Бір жамбас


Жас жамбасын болмаса сүр жамбасын,
Асқан жан да сезеді бұлданбасын.
Төрге таман көсіліп отыр ағам,
Сыбағасын жегелі «бір жамбасын»
Қариялар азайып көңіл қошы,
Сыңар күннен сор түнеп жүргенде осы.
Қияқ мұртын саусақпен тарап қойды
«Орнында бар оңалар»деген де осы.
Сыпайы жан бәрінен бөлек епті,
Берекеге ауылды бөлер көпті.
«Бірі жілігін» жегелі жүрген шығар,
Жеңгеміз де желпілдеп ере кепті.
-Тойынды жаңа жинап мал да қоңды,
..Ұсталмады қосақтың басы да оңды.
Үй-ішіме бірдеме беріп жатты,
«Ала жаздай жәйіміз осы болды»
Асыл жеңгем көңілдің білген жәйін,
Толысады өзіңмен іргем дәйім.
Орталау ғып қанарға салған екен,
Ұсыныпты «бір піскен құрт пен майын»
Пиғылыңды ғана осы жыр қылайын,
Ойламаған құзғындай құлқын жәйін.
Ырғап-жырғап баяғы біз отырмыз,
«Бір піскен» жеңгемнің жеп құрты майын.
Алдыға ет те келді жасап толық,
Кәдімгідей дәстүрмен жасап қойып.
«Жеп турайды пышағы бар сүйгенін»
Қара кесек майымен асап қойып.
Сұрамақ ем қыр жәйін осы нақтап,
Әр ненің басын шалып отыр аттап.
Алдына келген майлы жамбасты алып,
Атамша кесті қия жапырақтап.
Әр тарапты қиял да кезді бұрын,
Баяғы өткен күнді сезді кімің.
Табаққа емес ал көзім алдыменен,
Түсті тап өткіріне кездігінің.
Өкпеледің бәрібір кейідің не,
Не түседі соншалық кейі күнде.
Тарықпай да тарылмай жүре берсең;
Құдай сенің бермей ме пейіліңе…

Жанат Боқашұлы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *