Шылау


Кәрі Шыңғыс тау! Адам жерге ие болғаннан бергі қарай сенің көрмегенің жоқ. Шыңғыс, Темір сияқты талай-талай сайыпқырандарды қолыңнан жөнелттің. Сенде талай адамның құмары қанып, қуанғаны да болды, жүрегі жанып, суалғаны да болды. Талай-талай жалынған жас жүрек мұратына да жетті. Талай бақытсыздық жарық күндей үміті үзіліп те кетті. Сенде неше түрлі ел дәурен сүріп, аң аулап,мал да бақты. Сенде талай-талай сабаздың қаны судай ақты. Ай мен күндей ажарлы сұлу, қыршын жастарды да, арыстан жүректі айнымас батырларды да, әлемнен озған алаяқ, аузынан бал тамған шашен билерді де, жер ошақтай жер қазып, ұңірейтіп бауырыңа көміп жатсаң да,бақайыңнан келмей түк көрмегендей-ақ мыңқиып тұра бересің-ау. Онымен де қоймай, қысқа күнгі күн батысқа қарай керегеде жайылған кең қолтығыңды ашып үңірейтіп:
«Кел,кел! Тағы менің қолтығыма кіріп, біресе рахат, біресе бейнеп көріп, аз күн арпаласып өтетінің келіңдер!»- деп үнсіз даусыңмен шақырып тұратыныңды қайтемін!…
Әне, кешегі бір кезде(1910жылы), амал жұлдызының орта шенінде қайтпас қара желінің дауылы соғып, қардың суын сай-сайдан сарқыратып, соққан жел, аққан суың жан-жануарға рақат болса да, бір жағынан, ұшқан қаңбақ, аққан дөңбек сияқты тамырсыз көмексіздердің есін шығарып, дегбір тапқызбай, сандалтып апарып бірін құлағалы тұрған жарға тығып, бірін құдыққа салды.
Онымен де қоймай, кейбір жердің шымын аударып ағытып, жаңа өспірім жастардай жаңа ғана шыққан жасыл шөпті танымайтын жат жерге апарып та тастады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *