Сонау ұшпа жартастың бетінде қып-қызыл шұғынық гүлдер жайқалып тұр екен. Солай қарай тырмысып келеді. Қандай әдемі гүлдер өзі. Қауашағы кішігірім қолшатырдай. Тас бедерін шымшып басып, ортадағы ал күрең шұғынықты үзбекке ұмтыла берген, кенет жүрегі зу ете қалды. Аяғы тайып кетіп шалқалап құлап бара жатты да, жан дәрмен кәрі аршаның тарбиған бұтағын ұстай алды. Сол бұтаққа жармасып жатып төмен қарап еді, астыңғы жағы үңірейген терең құз екен. Тоқырау, тұрағы жоқ, түпсіз қараңғы зындандай. «Өлем-ау» деген қорқыныш жігіттің тұла бойын нажағадай соғып өтті. «Апыр-ай, осының бәрі түсім болса екен» деп тіледі ішінен. Шынында қызық, жаңағы арша бұтағы дегені адамның қолына айналып кетті. Көк тамыры адырайған, сіңірлі кәрі қол қу аршаның бұтағындай. Арғы жағынан Дулат қарияның күңгірт бейнесі шалынды. Байғұс шал бар пәрменімен ышқына тартса да, еркін күш алып, еңсеріп кете алмайды. Жігіттің қары талып, қарттың қолынан айырылып қалуға шақ тұр. Қап! Аршаның бұтағы омырылып, сынып кетті. Жүрегі зу-зу етіп, құзға қарай құлап барады. «Ата, ұстаңыз, жібермеңіз»,- деп жан ұшыра айқайлайды.
Жәнібек өз даусынан шошып оянды. Түсі екен, соны сезіп, қатты қорықты.
Көзін ашып алса, қасында иығынан тербетіп бір қыз тұр.