Отау- ата-анасының (үлкен шаңырақтан) жеке үй болып (өз алдына жеке киіз үй тігіп) бөлініп шыққан жас отбасы. Балаларын отау етіп шығару- халқымыздың қуанышты да, салтанатты дәстүрі.
Ерте заманнан бері әрбір ата-ана балаларына шаңырақ көтеріп ( жаңа киіз үй тігіп), еншісіне мал,жер бөлеп берген. Үлкендерін отау етіп жеке шығарып, соңғы кішісін шаңырақ иесі деп алып қалған.
Үлкен шаңырақта қалған ұл жасы кіші болса да, «үлкен үй», «үлкен шаңырақ» деп аталған. Баласы көп адамдардың «отаулары» кейін жеке ауыл құраған. Ол ауылдың аты әкелерінің атымен «Сарсенбай ауылы», «Жанпейіс ауылы», «Байнияз ауылы», т.б түрде аталатын болған.
Ауқатты адамдар қызына да отау тігіп, ішін жасап, еншіге мал бөліп жеке үй (отау) етіп шығарған.
Қазақта «ен» деген сөз бар. Бұл- төрт түлік малдың бәрінің де құлағына салынатын белгі. Балаларын отау етіп шығарған ата-ана берген малдарының құлағына өзінікінен басқа ен салып, «мынау сенің малдарының ені» деп көрсетіп, меншіктеп берген. «Енші», «енші беру», «енші алу» сөздірінің түпкі төркіні осы «ен» сөзінен шыққан. Халқымыздың «Еншің басқа, енің басқа» деуі осыдан.