(Қолжазбаны өңдеген Төлепбергенов Ғалымтай Мәлікұлы)
Мәлік әкемнің қысқаша
өмірбаян дерегі
Менің қолымдағы уақыт табынан сарғыш тартқан қағазға жазылған шежірелік әңгіменің авторы – Мәлік Төлепбергенұлы. Ол – заманының сәуегейі атанған Жәпек бабамыздың екінші ұлы Жауқай бақсының алтыншы ұрпағы. 1924 жылы Жарағаш ауылында дүниеге келген. Осы шежірелік әңгімені ұзақ жылдар бойы сақтап, 2017 жылдың сәуірінде менің қолыма аманат қылып табыстаған ағам – Мырзатай Мәлікұлы. Әкеміз бастауыш білімді ауылда алып, кейін Сырымбеттегі орта мектепті өте жақсы бітіріп, Көкшетау қаласындағы қазақ педучилищесіне оқуға түсіп, оны 1941 жылы үздік бітірген. Сол жылы екінші дүниежүзілік соғыс басталып, 1942 жылы майдан шебіне алынып, 1946 жылға дейін Қызыл Армия әскері қатарында болған. НКВД-нің арнайы тапсырмаларын орындайтын Ставканың ерекше резервінде қызмет атқарған. Атап айтқанда, 1943 жылы Тегеран конференциясы кезінде Иранға кіргізілген 40-армияның құрамында, 1944 жылы Қырым конференциясы өткенде Ялтада арнайы миссиямен болған. 1944-1946 жылдары Украина территориясындағы әскер құрамында қызмет атқарған.
Соғыс біткен кезде арнайы мамандығы бар жауынгерлерді демобилизациялау туралы үкімет қаулысына байланысты елге ерте оралып, қызу еңбекке араласқан. Бұрынғы Көкшетау облысының Қызылту, Айыртау аудандарындағы мектептерде мұғалім, ал, 1957-58 жылдары Алматыдағы зоотехникалық мектепті бітіріп, Айыртау мен Көкшетау аудандарында ауыл шаруашылық саласында, ал, 1961 жылдан бастап қайтадан білім саласында ұстаздық қызметін жалғастырады.
1962 жылы Қарағанды пединститутының тарих факультетіне түсіп, оны 1967 жылы тәмамдайды. 1968 жылы Куйбышев ауданы құрылып, сонда кешкі жұмысшы жастар мектебінің директоры қызметіне тағайындалады. 1972 жылдан 1979 жылға дейін қазіргі Бурабай ауданының Мәдениет орта мектебінде тарих пәнінің мұғалімі, мектептің бастауыш партия ұйымы комитетінің жетекшісі болып қызмет етеді. Зейнет жасына жақындағанда 1980 жылы туған елі Айыртауға қарай оралып, Дәуқара орта мектебінде тарих пәнінің мұғалімі болып ұстаздық еңбек жолын жалғастырады. Сол мектептен 1984 жылы абыроймен мәуелі бәйтерегінің мол жемісін көріп зейнетке шығады.
Қырық жылдан астам уақыт ұстаздық жасаған Мәлік ағайды елі де білім алған шәкірттері де үлкен ризашылықпен әрқашан естеріне алып отырады. Біздің отбасы 1995 жылы елден Көкшетау қаласына көшкен соң, әкем 2005 жылы дүниеден өткен кезде Ресей Федерациясының ФСБ-қызметінің өкілдері іздеу салып келген көрінеді. Бірақ, ол кісілер тікелей балалары бізге жолыға алмай кеткен. Төменде әкеміздің 1990 жылдардың соңында жазып қалдырған шежірелік естелік әңгімесін өңдеп беріп отырмыз. Өзі айтушы еді жас күнімізде көнекөз қариялардың айтқан шежіре әңгімелерін қызыға тыңдағанымызбен, құныттап жазып алмаппыз деп өкініп айтып отыратын…
Жәпек батыр туралы бастапқы сөз
(Мәлік Төлепбергеннің қолжазбасынан)
Негізінде, Жәпек батыр – Абылай ханың жанында барлық өмірін өткізген Атығай-Қарауылдың батыры. Сондықтан, қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаев, қазақтың атақты ғалымы Шоқан Уәлиханов оны ХVIII ғасырдағы Бөгенбай, Қабанбай сынды батырлардың теңдесі, әйгілі батыр деп атаған. Батыр бабамыздың шын есімі ауыз екі тілде дұрыс айтылып келген болса, орыс деректерінің бірінде Жапак, кейінгі араб қарпімен жазылған мәтіннен көшірілгенінде Жәбек деп жазыла берген.
Жәпек батыр Дәуітбайұлы Атығайдың аса дәулетті отбасында дүниеге келген. Ол замандарда ер балаларды жас кезінен батырлық-жауынгерліктің қыр-сырына баулыған. Жәпек батыр – атақты Бөгенбай батырдың шәкірті. Көп жерде айтылып та жазылып та жүргендей Абылай Жақсылық Қарауыл ішіндегі Дәулетбай емес, Атығайдың Құдайберлісінен тарайтын Дәуітбайдың үйін сағалап, Жәпек батырмен бозбола шағынан бірге жүріп, ер жеткен. Былайша айтқанда, Шыңғыс ханның бірінші жасауылы Буыршы сияқты, оның бірінші жауынгер серігі – өзіне жасы шамалас, бірге ер жеткен Жәпек батыр.
ХVIII ғасырда өмір сүрген Ресей қызметіндегі неміс ғалымы Г.Миллер қырғыздар мен қазақтардың екі бөлек халық екенін айтып, бұл халықтың Шыңғыс хан заманы қайта туса, әлемді қайта жаулар еді деген пікірін жазып қалдырған. Бұл сол кездегі көрші Ресей жұртының да қазақтардың жауынгер, ер жүрек халық екендігін мойындап тұрғанын көрсетпей ме?! Менің қолыма Қазыбек бек Таусарұлы жазды деген шежірелік кітап келіп түсті. Онда да Жәпек батыр туралы айтылады, дегенмен, осы кітаптың меніңше бұлыңғыр тұстары көп. Сөйте отыра, ол да Жәпек батырдың ерлік істерін айтпай кетуге лажы қалмаған. Жұрттың айтуы бойынша Жәпек батыр есімі жалғыз Солтүстік облыстарда ғана емес, Оңтүстік облыста да кездеседі. Мәселен, Алматының маңында Жәпек ауылы бар. Руы шапырашты екен. Міне, бұл өте күрделі жағдай.
Жоңғарға, циндік Қытайға қарсы жүргізген қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысының көсемдерінің бірі – Жәпек батыр. Жәпек батырдың өмірін зерттеу өте күрделі. Себебі, Жәпек батырға байланысты тарихи материалдар бүгінгі күнге дейін жүйеленбей келеді, қолда бары өте аз. Кезінде Атығайдан шыққан Шал ақынның ұзақ жыр-дастаны бүкіл Атығай елінің әргі-бергі тарихын, оның ішінде атығайдың белгілі адамдарының, ел ағаларының, Жәпек батырдың ерлік, даналық істерін баяндаған аса құнды дүние екен. Жәпек батырдың атқарған қолбасшылық, іскерлік істерін Шал ақын бір тәулік бойы жырлауға жететін үлкен поэма-жыр толғаған. Әттеген-ай не керек, кейін бұл жырдың кеңес үкіметі тұсында оның қолжазба нұсқасын аты белгісіз бір адам жойып жіберген (кімнің жойғанын білген, бірақ, әдейі айтпай отыр Ғ.М.), кеңес үкіметі оның атын айтуға тиым салады ( өйткені, бұл жырда Абылай хан да бар еді, оның үстіне бұл кез Е.Бекмаханов пен Е.Исмаиловтар қудаланып батырлар жырларына тиым салынған кез).
Одан ертеректе, соғыс жылдары Көкшетау қаласының түбіндегі Қызылсая ауылының ауылнайы Қоянбаев деген азамат жиын-тойларда поэманың бір тамаша бөлігін жыр-әуенмен жатқа айтып жүрген. Сол кезде ешкім ол жырды жазып алмаған. Мен ол кезде әскер қатарында едім, бертін келе ол кісі қайтыс болған. Осылай аса мән бермей жүргеннің салдарынан жыр ұмытылды. Дегенмен, Жәпек батыр секілді кісіні сүйген халқы ұмытқан жоқ.
Жәпек бабамыз туралы мақалалар кезінде Ленин туы, Социалистік Қазақстан, Көкшетау правдасы, Көкшетау газеттерінде басылып тұрды. Нақты есімде жоқ, шамамен 60-жылдардың ішінде болар «Жұлдыз» журналына шыққан Жәпек батыр туралы бір мақаланы оқығаным бар. Бірақ, өкінішке орай, авторы есімде нақты қалмаған. Әйтеуір, Керекудің жігіті екенін білемін. Сол кезде Жәпек батыр туралы ізденіп, тың материалдар жинап, кітап жазуды қолға алған Жауаров Уәлихан, Құсайынов Шахмет, Бұланбаев Хамит, Әлиев Уәли сынды әулетіміздің атақты адамдары болған. Әсіресе, Жауаров Уәлихан терең зерттеп, бір кітапқа жүк болатын материалдар жинақтаған. Алайда, сол заманның саяси ағымның қырсығынан ол кітап баспадан шықпай қалады. Қолжазба қай мұрағатта қалып қойғаны белгісіз. Ал, Шахмет Құсайынов драма жазбақ болды. Ол да Шахметтің өз мұрағатында сақталуға тиісті. Бұл топтың істеген бір жақсылығы Шахмет Құсайынов пен Сәбит Мұқановтардың қолдауымен Жәпек батыр Қазақ Совет энциклопедиясына енгізілді. (Ілияс Есенберлин өзінің Алмас қылыш трилогиясына енгізді Ғ.М.). Өкінішке орай, осы күнге дейін ер есімі туралы түрлі тарихи-салтанатты жиындарда есімдері ардақталып айтылатын Бөгенбай, Қабанбай батырлардың есімдерімен қатар аталмай келеді. Негізінде, Жәпек батырдың есімі осы батырлармен тең айтылуы қажет еді. Өйткені,Жәпек ерлігі – осы батырлармен сабақтас.
Жәпек батырдың елдес, жерлес жауынгерлік досы – Қарауыл Қанай би. Олар Атығай-Қарауылға, исі қазаққа байланысты істерде бірін-бірі үнемі қолдап отырған. Ол кездің адамдары Атығай-Қарауылды бір ел-жұрт деп санаған, ешқашан бірінен-бірін бөліп айтпаған. Жоңғар-қалмақтың беті қайтып, оңтүстік-шығыста жаңа одан да жүз есе қуатты шүршіт-қытайлар қаптаған кезде Абылай үш жүзге сауын айтып ел ағаларынан ақыл сұрады. Жәпек батыр мен Қанай би шүршітке соққы беру, майдан ашу керек деген пікірді қолдады. Бұл ұсынысқа үздіксіз соғыстан шаршаған, табан тіреп ұрысатын күш-қуат қалмағанын сылтауратып айтқан әскери кеңестің көптеген мүшелері қарсы шықты. Абылай екі жарылған кеңестің пікірлерін тыңдай келе, шүршіт-қытайға бағынбай, өз тәуелсіздігін сақтап қалу үшін қазақтардың соғыс жүргізгені дұрыс деген пікірге тоқтады. (Кейінгі өріс алған оқиғалар мен тарихымыз бұл шешімнің өте дұрыстығын дәлелдеп отыр. Ғ.М., Қытайдың 170 мыңдық экспедициялық армиясы Балқаш пен Аягөз түбіндегі ұрыстарда сұмдық сәтсіздіктерге ұшырап, қазақ жерін тастап шығуға мәжбүр болды.)
Абылай хан шүршіт-қытайлардың агрессиясына қарсы барлық қазақ жұртын тас-түйін қылып біріктіріп, қытай әскерлерін бірнеше рет күл-талқанын шығарып жеңді. Қанжығалы Бөгенбай, Қаркерей Қабанбай, Құдайберлі Жәпек батыр, Бәсентиін Малайсары мен Сырымбет, Уақ Баян, Сүйіндік Олжабай батырлар осы соғыста ерлік пен қолбасшылықтың керемет үлгілерін көрсетіп, қаптаған жаудың мысын басып тастады.
Жәпек есімімен байланысты жер-су атаулары Жәпек балаларының қонысы болған қазіргі Ғабит Мүсірепов атындағы ауданға қарайтын Шұқыркөл аулының маңында кездеседі. Ол жер ежелден Жәпек шілігі деп аталынады. Екінші бір әңгіме Абылай заманының Ұлы бақсысы дәрежесіне көтерілген Жәпек батырдың екінші ұлы Жауқай бабамызбен байланысты. Ел ішіндегі аңызға қарағанда Жауқайдың кезінде ат бәйгесіне қосқан қобызы қазіргі Жанасу ауылы мен Шұқыркөлдің арасындағы бір шұңқыр жерге көмілген деседі. Демек, кезінде Жәпек батырдың Кежек деген әйелінен тарайтын ұрпақтары осы Шұңқыркөлге таяу жерлерді көп уақыт бойына мекендеп тұрған. Халық аңызына қарағанда сол қасиетті қобызды әлдекімдер қазып алып кеткен сыңайлы. Бабамыздың екінші әйелі Кежек Жәпек батырмен соғыс кезінде кездескен. Ол атақты Малайсары батырдың яки қарындасы яки қызы. Жәпек бабамыз жауынгер-қыз Кежек анамызға осылайша жорық үстінде үйленген деседі.
Кежек батыр-қыз, Кежекен ана
Бұл әжеміздің өмірін ауылда күні бүгінгі күнге дейін тарихи естелік қылып айтып отырады. Тілеубаев Хамит және Дүйсенбаев Құсайын аталарымыз бұл әжеміз туралы түрлі шежіре-әңгімелер айтатын. Мәселен, Кежек әжеміз үйде отырғанда даладан «аттан, аттан» жылқыға жау тиді деген суық хабар естиді. Осыны естіген Кежек әжеміз сауыт-сайманын киіп, шашын дулығаның ішіне түйіп, қолына найзасын алып, кигіз үйдің сыртында белдеуде байлаулы тұрған қазанат-тұлпарға мініп, барымташылардың артынан қуа жөнеліпті. Лезде бір биік төбеге дулыға сауыты күнге шағылысып шыға келгенде, барымташылар: «Е, мынау келіп қалған Жәпек батырдың өзі болды ғой деп» көбісі жылқыны тастай сала қашқан екен деседі. Бөгеліп қалған бір-екеуін аттан жұлып түсірген Кежекен батыр анамыз, жауға беттеуге жүректері дауаламаған жылқышылардың алдына бүкіл жылқымен бірге әлгі барымташыларды найзамен түртіп жаяу қоса айдап қайтқанын ақсақалдарымыз әр қилы әңгіме-хикая қылып айтысып жүретін.
Жәпек бабамыз төрт әйел алған, оның екеуінен ұрпақ тараған. Бүгінгі ойдағы Ораз бен қырдағы Ораздың барлығы дерлік осы екі әйелінен тараған ұрпақтары. Жәпек бабамыздың Кежек әжемізге қосылу тойы қазіргі Бапан көлінің жағасында өткен. Осы әжемізден бес бала тараған. Олар – Сейтен, Жауқай, Жарты, Жортушы, Сарықазақ. Екінші баласы Жауқай – бауырына салған баласы. Алмағайып, жаугершілік заманда қырық жігіт Орал таудың сыртындағы башқұрт елінен ауып, қазақ даласына бас сауғалап келгенде Абылай хан оларды орыс үкіметіне ұстап бермей ел арасына таратып жіберген. Сөйтіп, Кежек әжеміз қазақтың салты бойынша ерекше рәсім өткізіп, Жауқайға қойдың асықты жілігін ұстатып, тұла бойы тұңғышым Сейтенімнен кейінгі балам боласың деп барша жұртқа қарата айтқан. Содан бері Жауқай ұрпақтары үнемі Сейтен балаларымен бірге көшіп-қонып жүрген. Кежекен анамыз басқа балаларына былай деп өсиет тастайды: «Егер де баламды менен тумаған деп кемсітсеңдер, сендерге берген ақ сүтімді кешірмеймін» деп қатты айтып ұрпақтарына аманаттайды. Осы өсиет бойынша ешкім де Жауқайдан тараған ұрпақтарды сен естексің, башқұртсың деп айтпайды. Егер, біреу кездейсоқ айта қалса, үлкендер ренжіп, айтқан кісіге тоқтау салған. Дегенмен, Жауқай Башқұртстаннан келген, қазақтар естек деп атайтын башқұрт болуы мүмкін. (1735-36 жылдары Башқұртстанда Ресей билігіне қарсы Батырша – Қарасақал көтерілістері кезінде келуі ықтимал Ғ.М.). Бір анығы олардың осы жерді бұрынырақ мекендеген естектерден еместігінде. Жауқайдың басына үй тігіп, үйлендіріп, еншісін беріп алдына мал салған – Жәпек бабамыз бен Кежекен анамыз.
Башқұрт көтерілісі патша жазалаушы жасақтарының тарапынан қан-жоса болып, «Ақтабан шұбырындыға» ұшыраған қазақтар секілді Қазақстанға қарай босып келген. Мұны толық жазып отырған себебім, Жәпек батыр көтерілісшілерге көмек көрсетуге хан сарбаздарымен Башқұртстанға барған (әкеміздің осы дерегіне күмәнмен қарап, артық кеткен жоқ па екен деп жүргенімде, Башқұртстан ғалымы Р.Бұқанова 2013 жылы Шоқан оқуларына Башқұрт көтерілісшілеріне көмекке бес қаруы сай 700 жауынгер жібергені туралы мақаланы мұрағат деректері негізінде жариялады. Екінші дерек, Абылайдың ұрпағы Көкшетаулық Қанғожадан тарайтын тарихшы мұғалім Өмірбек Арыстанғалиұлы осы жорықта башқұртқа хан сайлауға Ақылай деген баласын жібергенін айтады. Ғажап, бірін-бірі білмейтін екі автор мың жарым шақырым ұзақта жатқан екі дерек беруші де әкейдің әңгімесіндегі оқиғаның шынайылығын дәлелдеп тұр. Міне, қазақ шежіресінің дәлдігі де осында). Патша үкіметі көтерілісті жеңгеннен кейін Жәпек бастаған қазақ сарбаздарының көпшілігі аман-есен елге келген.
Абылайлап жауға шапқан батыр
Жәпек батыр ғылыми ортада әлі де белгісіз, кейбіреулер білсе де білмегенсіп, ауыл-қотанның батыры болған шығар деген теріс пікір айтады. Жоғарыда айтқанымыздай, Уәлихан Жауаров Жәпек батыр туралы тарихи очерктер дайындаған. Алайда, Абылайдың өзін ақтамай тұрған заманда, Абылайдың құйыршығы деп көре алмаған қазақтар айтқан пікір үстем заманда Жәпек батырды өзіне лайықты мәртебелі дәрежесіне сай жарық дүниеге қайта шығару еш мүмкін болмай келді.
