Төле бидің төрінде


Сөзге жана ғана араласып, билік айтуға талаптанып жүрген үш жас жігіт сәлемдесіп, жүз көрісіп, әрі ой жарыстырмақ ниеттерімен Төле бидің үйіне келе қалады.
Төле бидің жасы ұлғайған шағы екен. Құс жастық, мамық төсекте жатса керек. Қасында жастау келіншегі отыр екен. Үйге сәлемдесе кәріп келген үш жігіттен жөн сұрасқан Төле би оларға: «Төрлетіңдер»,- дейді. Әдет бойынша, қонақтарға сый-құрмет көрсету керек. Ас-су қамдап, кіріп-шығып жүрген келіншектің жүріс-тұрысы өте тәрбиелі, тым сыпайы, оның үстіне көз жауын алғандай сұлу да екен.
Келіншекпен дидарласуға бірден бата алмай отырған жігіттер бірін-бірі қиығымен түсініп отырады. Шыдамы таусылғандай, шай үстінде келіншекті сөзге тартпақ ниетімен шешендеу біреуі киіз үйдің іргесін түріп жіберіп: «Анау судың бойындағы, мынау көлдің жағасындағы кімдердің ауылы?» деп сұрай берсе керек. Сонда келіншек: «Үлкен-үлкен көлдердің бойында, үлкен-үлкен билердің ауылы тұрады, өздеріңдей шолақ билердің ақылы көзінің ұшында тұрады» деп жауап берген екен. Келіншектің жауабынан кейін жас билер Төле бимен сөз жарыстырмай-ақ, тез аттанып кеткен көрінеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *