Хайуанаттар туралы ертегілер – ең көне жанр. Оның тегі – алғашқы
қауым адамдарының анимистік, магиялық және тотемистік ұғымдарымен және аңшылық кәсібімен байланысты. Бұл ертегілер іштей үш топқа бөлінеді: этиологиялық, классикалық және мысал (аполог) ертегілер. Алғашқысы – ежелгі мифтің өзгеріп жеткен түрі. Олар аң мен құстардың пайда болуы, олардың сырт бітіміндегі, мінезіндегі ерекшеліктердің неден болғаны жайында әңгімелейді. Мысалы, “Қарлығаштың құйрығы неге айыр?”, “Түйе неге жылдан құр қалған” сияқтылар. Мұндай ертегілер келекеле балаларға арналып айтылатын болған, бірақ өздерінің бұрынғы танымдық сипатын түгел жоғалтпаған. Екінші түрі – классикалық ертегілер.
Бұлар ежелгі наным-сенімдерді көркем түрде жаңғыртып, жаңа мағынада пайдаланған. Сюжеттік құрамы мен поэтикалық пішіні жағынан әлемдік фольклорға тән типологиялық сипатта болып келеді. Кейіпкерлері аллегориялық мәнге ие болғандықтан көркемдік деңгейі айтарлықтай жоғары деуге болады. Бұлар да бірте-бірте балалар үшін айтылатын болады да, әрі танымдық, әрі сейілдік қызмет атқарады. Үшінші түрі – мысал ертегілер (аполог). Бұлардың мақсаты – моральдық қағиданы, әдептілікті уағыздау, сол арқылы көзделген ойды немесе тұжырымды дәлелдеу. Бұл ертегілерде де
аллегория бар және ол белгілі бір афоризм арқылы анықталады. Сюжеттік құрамы жағынан алғанда мысал ертегілер көбінесе шығыстық фольклор мен әдебиетке жақын, оның көбісі үнді, араб, парсылардың әйгілі кітаптарында кездеседі.