Көркемтай


(С.Дөнентаев)
Май жұлдызының бас кезі, жердің беті кілемнің түріндей жап-жасыл, таң атып, күн шашырап шығып келе жатқан күннің сәулесіне шағылысып, өсімдіктердің басы күмістей жылт-жылт етеді. Қалың тоғайдың арасынан ирек-ирек болып аққан жіңішке өзеннің үстінен көтерілген аппақ тұмандар, шықпен буланып маңдайы терлеп, төмен қарап тұрған талдар, талдың арасынан сылдырап аққан өзеннің суы, анадайдан қарайып көрінген жар-жардың жағасында жағалай елдің қыстауы, көктің жүзі көкпеңбек теңіз секілді. Шөптің басы қимылдарлық жел жоқ. Тып-тыныш. Табиғаттың барлық нәрсеге ықылас көзбен күліп тұрған күні еді. Тоғайдың арасында созып-созып шақырған көкек құсының мұнды даусы. Шырылдап ұшқан бозторғайлар, көкте жүріп анда-санда трруууу… деп айқайлаған ұзын сирақ тырналар, басқа құстардың да сайрағандары, тоғайдың іші ың-жың…
Осының бәрі көлденең қараушыға үлкен ой түсіріп, жаратылыстың көркемдігі әр нәрсеге байлаулы екендігін көрсеткендей еді.
Сәске түс болды. Жан-жануардың бәрі орнынан тұрып, күндегі қызметтеріне тарай бастады. Қыстан қалған халықтың азғана малы бет-бетімен бытырап, әр жерден бөлек-бөлек болып қыға қарай аяқ басты. Жүдеп шыққан көтерем арық-тұрақтар да шұбатылып мал соңынан ере алмаған соң, қыстаудың арасынан ұзай алмай жүр. Аузына көк тиген соң, көтеріліп кететіндей ойлары бар. Жан-жануар, адамзат- бәрі де жаратылыстың жақсылығына зар.
Қыбырлаған жанның бәрі жаратылыс теңізіне жүзіп жүргенде, біздің Көркемтай бүк түсіп көк моланың бір бұрышына жата берді. Оның барып халін біліп, көңілін жұбататын адам жоқ. Ол- жалғыз, ол- бақытсыз, ол-қорғансыз, оған ешкімнің де жаны ашымайды. Аянышпен бе, әлде қуанышпен бе, білмеймін, Көркемтайдың қасында үймелеп жүрген күзетшілері де бар еді. Олар- жауыр аттың арқасын шоқып, жарасын қанатып дәндеген, қойдың жабағысын жұлып ұяға салған, моланың ішіндегі қарғалар,құзғындар. Әбден ықтиярына көнген соң, олар Көркемтайдың маңайынан кетпей қойды.
Көркемтайдың мұндай халге ұшырап жатқандығының ең зор себебі- жетімдік.
Көркемтайдың бауыр басқаны жалғыз-ақ Нағима еді. Мұның сорына о да болса, ол үйде тұра алмады. Ысқақтың баласы жаман, оның үстіне Ысқақтікі күн көрсетпейтін болған соң кетіп қалды.
Нағима кеткеннен кейін Көркемтайдың қайғысы бұрынғысының үстіне екі есе болып жамалды, бұрыңғыдан да жаман қиялы болды. Күн-түн демей, беті ауған жаққа кетіп қалған күндері болды. Қыстың қақап тұрған аязды кештерінде талай рет ауыл адамдары далада қанғып жүргенінен алып келіп, үйіне қондырып жіберіп жүрді. Кейде жұмсақ көңілді біреулері Ысқақтың үйіне ұрысып, тапсырып кетуші еді.
Сондағы Көркемтайдың көз алдынан елестеп шықпайтыны-шешесі, көк моланың іші. Осындай ауыртпалықтар басынан кешкен соң, осы қыстан Көркемтайдың құр сүлдесі ғана шықты. Әрі, бір жағынан, қайғы үстіне қайғы жамалып, екінші жағынан, талай суықтарға ұрынғанынан ауруға шалынып, ішінен жеген құрт аурудай құр сүйегі қалған, сондықтан ол өзінің жаратылыстың бір мүшесі екендігін де ұмытып, дүниеден қол көтерген. Бүгінгі атқан май айының ақ таңының оған әсер бермей, табиғаттың жылы суреттерінің онымен араз болып тұрғаны да –осы.
Көк моланың бұрышына Көркемтай келіп жатқалы бір күнге жақындап келеді. Артынан іздеп келген жан жоқ. Ішібауыры қатып, әбден әлі бітіп, қалжыраған соң, бүк түсіп қана жатыр еді. Бүгінгі атқан таң, Көркемтайдың ақтық таңы екендігін, бүгінгі күн ақтық өмірінің тиянағы екендігін оның қасындағы өлімтігін аңдып отырған құстар дәлелдейді. Ал Көркемтайдың өзі де дақындағы ақтық өмірінің белгісін көзімен көріп, ақырғы дем алысын ғана күтіп жата берді. Көз алдында елестеген өлім : « Қош, қарағым,Шырақжан» ,- деген Ниғиманың даусы, тағы-тағылар- осының бәрі Көркемтайдың кө алдында.
Күн түстен ауып, кеш жақындады. Көркемтайдың халі тіптен төмендеп кетті. Ең ақырғы тынысы жақындаған кезде, шаршаған нұрсыз көздерінің шарасын ақырын ғана әлсіз түрмен ашып алды да, жарыққа бір қарады. Үймелеп маңайында жүрген қарғалар, қақ маңдайының алдында тұрғай ай, қызарып батып бара жатқан күн –осының бәрі де Көркемттайға қаһарлы жүзбен қарап тұрғандай болды. Жер дүниенің бәрі қап-қараңғы болып кетіп, оны жаратпағандай болды. Жаратылыстан көңілі қайтіп, Көркемтай юасын бұрып, көзін жұма берді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *