(Б. Майлин)
Ұзыннан созылған ауылдан оқшау, шеткері, мұржасы қалың күртіктен зорға көрініп бір үй тұр. Оған ауыл сыртындағы жіңішке жолмен бір жастау әйел аяңдай басып келе жатыр.
Бұл Күлпаш еді. Жұмағазыңікіне жалданып келгеніне 20 күндей болған. Аштықтың қанды тырнағы Күлпашты бұған да көндірген. Бай үйінің суымен кіріп, күлмен шығады. Бірақ аштықтан құтылған екем деп қабағы ашылған Күлпаш жоқ. Жұмағазының үйіндегі 20 күн 20 жылдай ауыр болды. Әсіресе жалғыз ұлы Қалиді сағынады. Жұмағазының үйіне барған күннің ертеңінде түнде Қали түсіне кірді. Күлпаш үйінен шығарда « қалқам» деп барып Қалидің бетінен сүйгенде, өкпелеген адамдай ауызын бұртыйтып, тұрған орнында қылшиып қалып еді. Түсінде сол күйін көрді: ауызы бұртыйып, көзі әлдеқайда бірдемеге тіреліп, қатып қалған. Күлпаш «қалқам» деп бауырына тартса да, тас секілденіп, орнынан қозғалмады.
Бір жағынан күйеуі Мақтымның жайын ойлады. Ала дорбаны мойнына іліп алып, тамақ іздеп таңмен кетсе, тапсын-таппасын кешке бір оралып, соқпай қоймайды. Сондағы азаптанып жүргені- әйел мен баланың қамы, соларды аштан өлтірмеудің әрекеті.
Күлпаш ол үйге барғалы қайғы үстіне қайғы жамап, ақырында, бүгін ұрланып шығып, үйіне келе жатқан еді. Аяғын екі-үш басып, қайта-қайта сол жақ қойнын сипап қарайды. Қойнында екі кесек ет бар: Біреуін Қалиға, біреуін Мақтымға деп жасырып пісіріп алған. «Қарағым-ай, етті көргенде не дер екен?»- дейді анда-санда.
Ауылға төніп келгенде, екі-үш ит алдынан шықты. Күлпаш елеген жоқ.
Жүрегі алып ұшып үйіне жеткенше асықты.
Күлпаш үйіне жетті. Лапастың есігіне көзі түсіп, жүрегі қалтырап тіксініңкіреді. Есіктің алды күртік қар, із дегеннен дым жоқ. Малтығып басып барып, үйдің есігіндегі қарды аяғымен ысырып, есікті ашуға айналды. Жүрегі лүпілдеп соғып, көзі қарауытып, бір түрлі қорқыныш пайда болғандай тәрізденді. Бірақ неден сезіктеніп қорыққанын өзі де біле алмады. Білетін жайы да жоқ еді.
Жан дәрмен қайраттанып, зорға дегенде есікті қозғап, сықырлатып ашты. Суық леп бетке соқты. Терезеде жарық жоқ. Үй тастай қараңғы…
Күлпаш қалтырап кетті. Үйге кірерін де, кірмесін де білмеді. Бір аяғын табалдырықтан ішке салып, есікті қолымен ұстап қалтырап:
— Қарағым!…- деді. Үн жоқ.
— Қарағым, қайдасың?.. Әй, бармысың?
Жауап жоқ. Күлпаш не қыларын білмеді. Жалтаңдап артына қарады.
Жүгіріп терезеге барды, күртік қарды қолымен қопарып ашты. Нұрлы күннің сәулесі жамаулы терезе арқылы үйге түсіп, жарық қылды. Түс кезі екен, күн тура пешке түсті. Қарды тастай беріп Күлпаш жалма-жан сығалап еді, пештің жанында ұйлығып, бүк түсіп, құшақтасып жатқан әкелі-балалы екеуіне көзі түсті. Іші елжіреп, көзіне жас келді. Ұйвқтап жатыр екен деп, қуанып, малтыға-сүріне үйге кірді:
— Қарағым, Қалижан, тұр!
Төніп келіп, Қалиды сүйейін деп ұмтылғанда, көзі Мақтымның көзіне түсіп кетті. Көзі адырайып, аузы ашылып, тісі ақсиып жатыр екен.
Күлпаш шошып:
— Әй!-деді.
Бұдан кейін не болғанын өзі де білмей, күйеуі мен баласын құшақтай құлады.