Алыстан көрінетін қызыл қоңыр мұнара ханымның көзіне оттай басылды. Бұлар жақындаған сайын мұнара көкке өрмелей, тым биіктеп барады. Түбіне келіп күймеден түскенде, қызыл-қоңыр қыш тастан қаланған тас бәйтерек ханымның таң-тамаша жанарынан жарық дүниені қалқалап тұрғандай болды. Енді ханым күннен-күнге өзгеріп келе жатқан мұнараны нөкерімен бірге күнде қызықтайтын болды. Мұнара әуелі көгіс тартты. Көкпеңбек мұнара көк аспанның өзімен астасып кеткендей. Күні кеше қожырайып тұратын қып-қызыл тас діңгектің орнына аспанды тіреп тұрғандай жып-жылмағай, жіп-жіңішке көк сипақ шыға келіпті.
(Ә.Кекілбаев)