Сатиралық ертегілер – фольклордың толық өнер болған түрі. Мұнда
ертедегі нанымдар мен түсініктер күлкіге айналады, олар жоққа
шығарылады. Ежелгі ұғымға негізделген сюжеттер мен мотивтер қайта қаралып, жаңа дәуір тұрғысынан бағаланады. Сөйтіп, бұрынғы қасиетті делінетін сенімдер, пайымдар, оларға сүйенген образдар мүлде кереғар мағынаға ие болады, олар тіпті күлкі етіледі. Мысалы, хикаядағы шайтан мен Алдар көсе ақымақ ететін шайтан – екі бөлек, бір-біріне ұқсамайтын образдар. Хикаяда шайтан адамға зиянды, қауіпті де, қолынан келмейтіні жоқ зұлым болса, сатиралық ертегіде шайтан ақылы шолақ, қауқарсыз, бейшара кейіпкер. Сонымен бірге ертегінің бұл түрінде өмірдің келеңсіз жақтары, адамның жағымсыз мінез-құлқымен, ісі ащы мысқылға, мазаққа ұшырайды, ашық сыналады. Мұнда жұмсақтық жоқ, тұспалдап айту, ишарамен білдіру
өте аз. Бұл тәсілдер, негізінен, анекдотта кездеседі, бірақ қазақ фольклорында аталмыш жанр айтарлықтай дамымаған, өйткені ол – қала тұрғындарының фольклоры. Анекдот тек XX ғасырда ғана етек ала бастады.