Ұлпан


Ертеңіне бүкіл Сибан ауылдары Ұлпанның көшіне ілесе, жайлауға тұтас көшті. Бұларға Ұлпанға көрсеткен қошемет еді.
Жазғытұры жайлауға бет алған бірінші көш мал ұстаған елдің жыл сайын болып тұратын табиғи көрмесі. Әр ауыл қыстан қалай шықты, жұрттың айдаған малы былтырғыдан көбейген бе, азайған ба? Жастар жағы қалай, ажарлы ма, жас балаларға тай- құнан тиген бе жоқ па? Осының бәрін төрт- бес күнге созылатын көш жол- жөнекей түгел көзге түседі. Биыл Сибанның көңілі көтеріңкі еді. Көш тізбектері де үзілмей- бұзылмай ағылып кете барады. Егін- шөп тасуға үйренген жұрт қазақ арбаны азайтып, қос қалқанды бришкеге ауыса бастаған. Анда- санда әр ауыл үйір- үйір жылқыларын айдап өтеді.
Балалар бей- берекет жарысып, қай көштің тұсында қай бала озып келе жатса, сол көштен «бәйге» сұрайды. Жүкті арбаның үстінде келе жатқан әйел бір уыс құрт, бауырсақ шашып қалады. Балалар аттарынан түсе қалып, шашылған бауырсақ пен құртты таласып- тармасып ауыздарына тығып жібереді де, тағы да бей- берекет шаба жөнеледі. Бұл басы аяғы да жоқ бәйге жұрт жайлауға жетіп, жүгін түсіргенше созыла береді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *