«Туған күн» бе, «туылған күн» бе? «Рахмет» пе, «Рақмет» пе? «Таңғалу» ма, «таңқалу» ма? Бүгінге дейін қазақ тілінде әртүрлі жазылып, бірізге түспей жүрген сөздер жетерлік. Көпшілігі көзді жұмып, орфографиялық сөздікке жүгінсе, кей жазарман онда да қателік бар дейді. Мұның тоқетерін айтып, бірізге түсіретін де заман жеткендей. Әсіресе, алға қойылған латын қарпіне өту үрдісінде бұл мәселені шешу маңызды. Tengrinews.kz тілшісі филологтармен сұхбаттасып, қазақ тілінде осы күнге дейін бірізге түспей жүрген сөздердің мәселесін көтерді. «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі» кітабын құрастырған жұмыс тобының мүшесі, филология ғылымдарының докторы Құралай Күдеринова кейбір сөздердің бірнеше нұсқада қолданылуына байланысты мынадай пікір білдіреді: «Қазіргі уақытта әртүрлі нұсқада жазылып жүрген сөздердің кейбірі «қ» және «х» әріптерінің емлесіне қатысты. Мысалы «рақмет», «рақым», «дастарқан», «рақат», «Қалел», «құқық» сияқты сөздерде жазарман қай әріпті қолдану дұрыс болады деп, тосылып қалуы мүмкін. Негізгі емле ережесі және «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі» бұл сөздің барлығында «қ» әрпімен қолдануды заңдастырған. Бұл нормалау 1983 жылы Қазақ тілі орфографиясының негізгі ережесіне енгізілген түзетулер мен толықтыруларында көрсетілген. Осы түзетулерге сүйене отырып, жоғарыда аталған сөздерде «х»әрпін «қ» әрпіне алмастырамыз». Маманның айтуынша, елімізде 1988 жылы тағы бір Қазақ тілі орфографиясы шыққан, онда «қ» әрпіне қатысты норма көрсетілді. Бірақ көпшілікті сөздікке қарап жазуға үйрету қиын болған. Оның сөзінше, қазіргі уақытта да бұл мәселе шешілмей келеді. «Орфографиялық норма ережелері Үкіметтің қаулысымен, жазу заңдылығы осылай болуы керек деп бекімеген. Сондықтан кімге қалай ыңғайлы, әркім солай жазуды әдетке айналдырған. Тіпті, оқушылар университетке түскенде рақат сөзі «қ» әрпімен жазылады екен ғой деп таңғалады. Мінекей, осыдан-ақ мектепте орфографияға терең үңілмейді-ау деп ойлап қаласың. 1980 жылға дейін көптеген сөзде «х» әрпі қолданылған. Кейін орфографиялық нормаға енген «қ» әрпінің алмасқанына көпшілік көнбеді», — дейді ол. Күдеринованың айтуынша, оның себебі сөздің айтылу тұрпатымен тікелей байланысты. Орпоэфияға сай рақат, рақым сияқты сөзін айтқанда артикуляциялық ерекшеліктерге байланысты ол «х» әрпі сияқты болып естіледі. Мінекей, осыған байланысты көпшілік ондай сөздерді естіген қалпында жазады дейді маман. Филологтың сөзінше, қазіргі орфографиялық сөздікте «көгөніс», «шегара», «қыргүйек» сөздері дәл осылай жазылған. Бірақ латын қарпіне көшкен кезде бұл «г» әрпі «к» әрпіне өзгереді. Ал қазіргі «көгөніс», «шегара», «қыргүйек» сөздері қате жазу. Кезінде жұмыс тобында субъектив пікір болып, сол қалпында жазылып кеткен дейді маман. Ал филолог әрі аудармашы Назгүл Қожабек бұл мәселеге байланысты тың ой білдірді. «Мәтінмен жұмыс істегендіктен, бұл проблема бізде де көп. Былтыр осы мәселе жайлы БАҚ өкілдері көтерген. Сол кезде Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек «орфографиялық сөздікті қайта қараймыз, көп қате кеткен» деп айтқан екен. Кейбір сөздердің әртүрлі нұсқада қолданылуына байланысты, оларды біз тілші ғалымдардың да талқылауына ұсынған едік. Ғалымдар да бірауыздан нақты жауап қайтара алмай отыр», — дейді ол. Назгүл Қожабектің айтуынша, «шекара» және «шегара» сөзінде ғалымдар орфоэпияға сүйеніп, «шегара» нұсқасы дұрыс дейді. Ғалымдар орфоэпия бойынша қалай айтылса, дәл солай жазылу керек дегенге сүйенген. Ол сөздердің қатарына «көгөніс», «қыргүйек» сияқты сөздер де кіреді. «Бұл сөздерге қатысты бірізділік жоқ. ҚР Білім және ғылым министрлігі мектептерге бекіткен ережесінде де бірде «қыркүйек», кей кезде «қыргүйек» деп жазған. Біз аударма кезінде бұрыннан келе жатқан орфографиялық сөздіктерге сүйене отырып «қыркүйек», «шекара» деп жазамыз. Мысалы ҚР Шекара қызметінің ресми құжаттарында «шекара» деп жазылған», — дейді филолог. Аудармашының айтуынша, олар сөздерді қолдану кезінде соңғы шыққан орфогафиялық сөздікке (2013 жылғы) және «Қазақ тілінің анықтағышы» кітабына сүйенеді екен. «Біз өзіміздің тәжірибемізге сүйене отырып, кейде сөздіктерде берілген кейбір сөздердің жазылуына келіспейтін тұстарымыз бар. Ондай жағдайда, яғни тым қисынсыз болған кезде, біз сөздерді тәжірибемізге сүйене отырып жазамыз. Мен жоғарыда атап өткен екі кітапта да осы уақытқа дейін қолданып жүрген «көңіл-күй» деген қос сөз жоқ. Ол кітаптарда «көңіл-күйі» деп беріліпті. Ал біз өз тәжірибемізге сүйене отырып, «көңіл-күй» деп қолдандық», — дейді аудармашы.
tengrinews.kz