Жәпек батыр шежіре дерегінде жалпақ елге Абылай ханмен бірдей, бір мезгілде танылған. Ол турасында ауылдың шежіре қарттары Дүйсенбаев Құсайын, Жауар Тілеубаевтар былайша баяндайды: «Шайқас кезінде әлі Сабалақ атанып жүрген Абылай жекпе-жекте жау батырын мерт қылып, жауға Абылайлап атой салғанда оның соңынан ілесіп, жауға бірге атой салған Жәпек батыр екен дейді. Жауды жеңгеннен кейін, Әбілмәмбет хан жауға Абылайлап ұран шақырып кірген ана екі жігіт кімдер деп сұрағанда, қолбасылар оның бірі Сабалақ, екіншісі Жәпек деп жауап қайырған. Демек, Абылайдың ел көзіне танылуы да осы алғашқы шайқас болса, Жәпектің де батыр атанған алғашқы ұрысы да осы болса керек. Шежіре дерегінде бұл оқиға Балқаш көлі маңындағы Аңырақай шайқасы кезінде болды дейді. (Қазіргі заманғы ірі қазақ тарихшысы Жамбыл Омарұлы Артықбаев бұл оқиғаны 1734 жылдар шамасында деп жобалайды. Ғ.М.) Дүйсенбай баласы Құсайын және Тілеубай баласы Хамит Жәпек батырдың туған жерін нақты ашып айта алмайды, тек Атығай-Қарауыл ішінде туған деген пікірмен шектеледі. Бірінші пікір, Атығайлар осы Арқаның солтүстік өңірінде ХVI ғасырдың өзінде көшіп-қонған. Ал, ХVI ғасырдың аяғында қайтадан Сыр бойына жылжыған. Екінші пікір, Атығайлар Сыр бойынан тек ХVIII ғасырдың бірінші ширегінде Жәпек батыр заманында ғана қоныс аудара бастаған деседі. Бұл екі түрлі пікірдің қайсысы дұрыс деген сұрақ туады. Меніңше, бірінші пікір шындыққа сай келеді.
Осы өткен ғасырдың орта шеніне дейін тек халық жыршылары ғана Жәпек батырды ел есінен шығармай жырлап отырған. Біздің Көшқұлы – Ораз ішінде Шахметтің інісі Еркөкше ақын толық жырлаған ( Ол кісі 50 – жылдары Қоскөлге Кенжеғалиев Көшен көшіріп әкелгесін қайтқан). Ал, 60 – жылдары ұзақ жырдың тек үзіндісін ғана Қоянбаев айтқан. Шежіре деректерінің бірінде Жәпек батыр Ертіс бойына Малайсары ауылына қайын жұртына қайыншылап барған кезде қайтыс болып, сол Қарқарылының маңына жерленген делінеді.
Ал, Павлодар облысының қазақтары да Жәпек батырға арнап очерктер мен әңгімелер жазған. Екінші шежірелік нұсқада, расында да Жәпек батыр Ертіс бойына қайыншылап барып, өз ажалынан дүние салған делінеді. (Жәпек батыр Абылай хан билігі дүрілдеп тұрған 1776 жылдар шамасында қыс мезгілінде дүниеден өткен. Сол кездегі дәстүрге сай денесі теріге тігіліп сөреге ілініп қойылады. Бөгенбайдың сөресінің орны әлі тұр емес пе?! Ғ.М.) Жазғытұры күн жылына бастағанда Жәпек батырдың денесі Түркістанға жеткізіліп, қазақтың игі жақсыларының жанына жерленген. (Біз осы әкейдің шежіре-әңгімесіндегі екінші нұсқаны дұрыс деп санаймыз. Оның себебі көп, ең алдымен, Жәпек батыр дүниеден өткенде Абылай ханның көзі тірі, өзінің сенімді серігі Сыр бойының тумасы Жәпек батырды өз қонысынан да, туған жерінен де жырақта жерлей салуға рұқсат бермесі анық, екіншіден, Жәпек батырдың баласы Сарықазақ та Түркістанда жерленген. Үшіншіден, оның алты баласы мен ер жеткен немерелері және жалпақ елі Жәпек батырды Қарқарылыдағы қайын жұртына тастай салды дегенге кім сенеді?! Сондықтан, ол жерде Жәпек батыр сөресі ғана тұрған болуы керек. Ғ.М. ).
