Мифологиядағы терминдердің анықтамасы

 

Архетип– грек тілінің бастау және бейне сөздерінен бастау алған архетип сөзі алғашқы үлгі, түпнұсқа деген мәнге ие. Архетип – тарихи-салыстырмалы тіл білімінде туысқан тілдердегі заңдылықтарға сәйкес қайта құрылатын кейінгі дамыған сөздердің бастапқы түбірі болатын тіл тұлғасы.
Ғалам бейнесі – әлем моделін анықтау барысындағы жоғары дәрежелі абстракциялық түсінік.
Ғаламның тілдік бейнесі – нақты бір тілдік қауымдастықтың санасында тарихи қалыптасқан және әлем туралы түсініктердің тілде бейнеленген жиынтығы, ақиқатты концептуалдаудың тәсілі.
Ғаламның мифологиялық бейнесі – танымның, мифологияның түрлі қабаттарынан құралатын мифтік лексикалық бірліктер арқылы өз болмысын, білім-таным жүйесін көрсететін лингвоментальді құрылым.
Демонология – алғашқы қауым кезеңдеріндегі анемистік наным-сенімнің негізінде қалыптасқан жын-шайтан туралы ұғымды ғылым негізінде зерттейтін ілім.
Демононим – мифтегі, мифологиядағы демоннологиялық кейіпкерлердің есімдері.
Диахронды лингвистика – тіл жүйесінің тарихи дамуын қарастырады.
Яғни тарихи даму кезеңін айқындау арқылы тілдің тарихи өзгеруін зерттейді.
Дүниетаным – жеке адамның, әлеуметтік топтың, таптың немесе тұтас қоғам қызметінің бағытын және шындыққа деген қатынасын айқындайтын принциптердің, көзқарастардың мақсат-мұраттар мен сенімдердің жүйесі. Дүниетаным қалыптасуына саяси, адамгершілік және эстетикалық көзқарастар көп әсер етеді.
Когнитивтік лингвистика – жалпы адамзатқа тән ойлау категорияларының тілдің жекелеген идиоэтикалық категорияларымен арақатынасын зерттейтін ғылым.
Концепт – тілдік ақпараттарды кодтау, яғни сөзге айналдыра, таңбалай отырып, сөздің ішкі мазмұнын, мәнін танытатын, ұлттық құндылықты бойында сақтай отырып, келергі ұрпаққа жеткізетін тілдік таңбалар жиынтығы.
Лингвоелтаным – тіл арқылы жекелеген ұлттың ұлттық құндылығы, мәдениеті, наным-сенімі, салт-дәстүрі көрінетін болса, осы құндылықтарды тіл білімінің заңдылықтары арқылы зерттеуге негізделген тіл білімінің бір саласы.
Лингвомәдениеттану – тіл мен мәдениеттің өзара қарым-қатынасын, яғни мәдениеттің тілдегі көрінісін, керісінше тілдің мәдениеттегі көрінісін қазіргі заман мәдени-ұлттық сана-сезім тұрғысынан қарастыра отырып зерттейтін ғылым саласы.
Мағына – форманың мазмұны, оның ішкі сипаты.
Мәдениет – адамзат баласының өмір сүру кезеңдеріндегі іс-әрекетінен және олардың материалдық, рухани байлықты жасауынан көрініс табатын қоғам мен адамның тарихи даму дәрежесі.

Миф – адамзат баласының қоршаған ортаны танып-түсінуінің алғашқы көрінісі, басқаша айтқанда, мәдениеттің алғашқы базисі, дүниені танып-білудің ең көне көрінісі
Мифоантропоним – мифтердегі мифтік таным-түсініктің негізінде қалыптасқан кейіпкердердің жекелеген есімдері
Мифозооним – шынайы өмірде болмайтын, бірақ адамзаттың таным- түсінігінде шынайы деп танитын жануарлардың есімдері
Мифология – алғашқы санадағы шындықтың ерте дүниедегі творчествоға тән қиял түрінде бейнеленуі. Философиялық тұрғыдан ол көне қоғамдағы дүниетаным көрінісінің өзгеше бір формасы.
Мифологиялық ойлау – белгілі бір дәрежежедегі абстракция. Сондықтан оның нақты түрде анықталмайтындығы да оның адамзат мәдениеті, тарихының, тіпті сананың өзінің дамуының көне, синкретті кезеңімен төркіндес екендігінде.
Мифотопоним – аңыз-әңгімелерде, мифтерде сақталған тылсым, қасиетті саналатын географиялық орындардың атаулары
Мифофитоним – мағыналық астарында мифтік таным-түсінік сақталған өсімдік атаулары
Мифтік кейіпкер – алғашқы қоғам өкілдерінің қоршаған ортаны қабылдауындағы кез келген заттың жаны бар, иесі бар деген таным-түсінігінің негізінде пайда болған кейіпкерлер
Мифологема – жалпы мен жалқының, заттық-бейнелі мен символдық дүниелердің үйлестіруінде болып табылады және ол түрлі халықтардың фольклорында түрліше интерпретациялануына орай әртүрлі мазмұнға ие болатын алғашқы сюжеттік сұлба, кросс-мәдени идея.
Мифтік таным – ғаламдық бейнені жасайтын әмбебап сипаттағы тілдік әлемнің терең құрылымдық негізі.
Ономастика – тіл білімінің жалқы есімдерді зерттейтін саласы.
Психолингвистика – психология мен лингвистиканың тоғысуынан пайда болған ғылым саласы. Ол сөйлеу процесін, оның мазмұны, коммуникативті рөлін, сөздің ойға қатысы тұрғысынан зерттейді.
Символ – грек тілінде айрықша таңба деген мәнге ие. Белгілі бір идеяның негізінде образдың таңбалануы.
Таным – адамзаттың табиғатына негізделген, қоршаған әлем заңдылықтарынан бастау алған, маңызды құбылыстардың бірі.
Теоним – Құдайлардың, жаратушы күштердің дінмен қатысты жаратушылардың есімдері
Тілдік таңба – тіл бірліктерінің затты, оның қасиетін, болмысқа қатыстылығын білдіретін материалдық-идеялық (екі жақты) құрылымы. Тілдік таңбалардың жиынтығы ерекше таңбалар жүйесі — тілді жасайды.
Уәж –уәж түрткі болатын себеп, әлдебір әрекет жасауға желеу, әлдененің пайдасына уәж; психологияда – қажеттілік, түйсік, әуестік.
Уәждеме (Мотивация) – қолданылу ыңғайына қарай қазақша «ниет»,
«түрткі», «кірісу», «жігерлену», «ынталану» сөздерінің мағынасына жақын

келетін, қазіргі заман мәдениеті мен гуманитарлық ғылымдарда кең қолданылатын ұғым.
Ұғым – объективті нақты нәрселерді және олардың қасиеттерін көрсететін абстрактілі ойлау формаларының бірі. Ұғым туралы мәселені талдауды «белгі» ұғымын қарастырудан бастайық.
Хремотоним – адам өмірінің прагматикалық сферамен байланысты материалдық мәдениет түрлерінің (зергерлік бұйымдар, музыкалық аспаптар, қару-жарақтар т.б.) атауы.
Этнолингвистика – этнос пен тілді сабақтастыра қарастыратын тіл білімінің саласы. Ұлттың болмысын оның тілі арқылы танып білуге талпыныс жасайтын лингвистикалық сала.
Этномәдениет – белгілі бір ұлттың ұлттық нышанын танытатын сол ұлтқа тән мәдениеті.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *