Өте жақын екі дос болған екен. Біреуі – Берік – елгезек әрі пысық болса, екіншісі – Серік – ұялшақ әрі момақан болады. Берік – кедей, Серік болса ауқатты отбасынан шыққан болады. Бірақ кедей-бай демей екі дос туған бауырдай бір-бірін жақсы көреді. Серік барлық нәрсесімен Берікпен бөлісіп өседі. 7 жасында басталған достықтары университетке түскен жылдары да жалғасады. Бір күні Серік бір қызды ұнатып соған үйленбекші болады, ұялшақ болғаннан сезімдерін аша алмай жүргенде, Берік жаңағы қызға сөз айтып, үйленіп алады. Серік мұңайып қалса да, достықты жоғары көріп, ешнәрсе білдіртпейді.
Университеттің соңғы жылдарында Серіктің ата-анасы жол апатына ұшырап, қайтыс болады. Серік қайғы ішінде біраз уақыт жұмыс таппай қалады. Қаржы жағдайы күрт өзгереді. Берік болса жақсы жұмысқа орналасып, лауазымды қызметте болады. Серік досының қасына барып көмек сұрауды қанша ойласа да, олай істеуге батылы да намысы да бармайды. Одан әрі ақшасыздыққа шыдай алмай, соңында досының офисіне барады. Офистегі хатшы қыз Беріктің орнында жоқ екенің, кейін хабарласуын сұрайды. Ертеңіне барса да тура осындай жауап алады. Ақырында хатшы қыз оған Берік жазған хатты ұстатады. Хатында Берік досына көмектесе алмайтынын жазады. Серік жаман күй кешеді. Көшеге шығып естігендеріне сене алмай мұңайып жүреді. Бір кезде Серіктің қасына жасы үлкен кісі жақындап “Балам, ауыр науқасым бар. Кедей болғаным үшін дәрі ала алмай жүрмін”, – деп Серіктен көмек сұрайды. Серік соңғы ақшасын шығарып жаңағы кісіге керекті дәрілер алып береді. Жомарттығына қайран қалған кісі негізінде кедей емес, бай кісі болатын. Көп ұзамай ол қайтыс болып, барлық мирасын Серікке тастап кетеді.
Серік қайтадан бай болса да, досының көмектеспей, теріс қарағанын ұмыта алмады. Досының кеңсесі қасынан үлкен үй салғызады. Бір күні үйінің алдында жасы үлкен қайыршы әйелді көреді. Қайыршы аш болғанын, ешкімі жоқ екенін айтады. Серіктің жаны ашып, оның да ешкімі жоқ, қаласа оның үйінде тұрып үй жұмыстарына қарауын сұрайды. Әйел қуанып, келіседі. Бір күні әйел “Неге жақсы бір қызбен танысып үйленбейсің?” деп сұрайды. Серік ондай қызды танымағанын, егер де оның ойлаған біреуі бар болса, таныстыруын сұрап қалжыңдайды. Бірнеше ай толмай Серік көмекші әйелдің көмегімен үйленетін болып шығады. Тойға дайындық басталады. Досын әлі де ұмыта алмай жүрген Серік тойға шақыру билетін Берікке де жібереді. Той күні Серік микрофонды қолға алып бар өкпесін елге айтады; осылай да осылай бір досым болған, кішкентайынан оған көмек көрсетіп жүрдім, мен жақсы көрген қыздан да достығымыз үшін бас тарттым. Өйткені оны шын досым деп санайтынмын, ол үшін ешнәрсемді аямайтынмын. Бірақ менің жағдайым жаман болғанда, досым көмектескісі келмеді! Алайда менің досыма деген өкпем жоқ. Өйткені шынайы доспыз! – деп айтады.
Алдында үндемей отырған досы орнынан тұрып микрофонды қолға алып былай дейді: “Менің де бір кездері жақын досым болды. Мен қиналғанда үнемі көмектесіп тұрды. Студенттік жылдары жаман бір қызбен танысып, оған үйленетінін айтқанда, не айтсам да бекер екенін түсініп, ол қызға досымнан бұрын үйлендім. Досымды жаман жардан құтқарудың басқа амалын таппадым. Жұмыссыз жүрген кезде маған келіп жұмыс сұрады. Байлыққа үйренген біреудің біреуден (досынан болса да) жұмыс сұрауы қаншалықты қиын екенін сездім. Досымның намысына ауырлық жасамау үшін оған жұмыс бермедім. Күндердің бірінде досымның алдынан шыққан кәрі кісі – менің әкем болатын. Әкем қатты науқастанып жүрген кезі еді, досыммен танысып барлық ақшасын оған мирас етуін қаладым. Үйіне келген қайыршы әйел – менің анам. Досымның жалғыз қалғанын біліп, оған әрі үйін тазалап, әрі тамағын дайындап оған көмек көрсетуін қаладым. Қазір үйленуге таңдаған жары да – менің қарындасым. Досыма жақсы қарай алатын, оған адал жар болатын тұған қарындасым. Қадірлі қонақтар, міне біз осындай шынайы доспыз!“ – дейді.