп жататыны белгілі. Осындай саяси жүйенің бір қалыпты жағдайдан екінші жағдайға келіп, ауысуын, өзгеруін, қозғалысын саяси процесс дейді. Бұл процесс саяси деп аталғандықтан ондағы өзгерістер ең алдымен билікке, оны бөлу және қайта бөлуге, азаматтарды шешім қабылдауға, басқарушылардың қызметін бақылауға және т.с.с. жұмылдыруға, халықтың саяси белсенділігін арттыруға байланысты болады. Жалпыұжымдық мақсат-мұратты анықтауға, қалыптастыруға ресми органдар, билік институттары, кәсіподақтар, бейресми ұйымдар, ақпарат құралдары және т.б. қатысады. Бірақ мұнда басты рөлді жоғарғы мемлекеттік билік институттары атқарады. Себебі, саяси шешімдерді қабылдап, іске асыратын негізгі тетік солар. Биліктің шоғырлану дәрежесі, саяси дамудың мақсат-мұратын айқындауға қатысатын топтардың арасындағы өкілеттілікті бөлу мәселелері олардың іс-әрекетіне байланысты.
Ұсақ саяси қарарлар күн сайын шығып жатады десе де болады. Ал көпшілік жұртты қамтитын ірі саяси шешімдер, құжаттар (Конституция қабылдау, сайлау, референдум өткізу сияқты) қоғам өмірінде сирек кездеседі. Оларды дайындауға, өткізуге көптеген адамдар тартылып, үлкен оқиғаға, саяси белеске айналады.
Саяси процесті ұйымдастыру түпкі ой, ниет, идеядан басталады. Кейін оны атқарушы субьект (үкімет,саяси серке т.т.) процестің теориясын немесе тұғырнамасын жасайды. Мұнда ең алдымен мақсат таңдалады. Мақсат түпкілікті мұрат ретінде және жақын арада нақты нәтиже берерлік, жетістікке жеткізерлік болуы мумкін. Осыған орай саяси процесті орындау, жүзеге асырудың құаралдары, тәсілдері қарастырылады. Қанша уақыттың көлемінде іске асыруға болады, қанша адам, кімдер қатынасады т.т. ойластырылады. Орындаушылардың алға қойған талаптарына жауап бере алуымен қатар, олардың жеткілікті қаржылары болуы керек.
Саяси процес-күрделі құбылыс. Ол күнделікті өзгерістерден бастап, қоғамның саяси жүйесінің түбегейлі өзгерісіне дейінгі аралықты қамтиды.
Саяси жүйені тұтас алсақ, оның даму процесін төрт сатыға, кезеңге бөлуге болады.
1.Саяси жүйені конститутцилық тұрғыдан айқындау. Ескі саяси жүйенің орнына жаңасы келгенде, ол бұрынғы мемлекеттік билікті ауыстыруы немесе оған дейінгі саяси-құқықтық құрылымдарды жаңарған жайға бейімдеуі мүмкін. Егер көпшілік жұрт жаңа жүйені мойындап, қолдаса, оның легитимді болғанын білдіреді. Мұндайда саяси жүйе өзін өзі қалпына келтіретін жағдайға келтіретін жағдайға жетеді.
2. Саяси жүйенің өзін өзі жаңартуы. Бұлда күрделі құбылыс. Жеңіске жеткен жүйе, бір жағынан, ескінің орныққан элементтерін, ұйымдарын қайта жұмыс істетеді, екінші жағынан, жаңартып өзгереді, жетілдіреді. Жаңа саяси қатынастармен инститтутар құралады, саяси ережелер мен қазыналар, нышандар пайда болады.
3.Саяси-басқарушылық шешімдерді қабылдау және жүзеге асыру. Қоғамдағы әр түрлі адамдардың топтардың, таптардың, бірлестіктердің қажеттіктері, мақсаттары сан қилы, бірталай жағдайда қарама-қарсы келіп жатады. Билеуші элиталар, партиялар өздерінің оппозициялық қарсыластарымен тіл табысып, бұл қайшылықтарды дер кезінде байқап, асқындырмай, реттеп, халықтың талап-тілектерін мен мүдделерін үйлестіріп, қоғамның тұтастыған, тыныштығын, тұрақтылыған сақтап, соған жағдай жасауы керек. Бұл саяси мәселе батыстың көптеген елдерінде биліктің әр тармағының (орталықтағы не жергілікті жерлегі болсын) өз алдына бөлек сарапшы кеңесшілері көмекші топтары және т.б. ақыл кеңес беретін құрылымдары болады.
4. Саяси жүйенің жағдайы мен іс-әрекетін бақылау. Оған саяси жүйе мен саяси процеске қатысушылардың, элиталардың жұмысында алға қойған бағдар, мақсат-мүддеден ауытқушылықты, жаңсақ басушылықты түзету, қорытынды жасау кіреді.

Қоғам дамуының мақсатын айқындап, оны жүзеге асырушы билеуші тіртіп саяси процестің сипатын да білдіреді. Оны үшке бөлуге болады.
1. Саяси тәртіптің қайталанып жұмыс істеуі. Мұнда саяси процесс басқарушылар мен сайлаушылар, азаматтар мен мемлекет арасындағы қалыптасқан қатынастарды сапа жағынан айтарлықтай өзгертпей, күнделікті орнына келтіріп, құр қайталайды. Яғни, мемлекет үйреншікті қалпында, әдеттегі ырғағында қызметін жүргізе береді. Онда саяси субъектілердің іс-әрекетінде жаңашылдық, өзгерістен гөрі дәстүр мен саяси сабақтастық басты рөл атқарады.
2. Саяси тәртіптің дамуы. Ел ішіндегі және халықаралық аренада саяси күштердің ара салмағында немесе әлеуметтік құрылымда өзгерістер болуы мүмкін. Басқарушы органдар өмірдің бұл жаңа талабын байқап, өз жұмысын соған орай бейімдейді. Саяси даму биліктің жоғарғы және төменгі сатыларының өзара әрекеттестігімен, сан қилы ағымдар мен үрдістердің күресімен қоса қабаттаса жүреді. Мұның бәрі әлеуметтік және саяси құбылыстарды сәйкестендіруге жәрдемдеседі.
3. Саяси тұтастықтың құлдырауы және ыдырауы. Бұл жағдайда саяси процестің даму бағыты саяси жүйенің тұтас өмір сүруіне келеңсіз әсерін тигізеді. Кірігу, жинақталудың орнына саяси субъектілердің бөлшектену үрдісі басымдық алады. Билеуші тәртіптің ыдырауы күмән тудырмайды. Оның шешімдері басқару қабілетін жояды. Мұндай процеске Еуропа және Азия аймақтарындағы бұрынғы социалистік елдердің құлдырауы, ыдырауы тағдыры толық мысал бола алады.
Сонымен, саяси процесс деп әлеуметтік қауымдастықтың, саяси ұйымдар мен топтардың, белгілі бір саяси мақсатқа жету үшін бірігіп жасаған іс-әрекетінің нәтижесінде қоғамның саяси өмірінің бір қалыптан, жағдайдан екінші жағдайға келіп ауысуын, өзгерісін, қозғалысын айтады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *