(Ғ.Мүсірепов)
Әке-шешеден еститін көп жақсы тілектердің өзгесі келмесе де, « оқу оқисыңдар» дегендері екі жылдан кейін келіп еді. Жазды бір көлдің басында, қыс айларын әр ағаштың қойнауында өткізетін бас-алты ауыл «балалардың тілін сындыру үшін молда жалдапты. Молданың жылдық еңбегіне құнажын, бұзаулаған бір сиыр, алты ауылдың пітір-садақасы берілмекші. Бейсенбі күні балалар молдасына «жұмалық» беріп тұруы тиіс.
Молда әр үйде бір жетілеп жатады. Оқуға бала берген үйлер кезектесіп бір жеті молданың тамағын да көтереді. Сол үй балалар оқитын мектеп те болады. Бір жеті өткеннен кейін молда келесі үйге ауысады.
Алғаш оқуға күні арабтың жиырма тоғыз қарпы (әрпі) түгел тізілген бір жапырақ қағазды молда барлық баланың қолына түгел ұстатты.
Сарғыш мұрты жаңа тебіндеп келе жатқан шақар жас молданың алдында өрімдей көк шыбық жатыр. Шыбықтың үш жағы жаланның құйрығындай сүйірленіп, балаларға қарай қозғалақтап қояды. Оны көріп отырған балалардың оқымауына да болмайды, бірақ үйренуіне де болмайды. Қорқыту еш нәрсені үйретпейді.
Балалар төрден есікке қарай үлкендете отырғызылады. Жиырма шақты баланың ең кішісі алты жасар мен едім, маған орын босағадан тиді. Кей үйде қозы-лақпен етектесе отырамын. Кейбір үйдің иті қасымда жатады.
Молда ең үлкен баланы алдына шақырып алады да, әлгі айтылған бір жапырақ қағазды тырнағын әдемілеп алған сұқ саусағымен нұқып көрсетіп:
- Әліп, би, ти…,-деді. Содан кейін балаға әр айтқанын үш рет ұайталатып:
- Бар, орныңа бар, оқы,-деді де, келесі баланы шақырды.
Осы тәртіппен молда оқушы балалардың қақ жартысын алдынан өткізгенше, өзгеміз «әліп, би, ти» деген үш ауыз отырмыз. Екі жыл оқытып, екі бұзаулы сиыр алып, он шақты адамға жаназа шағарып, алты ауылдан екі жылғы пітірсадақасын алып, молда еліне қайтар кезде де біз ол мағынадан еш нәрсе аңғармап едік.