Діни дастандар. Бұл шығармалардың мазмұны мен тақырыбы ислам
дініне, оның пайғамбарлары мен сахабаларына арналған, ал күллі
поэтикасы, кейіпкерді бейнелеу тәсілдері, сюжеттік құрылымы, — бәрі
дәстүрлі эпостың және дастанның аясында, солардың шартына сәйкес. Діни дастандар қазақ арасына әсіресе XIX ғасырда өте кең тараған («Қисса-и әнхәзрәт-и Расүлнің Миғражға қонақ болғаны», «һаза кітап МұхаммедХанафия», «Қисса-и Зарқұм», «Абу Шахма», «Қисса-и Салсал», «Қисса и Сейітбаттал», т.б.). Бұларды үлкен екі топқа бөлуге болады: а) таза дінді уағыздайтын дастандар, б) мұсылман пайғамбарлары мен әулиелерінің өмірін, кейбір кезеңдерін баяндайтын дастандар. Бірінші топтағысы – көркемдігі жоғары, сюжеті қызғылықгы, эстетикалық әрі эмоциялық әсері күшті
шығармалар. Ал, екінші топтағылары, негізінен, ғұмырнамалық, бірақ соның өзінде де фольклор поэтикасын жақсы пайдаланған, көркем қиялды да ұтымды қолданған. Жалпы, діни дастандардың басты мақсаты – исламды уағыздау әрі мұсылмандық өмір салтын орнықтыру. Осы тұрғыдан алғанда, оларды былайша топтауға болады: 1) исламның ереже-шарттары мен тыйымдарын және оларды бұзғаны үшін қолданатын жазаларын баяндайтын дастандар; 2) исламның батырлары туралы, олардың мұсылман дінін тарату
жолындағы ерлік істерін көрсететін шығармалар; 3) Мұхаммед пайғамбардың, одан кейін 4 халифтің исламды орнықтырудағы іс-әрекеттерін суреттейтін туындылар.