Иманбаев Қуаныш Қожабайұлы
Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық
колледжінің оқытушысы,
әлеуметтік ғылымдарының магистрі
Арқаның селі, желі, шөлі, белі
Ерлерді ұмытпаса, ел де ұмытпас!
М. Жұмабаев
Сан ғасырлық тарихымызда мақтан тұтар, бүгінгіміз бен келешегіміз үшін ғибрат алар оқиғалар мен ел тағдырын өз тағдырынан биік қойған, ұлтының тұтастығын, жерінің бүтіндігін мұрат еткен қазақ батырлары, Отан алдындағы адал қызметінен үлгі алар ұлы тұлғалар аз болмаған. Сонау ғасырлар қойнауының қатпар-қатпар белесінен байқасақ, ежелден-ақ ру-тайпаларымыздың өз жерін еш жауға бермей, шыбын жанын шүберекке түйіп, қасық қаны қалғанша күрескен жауынгерлік істері бізге аманат болып жеткен.
Қазақ халқының тарихына көз жіберсек, сонау Күлтегін, Білге қаған, Тоныкөктен бастап жерін, елін, тілін, ділін қорғаудағы өшпес ерліктерге толы. Бесік жырынан басталатын ерлікке баулу дәстүрлері – түркі халқына тән негізгі ырымдар. Халқымыздың бойындағы отансүйгіштік құндылықтарды ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырған заңдылық тұрғысынан да қарауға болады. Бұған дәлел, көне түркі заманынан бастау алған патриоттық құндылық Күлтегін жазбаларында былай деп суреттеледі: «Елтеріс қағанның алғырлығы, еліне деген сүйіспеншілігі Күлтегіннің қанына ана сүтімен сіңді» – деген көне жазу қазақ халқының бойындағы ұлттық патриотизм сезімдері бүгін ғана пайда болған жоқ, ол ежелден-ақ туындап, дамып келе жатқан қасиет деуге болатындығын көрсетеді. Күлтегін жазбасында тағы да мынадай жыр жолдарын кездестіруге болады:
Кедей халықты бай қылдым,
Аз халықты көп қылдым…
Түркі иелігінен айырылған халықты
Ата — баба мекеніне орнатты… – делінген еді [1, 89-90]. Бұл жыр жолдарынан ата-баба мекеніне ие болып отыру жолында жан аямау, діл бірлігін қорғау, жиғанын халықтан аямауды аңғаруға болады. Жоңғар сияқты алып империямен алысуға, Ресей патшалығының зеңбірегіне жалаң қылышпен қарсы шабуға жетелеген де осы Отанына, туған жеріне деген сүйіспеншіліктің, патриотизмнің қуатты күші. Осындай ел мен жер қорғаудағы қайсарлық пен батырлықты көрсете білген оқиғалар жоңғар мен қазақ арасындағы ұрыстарда сан мәрте болған еді. 1728-30 жылдар аралығында болған бір ұрыста бұрын белгісіз жас жігіт Әбілмансұр жекпе-жекке шығып, қалмақтың бас батыры, қоңтажы Қалдан Сереннің жақын туысы (кейбір деректерде күйеу баласы) Шарышты өлтіреді. Үлкен әкесінің аруағын шақырып, жауға Абылайлап ат қойған Әбілмансұр жеңісті ұрыстан соң, Орта жүздің сұлтаны деп танылып, қазақ даласындағы ең беделді әміршілердің біріне айналады. Бұдан соңғы жерде Әбілмансұр есімі ұмытылып, Абылай атанады.
Абылайдың жиырма жасы қай жылға сәйкес келуіне байланысты, қай шайқасқа қатысқаны туралы болжам айтуға болады. Бұл, әрине, Абылай қатысқан алғашқы соғыс емес. Ел әңгімелері, тарихи жырлар Сабалақ әуелде Бөгенбай жасақтарының құрамында жорық-жортуылдарға қатысқанын айғақтайды. Аңырақай шайқасына қатыспады дегеннің өзінде де, Абылайдың 1730-33 жылдары болған бір ірі шайқасқа қатысқаны дау тудырмайды. Тарихи деректерден Орта жүз жасақтары мен жоңғарлардың арасында 1730 жылы да, 1731 жылы да бірнеше үлкен ұрыстар болғаны белгілі. 1732 жылы жоңғарлардың 7 мыңнан астам әскері Орта жүздің шығыс шетіндегі ауылдарына шабуыл жасап, тегеурінді тойтарысқа тап болады. Абылайдың жиырма жасы 1733 жылға сәйкес келсе, дәл сол жылы қазақ пен қалмақ арасында үлкен майдан болғаны қытай деректерінде атап көрсетілген. Абылайдың әскери қайраткерлігі, қолбасылық қабілеті 30-40 жылдардағы шайқастарда ерекше көрінді. Осындай жан алысып жан беріскен соғыстардың бірін Бұқар жырау «Қалданменен ұрысып, Жеті күндей сүрісіп…» деп суреттейді [2, 13-14]. Ол соғысқа Абылайдың қанды көйлек жолдастары: Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақұлы Жәнібек, Атығай Жәпек батыр қатысады. Осындай бір сәтті Мағжан Жұмабаев «Батыр Баянында» былай жырлайды:
Жиылды өңшең ноян ығай-сығай,
Байжігіт, Тасболат пен би Толыбай,
Ту баста Абылайды хан көтерген
Қамқоры Қарауылдың шешен Қанай.
Ашуы жауған қардай, шөккен нардай
Қарт қыран Қанжығалы қарт Бөгембай,
Бөкеннің жас жолбарыс жеткіншегі
Аузынан жалын шашқан жас Жанатай.
Найзасын нажағайдай ойнататын
Жас барыс Бәсентиін Сары Малай,
Балталы, екпінді оттан Оразымбет
Сырғалы, шапшаң оқтан ер Елшібек.
Өзіне тірі жанды тең көрмейтін
Тәкаппар Қошқарұлы ер Жәнібек,
Қалданға ханмен бірге тұтқын болған
Жолдасы Абылайдың батыр Жәбек.
Майданда от шашқандай оқ шашатын
Сырттаны Бәсентиін ер Сырымбет,
Осындай өңшең көкжал жиылыста,
Күңіреніп жолбарыстай: «Жау қайда?» – деп.
Жәпек батырды Бұқар жырауда өзінің Абылайға арнаған «Қалданменен ұрысып» деген толғауында атап өтеді. Бұқар жырау:
Қалданменен ұрысып,
Жеті күндей сүрісіп,
Сондағы жолдас адамдар:
Қара Керей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгенбай,
Шақшақұлы Жәнібек,
Сіргелі қара Тілеуке,
Қарақалпақ Құлашбек,
Тігеден шыққан Естербек,
Шапырашты Наурызбай,
Құдайберді Жәпек батыр қасында,
Бақ дәулеті басында, – деп толғайды.
Шоқан Уәлихановтың қалдырған дерегі бойынша Абылай Қалдан Сереннің қолына жалғыз түспейді. Болашақ үш жүздің ханының жанында бірнеше адам және досы Жәпек батыр болған. Қалдан Абылайдан жауап алмақ болған кезде қалмақтың алдында түрегеп тұрып сөйлеуді ар санаған Абылай хан үнсіз қалады. Сол кезде Жәпек батыр: «Қалдан қалмақтың ханы болса, сен қазақтың ханысың, Абылай! Төмендеме, хан ием, менің үстіме отыр!» – депті. Ал, кейін Абылай хан тұтқыннан босанғанда Жәпек батыр өз баласын аманат ретінде (кепілдікке) қалмақ қолында қалдырған. Бұл бала бәсентиін Малайсары батырдың қарындасы Кежектен туған батыр ұлдардың бесіншісі болған. (Сейтен, Жауқай, Жортушы, Жарты, Сарықазақ) Қалмақ қолында жүріп аңшылығымен, құралайды көз атқан мергендігімен Сарықазақ атанған. Ал, болжап айтқан сөзі уақыты келгенде орындалатын көріпкел де болған. Сарықазақты қалмақтың ұлы жоқ бір биіне Қалданның айтуымен берілген. Бірақ, қазақ баласы есейе келе өзінің бойындағы жеті қасиетін танытып Қоңтайшының жас досына айналады. Қалмақ елінде Сарықазақтың жауы көбейе бастайды. Осыны ерте сезген оның би өгей әкесі Сарықазаққа өзінің қызын қосып, бір түнде қазақ еліне аттандырып жібереді. Ол еліне аман оралады. Жеті әйел алған, сүйегі Қожа Ахмет кесенесінде жерленген[3, 221-222].
Міне, тарихтағы батыр бабаларымыздың ішіндегі тұғыры биік, есімі мен ерлігі еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін таныс, бүгінде ұлттық деңгейдегі батырымыз деп әспеттелгендерінің бірі – Жәпек батыр! Жәпек батыр (т.ж. шамамен 1711 – қ.ж. белгісіз) қытай деректерінде Япек, орыс деректерінде Джапек деп аталады.Жәпек батыр – тарихтың ұзақ көшінде қазақ деген халықтың шаңырағын көтерген белді тайпа арғынның атығай руынан шыққан атақты батыры. Он екі Дәуіт ата Атығай, Атығай-Қарауыл деп те аталады. Кезінде Қанжығалы Саққұлақ шешен «қара нар болдырып жолда қалса, ердің алдыңғы қасы алтын, артқы қасы күміс болса, екі қапталы неден» деген жұмбақ айтқан деседі. Сонда бұл жұмбақтың шешімі – Орта жүздің рулары: «қара нары – қоңырат пен қыпшақ, алтын қасы – арғын, күміс қасы – найман, екі қапталы – керей мен уақ деп шешіпті. Қара нар болдырып, жолда қалса – қоңырат пен қыпшақтың бұрынғы атағын айтқаны, арғын алтын қас болса – оның ел арасындағы орнын айтқаны деп түйіп шешкен» деген сөз қалған. Ормандай Орта жүздің алтын қасы атанған арғындардың қазақ-жоңғар соғыстары кезіндегі өшпес ерлігі тарих беттерінде алтын әріптермен жазулы. Арғыннан шыққан, бірақ, бүтін қазақтың ұлттық тұлғасына айналған Жәпек батыр, Бұқар жырау, Қазыбек би, Олжабай және тағы басқа батырлардың ел үшін, жер үшін күресі, елдігімізді сақтап қалудағы қажырлы қайраты мен күш-жігері, олардың өмірлік ұстанымдарын көрсете отырып, ұлт тарихының өткенін екшеп, оны жаңа қырынан байыта түсуге септігін тигізеді.
Қазақ халқының тарихындағы ащы қасірет – Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама оқиғасы Жәпек батырдың балалық шағында болады. Жас батыр елдің қайғылы кезеңін, бір-бірінен алшақтануын, әскери-саяси қуатының әлсірегенін өз көзімен көріп, сезініп өседі. Қазақ халқының үдере қашқан босқыншылығы туған кезде арғындарда Сыр бойынан қоныс аударды. Ол туралы тарихшылар Шәкәрім Құдайбердіұлының дерегіне көп сүйенеді.
Сырдан қалмақ қуған соң біздің елді
Күні-түні шұбырып Шуға келді.
Табан тиіп жүре алмай, халі құрып,
Сұлап жатты айнала Саумал көлді.
Сонда Шақшақ Жәнібек сөз сөйлепті:
«Балалар! Осы жолды ұмытпа, – депті,
«Ақтабан шұбырынды» – мұның аты,
Құдай қосса, алармыз біз де кекті!»
Сол жерде тамам қазақ жыласыпты,
Құдайдан артын бер деп сұрасыпты.
Тыныққан соң қалмақтан кек алуға,
Сөз байлап уағдамен ұнасыпты.
Арғындар сол көшкеннен көше берді,
Батырлары жер шалып, қоныс көрді.
Есіл, Нұра, Сарысу, Қарқаралы,
Шалқар көл, Ұлытаудан алды жерді [4, 192].
Шәкәрім қажы көрсеткен «Ақтабаннан» кейінгі Арғын руларының жылжуы, олардың Сыр бойынан Орталық, Батыс Қазақстан аумағына қарай қоныстауын ел ішінде сақталған аңыз-әңгімелер де нақтылай түседі. Сондай аңыз-әңгімелердің бірін Н.Балкашин, кейін оны Н.Аристов өз еңбегінде жазып қалдырған. Мұнда арғындардың ХІХ ғасырдағы орналасқан өңірлеріне қалай келіп қоныстанғаны жөніндегі ел ішінде сақталған мынадай әңгімені келтіріледі. Бұл аңыз бойынша Арғын тайпалық бірлестігіне кіретін рулар аталған кезеңде өздері орналасқан өңірлерге, Сыр өзені бойынан келген. Бұл өңірден арғындар үш топпен жылжыған. Алдымен, Қаратау тау жоталарынан Шу өзені мен Ұлытау тауларына қарай бегендік, шегендік руларынан тұратын момындар жылжыған. Бұл екеуінің ішінде атығай, бағыс, қанжығалы, тобықты, саржетім, шақшақ, бәсентин, қарауыл рулары болса керек.
Момындардан кейін Қаратаудан алтай, қалқаман, ағыс, қарпық, темеш руларынан тұратын қуандықтар келеді. Бұлар момындарды солтүстікке қарай ығыстырып, Сарысу, Нұра тағы басқа өзендердің жоғарғы ағысы бойына қарайғы даланы иеленеді. Қуандықтармен бірге Балқаш бойындағы тауларға қоныстанған қаракесектер де келген. Ең соңынан Арғын руларының үшінші тобын құраған төртуыл, қаржас, қозған, көкшалдан тұратын сүйіндіктер келеді. Төртуылдар момындарды Баянауылдан Ертіске қарай ығыстырған. Бұл деректер Жәпек батырдың 10 жасқа дейін Сыр өңірінде, кейін Ақтабан шұбырынды оқиғасынан соң, Ұлытау жерінде жігіттік шағын өткізгенін меңзейді.
Жәпек батыр есімі тарихи деректерде де көркем шығармаларда да кеңінен айтылған әрі жазылған. Шоқан Уәлиханов ол дәуірді ерлік ғасыры (эпоха рыцарства) деп атады. Қазақтардың ерлік ғасырының Жәпек батыр сынды тұлғаларының өмірбаяны, саясаттағы сайыпқырандығы мен ерлік істері, мемлекетшілдігі ұзақ ескерусіз жатты. Жәпек батыр туралы алғаш айта бастағандардың басында Ақселеу Сейдімбек тұр. Себебі, жазушы 1981 жылы басылып шыққан шығармалар жинағында Абылай хан мен Жәпек туралы аңызды келтірген. Талай рет қылышын қанға малған ұрыстарда қол бастаған Жәпек жайлы арнайы зерттеу жоқ, бірақ, оның көптеген саңлақ ерлермен дос болғаны айтылады. Көркем шығарма да алғаш рет Ілияс Есенберлин трилогиясында Жәпек батыр бейнесі сомдалды. Батыр Баян мен Жәпектің арасындағы достықтың берік екендігін жазушы қалмақ қызын олжалағандағы оқиға арқылы меңзейді.
Көркем шығарма нақты тарихи дерек көзі ретінде көрсетілмеуі керек болса да, мен Шал ақынның өлеңіндегі Жәпек батырдың аты аталуын құнды дерек деп санаймын. Себебі, Жәпек батыр туралы даулы мәселелерге Шал ақын (Тілеуке) шығармашылығындағы Құлеке мен Жәпектің замандас, дос әрі Атығайдың ту ұстар хас батырлары болғандығының айтылуы нүкте қояды. Біріншіден, Шал ақын заманы басқа рудың батырын иемденуге мүмкіндік бермейтін, бүгінгідей жиендік жасауға болмайтын заман-ды. Екіншіден, біз үшін көп дерегі бұлыңғыр Жәпек батырдың өмірі мен ерлігі, тегі Шал ақын үшін айқын болатын. Шал ақынның әкесі Құлеке Жәпек батырдан бір жас үлкен. Жазба құжаттарда Құлекені (Құлсарыны да) батыр немесе старшина деп атап отырған. Ресейдің сыртқы істер алқасының Орынбор губернаторы А.Давыдовқа 1760 жылғы 18 шілдеде берген жарлығында Құлеке батырдың қазақ ішінде аса атақты, беделді адам екендігі айтылып, онымен жақсы қатынаста тұру керектігі, лайықты сый көрсетілуі қажеттігі ескертілген. Шал ақын (Тілеуке) өзінің өлеңінде Атығай батырларын:
Құдай жақсы жаратқан Нұрекені айт,
Елде жасы бар болса бір-екіні айт.
Атығайда төрт қасқа батыр өткен
Жантелі, Жәпек,Тілеке,Құлекені айт!–деп атап өткен.
Бұл батырлардың екеуі – Жантелі мен Жәпек атығай болса, ал Тілеке, Құлекелер бәйімбет еді.Тілеке мен Құлеке – бір туысқан ағалы-інілі бауырлар. Тілеке Жәпек батырдан он жас үлкен екен. Тілеке – Әбілмәмбет ханның тұсында жасаған атақты батырлардың бірі. Жоғарыда аталған кітапта мынадай жолдар бар: «Генерал-лейтенант подарил хану (Абульмамбету.–Қ.М.) белый хрептовый, пансырь железной, Абылай султану – пансырь железной. Джанибек батыру – пансырь такой же. Тлеке батыру – пансырь же» [5, 16]. Яғни, патша үкіметі Тілеке батырды да жоғары бағалаған.
Шал ақын өзiнiң өлеңдерiнде Атығай руының бес батырын атап кетедi. Олар – Жантелi, Жәпек, Меңдеке, Тiлеке, Құлеке батырлар. Жантелi мен Жәпек батырлар Құдайберлi ұрпағынан тарайды. Кезінде Бұқар жырау аңсаған тыныш тіршілік пен жарқын болашақ үшін күресіп бес қаруын асынған батыр бабалардың көрнекті қатарын Арғын тайпасынан шығып, бүгінде тұтас ұлттың мақтанышына айналған тұлғалар толықтыра түседі. Олар – Атығай Жәпек батыр, Қанжығалы қарт Бөгембай, Шақшақ Жәнібек, Шақшақ Бөгенбай, Сүйіндік Олжабай, Бәсентин Малайсары, Тарақты Байғозы, Тобықты Мамай, Атығай Құлсары, Құлеке, Андықожа және тағы басқа батырлар мен Тарақты Қойсана, Бәсентин Гауһар сынды батыр қыздарымыз.
«Қытай мұрағаттарында сақталып, кейінірек қолға тиіп отырған мына құжатта қазақ батырлары туралы деректер бар. 1758 жылғы ақпан айында хатталып, тіркелген «Қазақ тайпаларының саны туралы»(1.528-530) деген тізбеде: «Орта жүзде: тарақты, арғын, найман, керей, уақ, төлеңгіт, қыпшақ қатарлы 7 тайпа бар» екендігі көрсетіледі де, олардың саны, кімнің билігінде екендігі құжат түрінде жазылған. Көне тарихи мағлұмат ретінде қазіргі ұрпаққа қызықты көрінер деген ниетпен сол тізімді қысқартпай бермекпін:
«Тарақты тайпасының 400-ге жуық отбасы Наймантай батырдың билігінде. (Тарақты Байғозы батырдың әкесі Наймантай батыр. –З.Т.)
Қанжығалы арғынның 2000 отбасы Бөгенбай батырдың билігінде,
Қаракесектің 2000 отбасы Қазыбек бидің билігінде,
Алтай-арғынның 3000 отбасы Нияз батырдың билігінде,
Атығай-арғынның 1000 отбасы Жәпек батырдың,
Қарауыл-арғынның 2000 отбасы Итқара батырдың,
Бәсетиін-арғынның 2000 отбасы Жанұзақ батырдың,
Тобықты-арғынның 1000 отбасы Қарпық бидің,
Қозған-арғынның 1000 отбасы Төлеуке бидің,
Төртуыл-арғынның 2000 отбасы Бабеке бидің,
Арғын майлы-балта руының 1000 отбасы Итқара батырдың,
Баба-арғыннның 500 отбасы Бабаназар бидің қарауында» [6, 528-530].
Белгілі ғалым, тарихшы Зарқын Тайшыбай ағамыздың зерттеуінен байқағанымыздай Атығай руына Жәпек батыр билік еткен.
Қандай халықтың болмасын қолбасшысы, батыры, ханы болады. Басшысы жоқ ел алысқа бармаған. Заманында Абылайға дос, кеңесші болған Жәпек баһадүрдің өмірі мен болмысы әскери ақсүйектіктің биік деңгейін көрсетеді. Жәпек батыр Абылайдың қасында жүріп қақпа бұзып, жау қамалына ойран салған хас батыр ғана емес, мың отбасылы үлкен руды басқарған, әлеуметтік мәселені шешкен, атадан балаға жалғасқан дәстүрді дәріптеген би, басқарушы болған.
Шалкиізше айтқанда:
Күлікке тастай болып тимесе,
Үстіме көбе сайлап кимен-ді.
Дулығамның төбесі,
Туған айдай болмаса,
Батыршылық сүрменді – деп өмір сүрген, жауды жығар ерлігімен аты шыққан, кіндік кесіп, кір жуған қасиетті туған елді қорғаған, ХVІІІ ғасырда қазақ қоғамында халық сүйіспеншілігіне бөленген батырлар тобының құрамында болған қаһарман тұлға. Жәпек батыр дәуірін Шоқан Уәлиханов европадағы рыцарлық кезеңмен бекер байланыстырған жоқ. Әрине, рыцарлық кезеңдер бірнешеге бөлінеді. Абылай кезеңіндегі жауынгерлік дәстүр мен әскери іс-қимылдар Людовик І, Карл ІІ секілді ұлы хандардың соғыс жүргізу тәсілімен ұқсас еді. Қазақ даласына жиі-жиі шабуыл жасайтын көрші мемлекеттерден елін аман алып қалған Жәпек, Бөгенбай, Қабанбай секілді батырлардың атты жасақтары еді.
Бүгінгі тәуелсіз күнімізді түсініп-түйсіну үшін де болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі көшпелі өмірге, батырлық дәуірге көз жіберуіміз керек. Тарихи кезеңдегі оқиғалар тізбегі мен қаһармандық эпостар бізге Жәпек батыр сынды тұлғаларды танытады. Батыр тұлғасын тани түскен сайын қазақ қоғамының даму үдерісін, тарихтағы бел-белесін, ел-жұрт тағдырының шешілуі, ұлт болып қалыптасуымыздың көкжиегін көруге болады. Ту ұстап, қол бастаған Жәпек батырдың ерлігі мен өмірі бүгінгі ұрпаққа бағыт-бағдар беріп, халық үшін көтерер жүктің анағұрлым ауыр һәм жауапты екенін сездіреді.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
1. Аристов Н. Заметки об этническом составе тюркских племен и народностей. – СПб., 1897. стр.89-90
2. Муканов М. Этническая территория казахов в ХVІІІ – начале ХХ веков. – Алма-Ата, 1991. стр.13-14
3. Валиханов Ч. Собрание сочинений в пяти томах. Том І. – Алматы, 1961. стр.221-222.
4. Құдайбердиев Ш. Шығармалары: өлеңдер, дастандар, қара сөздер. – Алматы, 1988. – 292-б.
5. Алекторов А. Материалы для изучения страны, истории и быта киргизов. Вып.2. – Оренбург, 1882. стр.16
6. Тайшыбай З. Қазақтың ханы – Абылай. 1-том. – Алматы, 2011. – 528-530-бб.