Аманат
Абылай хан төлеңгіттерімен және Жәпек батырмен бірге аңға шығады, ұзақ күнге аттан түспеген аңшылар бір мезгілде еру қылып, дем алуға кіріседі. Сол кезде қалмақтар ұйықтап жатқан Абылай мен оның серіктерін тұтқынға түсіреді. Тұтқынға түскендердің барлығы, яғни, Абылайдан басқалары азапталады. Мәселен, Жәпек батырды жас өгіздің терісіне орап ыстық күн көзіне тастайды. Ыстыққа жас тері кеуіп, жиырылып қыса бастайды. Осылай Жәпек оншақты күн шыжыған күннің астында жатады. Ақырында, Абылай Жәпек батырды азаптан құтқарып алады. Абылай ханды қалмақтар оқталғанымен оны өлтіруге батылдары жетпейді. Осы кезде қазақтың Малайсары батыры бастаған елшілері екі ортада жүріп, Абылай мен оның серіктерін тұтқыннан құтқарып алады. Қалмақ ханы Абылайдан аманат сұрайды. Абылайдың бұл кезде баласы жоқ екен. Сонда қалмақ ханы оның ең сенімді серігі Жәпек батырдың шаңырақ иесі, бел баласы Сарықазақты сұрайды.
Аманат дегеніміз – келісімшарттың орындалуына әрі сақталуына сенімді болуы үшін берілетін адам не мал. Бұрынғы қарттардан естуімше, Сарықазақтың шын есімі – Құттыкелді. Сарықазақ болып аталуының себебі, ол атқан оғы жерде қалмайтын, нысанаға дәл тигізетін қырағы көз мергендігінен. Бірде қалмақ ханының Ордасының алдында жас сарбаздар нысана көздеп жарысқан екен. Сол кезде Құткелдінің атқан оғы нысанаға қайта-қайта дәл тие берсе керек. Жас бозбалаларының бұл өнерін сырттан тамашалап тұрған хан: «Бұл бала кім деп сұраған екен..». Сонда оның жанындағы қалмақ балалары бұл Сарықазақ деп жауап берген деседі. Кейін, Құттыкелді Сарықазақ батыр атанып, соғыстардан тек жеңіспен оралып, аты бүкіл елге танылған деседі.
Түйін сөз
Жәпек батыр – ұлы тарихи тұлға, ХVIII ғасырда өмір сүрген қоғамдық және саяси-әскери қайраткер. Сол кездегі қазақ елі үшін болған соғыстың бар ауыртпалығын көтерген өз заманының күрескері. Ол өзінің қажырлы жауынгерлік жолымен де, хан кеңесінің тұрақты мүшесі ретінде де елге аса танымал болды. Ел ішінде Абылай-Жәпек есімі бір кездері қатар аталды. Абылай заманында оның атағы, дәрежесі, саяси беделі биікке көтерілген. Тіпті ел арасында оның жарты патша атануы Жәпек батырдың қолбасшылық қана емес, ел басқарушылық қабілетке ие адам екендігін айғақтайды. Жәпек батыр Абылай ханның маңдай сүбе, яғни, негізгі әскери күшіне қолбасшылық жасады. Жәпек батыр Бұқар жырлағандай қиын сәтте жол тапқыш, ұшқыр ақыл мен батыл шешімнің адамы еді. Ең бастысы, Жәпек батыр Дәуітбайұлы – өз халқының, елінің ардақты тұлғасы ретінде, сол Абылай заманының өзінде де елге кеңінен танылған ер жүректі халық каһарманы.
Бұл тақырыптың қазіргі заманғы кейіпкерлері
Көшқұлы-Ораз жігіттері:
1. Бәйкен Әшімов – 1968-1986 жылға дейін Қазақ КСР Министрлер кеңесінің төрағасы.
2. Әуелбеков Еркін – Көкшетау, Торғай, Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы.
3. Сыздықов Фазыл – 1920-1930 жылдары Ақмолада төраға.
4. Мұстапа У. – 1925-1930 жылдары Қорғалжын аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы.