Үндемеу…

Бір күні үндемей отыруды үйрендім. Үндемей отырғанда сағаттап еш үн қатпай отыра алатын болдым. Не үшін дейсіз бе? Өйткені сол кездегі кішкентай әлемімде әкеммен тек қана осылай бір бірімізді түсінетінбіз. Әкем жұмыстан үнемі шаршап келетін. Үйде күні бойы отыратын менің ішім пысып, оның келуін сабырсыздана күтетінмін. Ол есіктен кіре бере мойнына асылып, менімен ойнауын қалайтынмын. Әкем маңдайымнан сүйіп, иіскейді де “Ботақан, бөлмеңе барып ойна”, – дейтін. Содан кейін әкемді тек қана анамның “Кешкі ас дайын, дастарханға келіңдер”, – дегенінде көретінмін. Дастархан басында анам екеуінің әңгімелеріне қыстырылысып, олармен бірге жарыса сөйлеу арқылы өзіме көңіл аудартқым келетін. Әкем ашуланатын: «Күні бойы адамдардың айқай-шуынан шаршап келемін, оған қоса сен миымды шірітпе!!» – дейтін. Анам да маған «Күні бойы сенімен әлек болдым, әкеңмен бір-ауыз сөз айтқызбайсың ба не?» – деп ұрсып, мені қайта өз бөлмеме жіберетін. Амалсыз, көздерім жасаурап бөлмеме кететінмін. Әкем артымнан: «Біздің заманымызда жеке өз бөлме деген ұғым да болмайтын, мына балаға бәрін бердік, тағы не жетіспейді осы … түсінбеймін», – деп ызасын баса алмай ұрысатын. «Шіркін, жеке бөлмем болмаса ғой, шіркін, үйіміз бір бөлмелі болса ғой – бәріміз үнемі бірге болсақ қой», – дейтінмін ішімнен.

Кешкі астан соң әкем диванға жайғасып, теледидар қарайтын. Кейде мені шақырып біраз еркелететін. Сол сәтте теледидардан әкем үшін маңызды бір нәрсе көрсетіп қалса, сөйлегенді былай қой, қимылдауыма рұқсат етпейтін. Жүгіріп ойнағым келсе, дереу “өз бөлмеңе бар” сөзін еститінмін. Сондықтан мен үндемесем әкеммен жақсы түсінісетіндей болдым.

Сол кезден бері сөзді қажет етпейтін ойындар ойлап табуға тырыстым. Сурет сала бастадым. Әкем мен салған суреттерді ұнатып: «Осылай тыныш қана ойнасаң болады ғой», – дейтін. Суретпен байланысты сұрақтарыма әкем толық жауап бермей, көз қырымен ғана қараса да, енді бөлмеге барып ойна демейтін болды. «Соңғы күндері ұлым сондай тәрбиелі болып жүр, ақыл кірген-ау», – деп айтатын анам көрші-таныстарына.

Суреттер көбейген сайын бөлмені таза ұстау мүмкін еместі. Анам «Бөлмеңді жина!» – деп бөлмеме қамап тастағанда, жинауды неден бастарымды білмей қалатынмын. Уақыт өтсе де, бөлмемді реттей алмай қиналатынмын. Анам бөлменің әлі жиналмай тұрғанын көріп «Сурет салуыңа тыйым саламын», – деді бір күні. Үндемегенімді тәрбиелігім деп түсінген ата-анам суреттерімді да қолымнан алса, мен не істеймін?!

Осыны біраз ойлап, ойымдағыны қағаз бетіне түсірдім. Әкем жұмыстан келген кезде, онымен сөйлесуге ыңғайлы уақыт іздедім. Әдеттегідей кешкі асымызды іштік, бәрі өз ісімен айналысты. Әкем теледидар басына отыра бергенде, оған салған суретімді көрсеттім. Әкем суретке қарап «Өте жақсы салыпсың. Бұл адам мен болармын», – деді. Мен «Жоқ, ол адам – менмін, ал сіз мына кішкентай баласыз», – дедім.

Ол «Жоға, бұл адам менмін, сен мына кішкентай баласың, ал қасындағы қыз – досың», – деді. Мен қайтадан «Жоқ, үлкен адам – менмін, сіз суреттегі кішкентай баласыз, қасыңыздағы қыз – анам», – дедім. Әкем менімен таласудан жалығып: «Солай-ақ болсын бізді неге кішкентай етіп салдың?» – деп сұрады. Ойымдағыны түсіндіре бастадым.

Мен есейгенде үлкен адам боламын. Жұмыс істеймін. Сіздер қартайып кішіреесіздер. Омыртқаңыз қисайып, көрші Доғдырбай ата мен Мариям апа сияқты кішкентай боласыздар. Мен жұмыстан үйге шаршап келетін боламын. Сіздер менімен сөйлескілерің келген кезде, жұмыста да басым қатқандықтан сіздерді естімейтін де боламын. Сіздер менімен қызықты бір әңгімелеріңізді бөліскілеріңіз келген кезде, мен ‘Түүү, бөлмеңізге барыңызшы, сәл демалайын,» – дейтін боламын да «Барлық нәрселерін сатып аламын: тамақ, киім … жайлы бөлмелері де бар. Осы не жетіспейді осыларға – түсінбеймін’ деп ашуланатын боламын.

Ата-анам маған сенбеушілікпен қарап, көздері жасаурап тұрды. Естігендеріне сене алмай тұрды. Сосын мені қатты құшақтап, иіскеп, бетімнен сүйе бастады. Қанша сөйлесем де мені аяғына дейін тыңдайтын болды. Бірінші рет.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *