Арғы бабам-Басым елі

Арғы бабам-Басым елі
Арғын да алуан ел болған, онда да талай ер туған, қазір сөз онда емес. Қыран көкке қанатын қанша биік қақса да, тізіліп бірге ұша алмас. Шаңқылдап айбат атса да, аққудай сыңсып ән сала алмас. Қыпшақ қыран болса егер, Арғын –аққу, көл көркі… Сойылдан гөрі қолына домбыра алуды паш санар. Ұран салып, жау іздегеннен, ән шырқап, жар сүйгенді ұнатар. Одан артық, әлеумет, айтшы қандай арман бар? Елді айырар ұрыста бейбітшілік –елдікті мұрат еткен-бұл Арғын.
Батыс түгіл қызыл бас, үндіге де қыпшақ талай аттанған. Арғын одан аз емес, ерлігі бірақ өзгеше… Арғы бабам Басым елі түркі тілдес жұртпенен тізе қосып, ту тігіп, үш жүз жыл бойы Таңменен алысқан. Анау асқар тауыңды, мынау шалқар көліңді сол қасына бермеген. Өз жеріне жау тисе, сонда ғана бұл Арғын алдаспанын сермеген. Асан қайғы, аға ұлы, ендігісін өзің шеш. Ел болайық деген жұрдымды адастың десең өзің айт. Кең болайық деген жұртымды қателестің десең өзің айт.
(І.Есенберлин)

Еркебұлан
Кейде ақынның балалығына таң қаларсың, кейде ақынның даналығына таң қаларсың. Ақын –қыран, қияға да қонады, ақын- адам, далаға да қонады. Ақын бойын да жасыра алмайды, ойын да жасыра алмайды. Ақын жаны оңай жараланды, оңай жазылады, емі көп. Ақын жүрегіне кек тұрмайды. Кек тұрма, қақ тұрғаны. Қақ тұрған жүрек- тот басқан асыл, енді одан берекелі үн шықпайды. Ақын- заман, бір күндік те емес, бүгіндік те емес, оның кешегісі- бүгіндік, бүгінгісі- ертендік. Ақын юойына адамгершілік қана жарасады. Екеуінің біріне ақау түссе, алдымен ақындық өледі…
Бұл- Еркебұлан сөзі, бұл- Еркебұлан мінезі. Сәл кешігіп сәлем берсең, өкпелеп қалар еді. Көзіне көзіңді дәл ұстап «Ерке аға!» десең, дариядай толқып, шалқып кетер еді. Айтқан сөзінде азғана буалдар барын сезінсе, еш нәрсеңе түсінбегендей, жауап қатпай қалар еді. Өзінің бір ойланып кеткен кезіне кездессең, ол сені көрмес те еді, танымас та еді. Өкпелеп кет, өлтіріп кет, өзі де білмей қалар еді…
Сол Еркебұлан ат үстінде келеді… Ат басын еркіне жіберіп, өзі шатқалаң шалыс ойларға кеткен. Қуғыншылар мана адасып қалды. Қалаға қарай бет алған Еркебұлан мен Қайсар да адасып кетті. Түн көзге түртсе көрінбейтін қараңғы. Оның үстіне жер бауырлаған тұман түсті.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *