Кейде ақынның балалығына таң қаларсың, кейде ақынның даналығына таң қаларсың. Ақын –қыран, қияға да қонады, ақын- адам, далаға да қонады. Ақын бойын да жасыра алмайды, ойын да жасыра алмайды. Ақын жаны оңай жараланды, оңай жазылады, емі көп. Ақын жүрегіне кек тұрмайды. Кек тұрма, қақ тұрғаны. Қақ тұрған жүрек- тот басқан асыл, енді одан берекелі үн шықпайды. Ақын- заман, бір күндік те емес, бүгіндік те емес, оның кешегісі- бүгіндік, бүгінгісі- ертендік. Ақын юойына адамгершілік қана жарасады. Екеуінің біріне ақау түссе, алдымен ақындық өледі…
Бұл- Еркебұлан сөзі, бұл- Еркебұлан мінезі. Сәл кешігіп сәлем берсең, өкпелеп қалар еді. Көзіне көзіңді дәл ұстап «Ерке аға!» десең, дариядай толқып, шалқып кетер еді. Айтқан сөзінде азғана буалдар барын сезінсе, еш нәрсеңе түсінбегендей, жауап қатпай қалар еді. Өзінің бір ойланып кеткен кезіне кездессең, ол сені көрмес те еді, танымас та еді. Өкпелеп кет, өлтіріп кет, өзі де білмей қалар еді…
Сол Еркебұлан ат үстінде келеді… Ат басын еркіне жіберіп, өзі шатқалаң шалыс ойларға кеткен. Қуғыншылар мана адасып қалды. Қалаға қарай бет алған Еркебұлан мен Қайсар да адасып кетті. Түн көзге түртсе көрінбейтін қараңғы. Оның үстіне жер бауырлаған тұман түсті.