Сері шал шалқып ойға кетті. Көз алдынан бүкіл өмірі шұбырып өтіп жатты… Ақан бес жасынан бергісін түгелге жуық біледі. Бала кезіндегі есімі Ақжігіт еді. Ел еркелетіп Ақан атандырды. Тазалыққа әуестігі үшін Сыпайы бала атанды. Әңгімеге әуестігі мен алғырлығы үшін Құйма құлақ атанды. Сарыарқа күмбірлеген күй, шалқыған ән еді. Сол Сарыарқада көзін ашқан Ақан өнер сапарына ерте талпынды. Бесікте көргенің істегендіктен емес, арғы дені өнер тілеген.
Жүректің әмірі, ақылдың мұраты дүниеге қызықтырмай, басқа әлемнің ішіне кіргізді. Ағайын арасының пыш-пышына,ру арасының жанжалына, атқамінерлердің бәсекесіне араласпай, бойын сұңғақ ұстады. Татар молдадан тіл сындырып, Омбы шаһарында медресе бітірген Ақан арабша, парсы тілінде біршама білетін дәрежеге жеткен. Сол тілде оқыған азан-аулақ кітаптар көп қиялға бөлеген-ді. Ақан Әптиек Құранның ережесін жаттамай, Фирдоуси, Науаи дастандарын, Қожа Хафиз бен Бедильдің бәйіттерін жаттағанда, сыршыл ақындардан тонның ішкі бауындай етенлік тапқанын бертінде байқады. Медресе тауысқан тұрғыластарындай молдалық құрмай, сәлде орнына құндыз бөрік кигенде, серілгі өзіне сор боларын болжамаған-ды.