Бекмағанбетова Оралсын Қалиқайдарқызы
гуманитарлық ғылым магистрі,
Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің оқытушысы
Ел тағдырын өз тағдырынан биік қойған, ұлтының тұтастығын, жерінің бүтіндігін мұрат еткен қазақ батырлары қазақ тарихының әр белесінде тұлғалық деңгейге көтеріліп отырған. Яғни, олар ұлттық тұлға болған. Осы ұлттық тұлға биігіне кімдер көтеріле алған? Осы биік азаматтық мәртебеге, халықтық бағаға кімдер лайықты болған? Қандай істері арқылы осындай дәрежеге жеткен?
Ең алдымен, ұлттық тұлға деген ұғым – тарихи өлшем. Яғни, тарихи тұрғыдан ұлт үшін, халық үшін орасан маңызы зор, тарихи мәні терең іс-әрекетке барған немесе аса жауапты тарихи сәттерде халық тағдырында айрықша орны болған адамға халықтың өзі осындай ұлттық, тұлғалық деңгейге көтеретін бағаны беріп отырған. Міне, қазақ тарихының әрбір белесінде осындай орасан зор халықтық мәні бар тарихи оқиғаларға араласып, осы тарихи оқиғаларды басқарған, ұйымдастырушы болған немесе асқан ерлік көрсеткен азаматтар – Ұлт тұлғалары атанған. Қазақ ұлтының бағына, тағдырына орай Тарих-ана әр ғасырда жау жүрек, батыр ұлдары мен қыздарын мол жаратқан.
Қазақ жерінің бір сүйемі де осылардың арқасында жаудың қолында кетпеді. Осылайша, ол шеті мен бұл шетіне құс қанаты талатын казіргі кең байтақ өлкемізді, құтты қоныс, атамекенімізді ұлы жорықтарда батыр бабаларымыз білегінің күшімен, найзасының ұшымен қорғай жүріп, бізге аманаттап қалдырды.Осы еңбегі үшін халық биікке көтерген, ардақтап, аттарын аңызға айналдырған батырлардың ішінде, әсіресе, Абылай ханның бас қолбасшылары саналған Қаракерей Қабанбай, Атығай Жәпек батыр, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай бір төбе болса, тағы да осылардың қатарында бір шоғыр қазақ батырларының − Өтеген мен Сұраншы, Сеңкібай мен Шойбек, Малайсары мен Жәнібек пен Тілеуке, Қылышбек пен Естенбек, Есенқұл мен Сыпатай сынды ақберендердің есімдері де айрықша жарқырап көрінеді. «Заманына қарай – адамы» демекші, ол заман «елімдеп еңіреген» небір баһадүр батырларды туғызды.
Жалпы көркем өнердегі, оның ішіндегі, көркем әдебиеттегі бейнеленген батырлар тұлғасына назар аударсақ, зер салсақ қазақ қаламгерлерінің үлкен бір шоғыры нақты тарихи болған батырларға, олардың нақты өмір кешкен заманына көбірек қалам тербегенін аңғарамыз. Нақты тарихи тұлғаның образын сомдау бір жағынан авторлар үшін көп ізденісті талап етсе, екінші жағынан, ел ішіндегі көнекөз қариялардың әңгімесі немесе ел жүрегінде жатталып қалған аңыз-әңгімелер, жыр-шежірелер барлығы жиылып келгенде қазақ қаламгерлері үшін таптырмас мол рухани қазына көзі болды.
Осы халықтық қазынаға табан тіреген ақындарымыз, жыршы-жырауларымыз және прозашыларымыз кейіпкер сомдауға қажетті тарихи деректердің барлығын елдің өзінен алды. Осы арқылы қазақ батырларының көркем әдебиеттегі бейнесінің халықтық сипаты, елдік мән-маңызы тереңдей түсті.
«Ақсұңқар ұшар жем үшін,
Ер жігіт туар ел үшін» – дейді дана халқымыз. Міне, осындай қол бастаған қазақтың жау жүрек батыры Жәпектің бейнесін ақын Иран-Ғайыптың «Жәпек-Шаған» поэмасынан көруге болады.
«Талай Өлім
Жетегіне ердік қой,
Не сұмдықты көрдік қой…
Алайда,
Сен Жәбегім,
Осы жолы,
Оллаһи,
Мені – Ханын Қазақтың,
Тура келген
Бір Ажалдан ап қалдың
Ерлігіңе – қайранмын!
Егерәки, құп көрсең,
Жүректесіп Өзіңмен,
Ақыреттік айрылмас –
Дос болуға оқталдым…» – деп Иран-Ғайып ақын жырлағандай, поэманың негізгі желісі Арғын тайпасының Атығай руынан шыққан, әйгілі Қалқаш батырдың Дәуітбай атты баласынан туған Жәпек батыр жайлы болмақ.
Иран-Ғайып «Жәпек батыр» поэмасында халық өмірінің тұтас бір дәуірін жан-жақты қамти отырып, сол тарихи кезеңдегі батырлардың сыртқы жауларға қарсы ерлік күресін, ел ішіндегі әлеуметтік қайшылықтармен тартыстарды көркем бейнелеп, Жәпек батырдың шынайы бейнесін, яғни, реалистік образын танытады. «Реалистік образ – әдебиеттегі адамның ең сымбатты, шынайы түрі. Мұның сымбаттылығы да, шынайылығы да шыншылдығын да, бұл – кәдімгі өмірде болған, бар және бола беретін, бірақ, қайталанбайтын, әрқашан бұрын-соңды белгісіз тың қырынан көрініп, ылғи жаңарып отыратын тип» [3, 48].
Жәпек Батыр?!
Би-кесімі – Хан-Жарлық!
Ұрыстағы Кешегі –
Ерлігіңе таң қалдық!
Дән ризамыз –
Саған Біз!
Соның үшін,
Соғыстың
Сый-Кәдесі – Шаған қыз –
Сенікі [1, 201] – деп, поэмада Абылай хан Жәпек батырды мадақтаған. Бұдан батырдың соғыс өнерін жетік меңгергенін, өзгелерден бір төбе биік тұрғанын көреміз. Жәпектің өмірі жоңғарларға қарсы күресте өтеді. Елге үстемдігін жүргізген басқыншы жаудың зорлығы мен зомбылығын қарсы ерлік көрсеткені үшін қалмақтың қызы –
Шағанды сыйға алады.
Келсең кел…
Қаһарыңа қарасам –
Қаһандайын екенсің!
Сақалыңа қарасам –
Атамдайын екенсің…
Аруақ! [1, 204] – деп, жекпе-жекте жоңғардың батыры Кәбінді өлтіреді. Батырдың ерлігіне риза болған елі «Сең бұзардай қарқының», «Жай оғындай» деген теңеулер қолданылады.
Қазақ мемлекетінің мүддесін қорғауда асқан батылдық танытып, Абылайдың адал да абыройлы қолбасшыларының бірі әрі досы еді. Жәпектің теңдесі жоқ батырлығын жаулары да мойындаған.
Бармақты қой,
Жәпек…
Бармақ-Достық –
Көңіл-Хоштық!
Не тұрады –
Тән Бақыры – Тамшы Қан –
Жан дүние Алтынының қасында…
… Кел…
(Құшағын жайып)
…Жүрегіңнің Жалынына орансам…
(…Екеуі – төстесіп-құшақтасады…)
Дәл бүгіннен –
Ақыреттік Дос санадым – Сені, Жәпек… [1, 226] – деген жолдардан Абылай хан Жәпекті өмірлік серігі еткенін көреміз. Тағы бір дәлел, Мағжан Жұмабаев «Қалданға ханмен бірге тұтқын болған, жолдасы Абылайдың батыр Жәпек» деп жырлайды.
Біз де − риза
Жәбекке…
…Келе сала,
Шаған-Келінді- жерледі…
Ай-Күмбезін-
Асыл Таспен зерледі…
…Содан кейін,
Игі-Жақсы-
Басын қосты Елдегі…
Ташкент-асты,
Түркістан-барды,
Сырға-өтті,
Ханға,
Биге,
Бекке-
Тыным бермеді:
Ұлы Жүздің Ханының-
Жүрегіне жол ашып,
Кіші Жүздің Ханымен-
Ет-Бауырындай жанасып,
Төбе Биді-
Төле Биді қалқалап,
Әйтеке Би-
Аманатын арқалап,
Қанжығалы Бөгенбаймен бірігіп,
Қаракерей Қабанбаймен кірігіп,
Шапыршты Наурызбаймен сырласып,
Жампоз текті Тайлақпенен мұңдасып,
Күн-Түн қатып-
Жүріп,
Бекіп құптанды…
…Ел боп,
Ер боп жабылып,
Тұтқынынан Жоңғардың,
Ақыры,
Сені –құтқарды,
Хан-Ием! – деп, поэмада соғыс тәсілінде алдына жан салмайтын сұңғылалығын жоғары бағалағанын көреміз. Батырдың көңіл-күй сәттерін, ішкі буыр¬қанған толғаныс иірімдерін білдіретін диалог, монологтар да, ұлғайту (гипербола) мен әсірелеу (гротеск) де мол орын алады. Батырдың барлық қаһармандық қырлары, туған елі мен туған жері үшін қасық қаны қалғанша жаумен жаға жыртысып өткен батыр тұлғасының сырт келбетімен қоса, онын рухани жан дүниесіне де баға беріледі.
Поэмада Жәпек батырға:
Жоғарылат?!
Ойланба да толғанба!
Ерлікке де,
Елдікке де-
Өлшемдей,
Дос болған соң,
Болу керек-
Дәл сендей… – деген жолдарда Абылай өзіне айырылмас досы еткен.
Жақсы Досқа –
Жан жетпейді Жалғанда!
Жаман-Жұман –
Жарамайды Қорғанға!
Уай, Жәбек?!
Орның –
Ханның қасында! – деген жолдардан «Жәпек-Шаған» поэмасы ақынның жүрегінен жарып шыққан, шын тебіреніске толы жігерлі, шабытты туынды екені көрінеді.
Сенен бұрын
Мен өлсем
Сен көмесің
Жәбек?!
Менен бұрын
Сен өлсең,
Мен – көмемін,
Жәбек….
Келістік пе, осыған?!
Жәбек:
Ханға-
Өлуге болмайды!
Ханы өлгені —
Күллі Қазақ өлгені! – деген жолдарда Жәпектің өзін ғана емес, күллі қазақ халқын ойлауы, батырлық қимылдары оқырманның айызын қандырып отырады. Жәпек батырдың поэмадағы өр тұлғасы ақынның биік көркемдік табысы болып шыққан. Поэманың тілі де шұрайлы. «Жәпек-Шаған» поэмасын ақынның құдіретті шабытымен толғанған қазақ тарихындағы көрнекті шығарма деуге болады. Абылай ханның арқа сүйеген, қиналғанда қолтығынан демеген, қайраттанғанда дұшпанына жасын болып шүйілген, елін, жерін жаудан сақтаған – Жәпек батырдың тарихи тұлғасын әр қырынан танытқандығымен құнды болды. Жазушы Төлеген Қажыбай «Жәпек батыр» дастанында «Жәпек батырдың өлімін естігенде Абылай үш ұмтылып тұра алмапты, қара нардай шөккен мойнын бұра алмапты», – деген жолдардан Жәпек батырдың Абылай хан үшін орны ерекше екеніне тағы бір дәлел.
Тарихи шығарма болғандықтан, көркемдік үшін өзі автор жазған оқиғалар, жеке кейіпкерлермен қатар, тарихта болып өткен іс-қарекеттер, адамдар сияқты шындықты көрсетер фактілерді іздеуге, қыруар әдебиетпен танысуға, олардың сырын түсінуге кеткен қиямет-қайым еңбекті былай қойғанда, сол тарихты көркем сөзде қалай баяндасам екен, жай баяндап қана қоймай, қалай әсерлі суреттесем екен деген ізденіс те аз болмағанын көреміз. Мұны біздің тіл маманы ретіндегі талдауларымыздан көруге болады.
Шығарманың фабуласы, яғни, оқиғалар мен кейіпкерлерді «орналастыру» тәртібі, сюжеттік құрылымы ерекше: 92 беттік сюжеті, бір қарағанда, тым қысқа оқиғаға құрылған сияқты. Мұнда Абылай ханның істеген әрекет-қарекеті, елдігін сақтау жолындағы жойқын ұрыс-шайқастар көрінісі суреттеледі.
Қорыта келгенде, «Біздің ерлік, даңқымыз бүгін елде, Біздерге емес, қажет тек тірілерге. Өйткені, біз мәңгілік іңірдейміз, Мәңгілік тірілмейміз!» −деп Фариза Оңғарсынова жырлағандай, «мәңгілік тірілмейтін», алайда рухы мәңгілік өлмейтін батырдың ерлігі бізге, ертеңгі буынға керек. Ол − ұмытылмас ұлағат, тұтас жыр-дастан. Жәпек жыры – солардың бір парасы. Ерлердің ерлігі том-том кітап боп жазыла беруі тиіс!
Қазақ батырларының білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғап қалған қасиетті, кең байтақ қазақ жері – бізге, бүгінгі ұрпаққа мұра болып қалған басты игілік осы. Осы, қазақ батырларының қаны тамған киелі жеріміздің қойнауындағы, жалпақ тілмен айтқанда жердің асты, үстіндегі бар байлығымыз – тағы да осы батырларымыздың бізге аманаттаған жан сыры, жүрек нұры. Олай болса, елдік, ерлік рухын асқақтататын Жәпек бейнесі ғасырдан-ғасырға жетіп, әрбір ұрпақтың рухани азығына алдағы уақытта да айналуға тиіс.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
1. Иран-Ғайып (Иранбек Әбітайұлы Оразбаев). Қорқыттың көрі. VI том. – Алматы, 2006. – 437-б.
2. Қажыбаев Т. Жәпек батыр. – Көкшетау, 2004. – 155-б.
3. Қабдолов З. Сөз өнері. Оқулық-монография. – Алматы: Санат. 2002. – 48-б.