ЖӘПЕК БАТЫР ЖӘНЕ ҚАРАУЫЛ ҚАНАЙ БИ

 

Бимағанбетова Жанар Түлкібайқызы
тарих ғылымдарының магистрі,
Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық
колледжінің оқытушысы

Бүкіл өмірін қазақ жұртының тәуелсіздігі жолындағы күреске арнаған ер жүрек батырларымыздың бірегейі – Құдайберлі Жәпек батыр. Ол батырлығымен, ақылдығымен, тапқырлығымен Абылай ханның ерекше құрметіне бөленген. Ол қазақ-жоңғар шайқастарында ерен ерлігімен танылып, «Батыр Жәпек» атанған. Тарихи деректерде Құдайберлі Жәпек жоңғар шапқыншылығына қарсы күрескен қазақ батырларының ішіндегі шоқтығы биік тұлғасымен дараланған.
Көкше өңірінің бай тарихы, әсіресе, Абылай хан дәуірімен айшықтала түседі. Оның басты себебі, сонау жиырма жасынан бастап алпыс сегіз жасқа дейінгі Абылайдың Көкшетаудағы «Атығай мен Қарауыл» руларының ру басы, көсемі, сұлтаны болғанынан бастап, кейінгі Орта жүз ханы, Үш жүздің ханы болғандағы қоғамдық-саяси қызметі, әскери қолбасшылық қызметі, қайсысын айтсақ та бәрі де осы Көкше өңірінде өткен, қасиетті Көкшетауға ту тігіп, Орда қылған.
Әбілмәмбет хан Абылай сұлтанды Атығай-Қарауыл еліне әуелі ұлыс билеушісі сұлтан қылып тағайындағаннан бастап, Қарауыл Қанай би мен Құдайберлі Жәпек батыр оның ең сенімді серіктеріне айналған. Абылай ханның онан әрі абырой қызметінің артуына қызу қолдау көрсетіп отырған. Көкшетаулық ақын Төлеген Қажыбаевтың «Жәпек батыр» поэмасында Жәпек батыр тарихи-әдеби кейіпкер ретінде аталған.
Жәпектің бәйбішісінен, алғашында жеңгесі болған, Қарасай батыр дүниеге келген.
Жәпек батырдың тоқалдан туған Сейтен, Жауқай, Жортушы, Жарты, Сарықазақ ұрпақтары Айыртау ауданы, Қоскөл, Қаратал ауылдарында жиі кездеседі. Қарасай батыр – Жәпектің бәйбішесінен туған жалғыз бала. Өз заманында атақты батыр болған. Қарасай батырдың баласы Аю да батыр болған деседі. Құтболды би – Аю батырдың баласы, ол өзінің әділдігімен, шешендігімен турашылдығымен бүкіл Атығайға танымал болған тұлға [1, 61-62].
Құткелді (Сарықазақ) батыр – атақты Жәпек батырдың баласы. Қалмаққа таң атырып, күн шығармаған батыр. Оның жеті әйелі болған. Денесі Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жерленген.
Жаугершілік, ұрыс-соғыс, жорыққа толы Абылай заманында батырлардың саяси-әлеуметтік салмағы ерекше болды. Қазақтың түрлі руларынан шыққан батырлар – қолына қару алып, жауға қарсы күресіп, ерлік танытып, елдің мерейін арттырған күрескер топ. Бұл батырлар – қазақтың айбыны, мақтанышы. XVIII-XIX ғасырлардағы қазақ қоғамының саяси құрылымына назар салған орыс зерттеушілері халық арасында аты шыққан хандардың негізінен елді сыртқы жауға қарсы күресті ұйымдастырушы, жауынгер, батыр болғандығын айтады. Қазақтың атақты батырларының барлығы дерлік Абылай ханның әскери қосына жиналған. Олардың қатарында Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Шақшақұлы Жәнібек, Тарақты Байғозы, Олжабай, Жауғашар, Жәпек, Жидебай, Балтакерей, Тұрсынбай сияқты белгілі батырлар болған.
Ханның басына ауыр істер, қайғы қасіреттер төнген уақытта да батырлар қол ұшын беруге, бастарын да үлкен қауіп-қатерге тігуге даяр болған. Ел басшысы хан тұтқынға түсіп қалған жағдайларда батырлар ханды босату үшін түрлі амалдар жасайды. Атығайлық Жәпек батыр Қалдан Сереннің қолына Абылай ханмен бірге тұтқынға түскенде де, өз баласы Сарықазақты аманатқа беріп шыққан [2, 199].
Абылай Атығайдың Құдайберлі табының Дәуітбай ақсақалының жылқышысы болып, әрі оның ұлы Жәпек батырмен үзеңгілес жолдас болып ер жетеді. ХVIII ғасырдың бірінші ширегіндегі қазақ ру-тайпаларының жаппай қоныс аудару қозғалыстары орын алғаны белгілі. Шежіре деректері Атығай-Қарауылдардың ХVII ғасырдың ежелден билеуші хан ордалары мекен қылған Сырдария мен Сарысу-Қаракеңгір аралығын мекендегенін айғақтайды. Есім хан заманында бұл рулардың хан ордасымен бірге қонып-көшкені анық. Сондықтан, Абылайдың Сарыарқаға бет түзегенде де айдалаға емес, белгілі бір жөн-жосықпен ел іздеуінде үлкен бір сыр жатса керек. Ол – болашақта зерттей түсетін мәселе. Алдыңғы екі мәрте қоныс ауыстырғанда да Абылай, оны алып жүрген адам нақты, кепілді бағыттарда ғана қозғалып отырғанын көреміз.
Бұл рулардың атау этимологиясындағы Атығай – атақты, таңдаулы, яғни, ығай мен сығай дегенге ұқсаса, Қарауыл – хан сарайының күзетші әскері мағынасын беретінін және бұл рулар бірінен-бірі ажыратылмай айтылатынын ескерсек, жоғарыда айтып өткеніміздей шежіре деректерін әлі де ой елегінен өткізу керек сияқты. Демек, Абылайдың Сарыарқаға келуі, Көкшетауға орнығуы бұл кездейсоқ нәрсе емес. Мұнда оның аталарының көзін көрген бірсыпыра ел болғанға ұқсайды. Және де мұндағы жұрт сәтін салса, оның билігіне де, туын көтерісуге әзір болса керек. Ол кейін солай болды да. Төле би секілді көреген болашағынан зор үміт күткен ұланды арғынның осы руларына бағыт сілтеп жіберуі де тегін емес деп тұжырымдауға болады [3, 85-86].
Қазақ хандығының негізі қаланғаннан бергі тарихы – ол қазақ халқының территориялық тұтастық пен тәуелсіздік үшін күресінің тарихы. Қазақ елдік мемлекеттігі тарихында Абылай дәуіріндегідей елдің саяси өміріне белсене араласқан осыншама саны мол дарынды қайраткерлер болмаған еді.
Қазақ Елі тарихындағы бетбұрысты кезең сипаты, жоңғар тарапынан төнген қатер, цин боғдыхандарының қазақ жерлеріне көз алартуы, Ресей сияқты ірі державамен қарым-қатынастарының шиеленісті сипат алуы есімдері ел жадында, тарихи өлең-жыр, аңыз-әңгімелерде қатталып қалған қаншама сайыпқыран ерлер мен кемеңгер билерді, ел ағаларын тарих сахнасына шығарды. Осы бір қаһарлы, жаугершілік заманда елге аты танылған, ерекше даңқы шыққан ел қорғаны батырлар – Абылай, Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Шақшақұлы Жәнібек, Құдайберлі Жәпек, Бәсентиін Малайсары, Олжабай Толыбайұлы, Қарауыл Қанай, Өтеген Өтеғұлұлы, Шапырашты Наурызбай, Қойгелді Сартұлы, Уақ Сары, Баян тағы басқалар. Халықтың көңіл-күйі мен рухының өрлігіне ерекше әсер еткен ақын-жыраулар – Бұқар Қалқаманұлы, Қожаберген Толыбайұлы, Үмбетай Тілеуұлы, Ақтамберді Сарыұлы. Сол дәуірде төреден шыққан ірі тұлғалары – Жолбарыс хан, Барақ, Ералы, Әбілпайыз, Сұлтанмәмбет сынды қайраткерлер. Абылай ханның негізгі Ордасы жан саны мол жұрт Атығай-Қарауылдар мекендеген Бурабайда орналасқандығын, Қарауылдардың басшысы Қанай би Абылайды қолдаған ықпалды адамдардың бірі болды [4, 123].
Қанай би – Абылайдан жасы үлкен, Атығай-Қарауылдың бас биі. Қарауыл Қанай би – Сабалақ баланы Арқаға қашып келген күндерінен бастап, Абылай хан болып өлгеніне дейін қорғаған, қолдаған адам және ең сенімді әрі берік те табанды дос-жолдастарының бірі.
Ұлы ғалымымыз Шоқан Уәлихановтың «Абылай» деген еңбегінде өзінің атасы Абылайдың жас бала кезінде Арқаға қашып барып, Жақсылық-Қарауыл руының Дәулетбай деген кісінің жылқысын баққаны жөнінде айтылған. Қанай шешен Абылай ханның сенімді ақылшысы, кеңесшісі және бас биі болуымен қатар, атақты батырларының бірі болған. Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» дастанында Қанайдың қазақ елін жоңғар басқыншылығынан азат етудегі асқан ерлігі мен батырлығын, шешендігі мен кемеңгерлігін нақты жырлап әспеттеген.
Қанай батыр туралы жазушы Ілияс Есенберлиннің айтуынша, соғыстың әртүрлі айла-тәсілдерін, ұрыстың өзіндік ерекшеліктерін пайдалана білетін ірі қолбасшы болыпты. Кезінде Ташкент қаласын және қазақ жерін жоңғарлардан азат етуде Қанай батырдың асқан ерліктерін бағалай келе, Абылай хан осы қаланың билігін Қанай батырға сеніп тапсырған екен. Қанай батыр Ташкент шаһарында біраз дәуір, яғни, өзінің осы қалада қайтыс болғанына дейін қала бегі болып қызмет атқарған. 1775-1780 жылдарда Ташкент шаһарының бегі болып тұрғанда қайтыс болған, мәйіті өз өсиеті бойынша Түркістан қаласына жеткізіліп, Абылай ханның қасына жерленген [5, 83].
Атығай мен Қарауыл рулары хан жайлаған аймақта араласа қоныстанып, әрқашан бірауызды болып, хан билігіне тірек болды. Абылай Орта жүзден шыққан басқа да атақты батырлар Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақұлы Жәнібек, Қаракесек Қазыбек би сынды қазақтың белгілі би-батырларының қолдауына ие болды.
Қырық жыл бойына Абылай асқан табандылықпен, өте оралымды саясат жүргізу арқылы ру басылар мен ықпалды билердің тілін тауып, орталық билікті нығайтумен айналысты. Қазақтың билеуші топтары жоңғар-ойрат қаупі күшейіп тұрған кезде, кейінірек циндіктердің басқыншылық агрессиясы жағдайында Абылайдың орталық билікті нығайтуға, жат жерліктерге тойтарыс беруге бағытталған саясатын қолдады. Оның қолдаушыларының қатарында болған үш жүздің ең ықпалды билері – Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, Қанай би, сонымен бірге, елге ерлігімен танылған батырлар – Бөгенбай, Қабанбай, Жәнібек, Жәпек, Сары, Баян, Қожаберген, Наурызбай, Малайсары, Есет, Жанатай, Олжабай, Андығожа, Қойгелді, Саурық тағы басқалар. Абылай хан айналасына бүкіл қазақ даласына аты мәшһүр жыраулар мен басқа да Алаштың кемеңгерлері топтасты. Абылай ханның елді біріктіруге бағытталған саясаты нәтижесінде қазақтар ХVIII ғасырдағы Ұлы Даланың ең қуатты көшпелі этнос халқына айналды [3,192].
Абылайдың аса маңызды арқа сүйер әлеуметтік тобына қолбасшы батырлар жатты, олардың маңызы Абылай дәуіріндегі жаугершілік заманға байланысты ерекше артты. Батырлар жоңғар-ойраттар мен 50-жылдардағы циндік Қытай басқыншылығына қарсы күресте негізгі әскери күш қызметін атқарды. Мемлекетте тұрақты табыс көздерінің болмауы Абылайға тұрақты үлкен әскер ұстауға мүмкіндік бермеді, бірақ, оның есесіне батырлары Бөгенбай, Қабанбай, Жәнібек, Құлсары, Жәпек, Малайсары, Есет, Наурызбай, Баян тағы да басқалары қол астында ханның бірінші талабымен жорыққа аттануға әрқашан әзір, әскери іске әбден үйретілген әскер жасақтарын (сарбаздар) ұстады [6, 408].
Қорыта айтқанда, ХVІІІ ғасырда Абылай дәуірінде қазақтың жауынгерлік өнерін өте жоғары деңгейге, ел қорғау ісін жоғары дәрежеге көтерген батырлар бастаған әскери-топтар қалыптасып отырған. Олар ел қорғаған халық жасағының ұйытқысына айналған. Міне, сондай сайыпқыран ерлеріміз – Құдайберлі Жәпек батыр мен Қарауыл Қанай би.
Көкше өңірінен шығып, аты бүкіл Алашқа мәшһүр болған Жәпек батыр өмірі мен жауынгерлік, ерлік жолы – қазақ елі тарихындағы тың тақырыптың бірі. Елімізде Президентіміз жариялаған рухани жаңғыру аясында елінің азаттығы жолында жан аямай күрескен Атығай Жәпек батыр мен Қарауыл Қанай би есімдері елімен қайта табысуда.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
1. Шыңғыс О. Шежіре – асыл мұра.– Астана, 2010.– 61,62-бб.
2. Артықбаев Ж. Абылай хан: аңыз бен ақиқат халық тарих толқынында . Құраст. Шаңбай Т., Ибраева А., Астана: Фолиант, 2013. – 199-б.
3. Әбуов Қ. Абылай хан замандастары және ұрпақтары. – Көкшетау, 2016. – 85,86,192-бб.
4. Тайшыбай З. Қазақтың ханы – Абылай. Екі томдық. – Алматы, 2011.1-том. – 123-б.
5. Бекенов Ж. Қанай би және оның ұрпақтары. – Көкшетау, 2010.– 83-б.
6. Әбуов Қ. Абылай хан . Энциклопедия. – Көкшетау, 2013.– 408-б.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *