Алтайдың жері жерұйық

Алтайдың жері жерұйық,

Алқабы байтақ көрікті-ақ.

Ақ бас шың қарға көміліп,

Асқары тұрған шарықтап.

Асқақтап биік айбыны,

Арайлап атқан таңдары.

Алтайдың артқан байлығы,

Асуын асқан аңдары.

Арғымақ біткен тұлпары,

Ақиық ұшқан көгінде.

Ақ мамық, ақша бұлттары,

Ақ нөсер болып төнуде.

Ақтарып сырын төгеді,

Арасан тектес сулары.

Ақ бұйра толқын өзені,

Арнасын кере тулады.

Ауасы әтір аңқиды,

Ақ толқын шолпып көлдерін.

Айдында аққу шалқиды,

Аңсарын ұрлап өзгенің.

Ардақты Алтай мекенім,

Айбары болған алаштың.

Атыңды алқап өтемін,

Асқағым Алтай ғажапсың.

Арман мен мұрат теңелген,

Алтайым сенде сән, көрік.

Ағытып бұлтын көгеннен,

Аспанға жапқан сәлде ғып.

Аңқыған жұпар жусаны,

Аңсатып бойға тарайды.

Алтайдың алтын құрсағы,

Асыл ғып туған талайды.

Айы мен күні баталы,

Аямай нұрын таратқан.

Алланың түсіп шапағы ,

Артықша қылып жаратқан.

Асылдың болған сынығы,

Алтайым менің тым асқақ.

Алтыннан болған тұғыры,

Айтамын алқап мадақтап.

Аялы бесік Алтайым,

Анасы болған тектінің.

Асқақсың маған әрдайым,

Асқан жер сенен жоқ бүгін.

Ақынның болған шумағы,

Адаққа лайық есімің.

Алаштың болған шын бағы,

Алтайым алтын бесігім…

Ақтан Әленханұлы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *