«ДАЛА АВАНТЮРИСТЕРІ» ҚАРАСАҚАЛ ШУНА — БАТЫР ҚАЗАҚ-БАШҚҰРТ ҚАТЫНАСТАРЫНДА

 


Буканова Роза Гафарқызы
тарих ғылымдарының докторы,
Башқұрт мемлекеттік
университетінің профессоры,
Уфа қ., РФ.


Ресей патшалығында «жалған тұлғалар» (самозванчество, самозванщина) XVII ғасырдың басындағы Ресей патшалығындағы «аласапыран» кезеңінен кең таралған құбылыс болатын. Кейбір деректерге қарғанда Ресей тарихында XVII ғасырда ондай жалған тұлғалардың саны жиырмаға жуық болса, ал, XVIII ғасырда ондай оқиғалардың саны екі есе өскен. Әсіресе, өздерін ғайыптан «құтқарылып» ажал тырнағынан сытылып кеткен, өздерін «патшазадалар» деп жариялағандар көптеп таралды. Олардың халықтың әртүрлі әлеуметтік топтарынан шыққандығы кеңес тарихшыларының бұл құбылысты «мейрімді-қамқор патшаға» сенгіш халықтың «әлеуметтік наразылық» формасы ретінде қарастыруға негіз болды. Осындай «жалған патшалардың» біразының тарихы атап айтқанда Лжедмитрилерден (қазақ сұлтаны Ораз-Мұхамедті Лжедмитридің өлтіруі) бастап Пугачевке дейінгі «жалған патшалар» қазақ, башқұрт, қалмақ тарихында да елеулі орын алады. Десе де, өзін сұлтан, хан деп жариялаған Ресей патшалығы, Қазақ хандығы мен Жоңғария тарихында қоғамдық-саяси маңызға ие болған «жалған қоңтайшы» Қарасақал.
Қарасақал феноменіне алғашқылардың бірі болып тарихнамада назар аударған зерттеуші Ш.Уәлиханов болатын. Ш.Уәлиханов өзі дала авантюрисі деп атаған Қарасақал туралы көлемді зерттеу жасауды жоспарлап, оның алғашқы нұсқасын Шуна батыр (XVIII ғ. авантюрисі) деген атаумен өмірінің соңғы жылдары мақала жазған болатын. Ол онда тұңғыш рет Ресейлік тарихнамада Ресей империясының далалық аймағындағы «жалған саяси тұлғалар» проблемасын қойып қарастырды [1, 215].
Осы мақаладан біз 1740 жылы көтерілістің соңғы кезеңінде белсенді қимыл көрсеткен «жалған хан-қоңтайшы» Қарасақал турасында көптеген мәліметтерді кездестіреміз. Ол 1735-1740 жж. өзін ғайыптан тірі қалған Қалдан Серен қоңтайшының інісі Шуна батырмын деп жариялап, башқұрт көтерілісінің басшысы ретінде тарих сахнасына шықты. Қарасақалдың «жалған хандығы» туралы негізігі оқиғалар Қазақстанда өтеді. Неліктен әуелгі кезде «жалған хан» өз әрекетінің базасы ретінде Башқұртстанды таңдады десек, ол ең алдымен Башқұртстан жерінде жаппай бекініс жүйелерінің салынуына байланысты башқұрттар бұрынғы еркіндіктерінен, жерлерінен біржола айрыла бастағандықтан халық арасында наразылық кеулеп тұрған еді. 1735-1743 жылдар аралығында 20-дан астам бекініс-қалалардың салынуы нәтижесінде Орынбор линиясы пайда болды. Башқұрт жерлері толықтай дерлік бекініс-қалалармен қоршалып тасталды. Башқұрт, ноғай, қалмақ, қазақ сияқты далалық халықтардың керемет наразылықтарына бірден-бір себепші жайт осы еді. Қарасақал осы наразылықты оңтайлы пайдалануға тырысқан әккі саяси авнтюрист деуге болады.
Орынбор қаласы мен бекінісін И.Неплюев барлық башқұрт жерлері мен болашақта қазақ даласына үстемдік жасаудың негізгі тірегі ретінде қарастыра бастады[ 2, 152]. Осы жағдайлардың өзі бұл Қарасақал қозғалысының соншалықты далалық өңірде қолдауға ие болуының негізі мен оның қозғалысының табиғи-болмысын түсінуге мүмкіндік береді. Қырғыз даласы деп жазды Ш.Уәлиханов тек өткен ғасырда ғана емес, қазірдің өзінде көптеген Орта Азиялық рефюжьеге пана болып отыр (Рефюжье (франц) – қашқын, қудалаудан жасырынушы) деп бастап оның Қабанбай батырды барып паналағанын, басқаруға шағын ұлыс алып, Қара хан есімімен ел басқарып отырған жолы болғыш, бағы жүріп тұрған дала авантюрисі деп сипаттайды. Қарасақал аты-заты белгісіз, шын мәнінде, белгісіз әлдебіреу емес, соңына әжептәуір жұртты ерте алған, сол кезеңдегі айналадағы саяси жағдайлардан мол хабары бар аса сауатты адам ретінде қимылдаған саяси тұлға екендігін аңғарамыз.
Бұл кезеңдегі башқұрт көтерілістері башқұрттардың қазақтармен әр қилы байланыстары мен қарым-қатынастарының дамуына зор ықпал етті. Жоғарыдағы Шоқан Уәлихановтың зерттеулері мен соңғы кездегі тарихи зерттеулер башқұрт-қазақ қатынастарының ең бір қарқынды кезеңінің 1735-1740 және 1750 жылдардағы Батырша көтерілістермен байланысты өрбігенін көреміз. Мәселен, 1737 жылы жаңа башқұрт көтерілісі басталар кезеңде башқұрттар алдын ала қазақтармен бірнеше мәселелерді талқылай бастады.
Осы жылы 30 сәуірде Әбілмәмбет сұлтанға 40 башқұрт елшісі келіп, «Ресейдің қырып-жойып, жастарын соғысқа алып, шоқындырып жатқанын» хабарлап, қиын-қыстау заман туа қалса қазақ иеліктеріне көшіп келу мәселесін көтерген. Кездесу соңында Әбілмәмбет сұлтан 2000 башқұрт түтінін қабылдауға келісімін берген.
Ондаған мың башқұрт босқындары, әсіресе, көрші елдерге қатысты өзінің тәуелсіз саясатын жүргізе білген Абылай хан билеп отырған Орта жүз территориясынан пана тапқаны тарихи факт. Ресей билігі қашқындарды қайтару жөнінде қанша талап қойғанымен, Абылайдың қол астына өтіп кеткен башқұрттардың ешқайсысының Ресейге қайтарылғаны туралы деректертер архив құжаттарында кездеспейді.
Көкшетау өңірі қазақтары арасында башқұрт-естектер туралы түрлі шежірелік деректер сақталынған: бірінде, қазақтардың арғын-атығай рулары келгенге дейінгі осы өңірді мекендеп тұрған башқұрттар, олармен болған жер мен жайлымдар үшін күрес жайлы болса, екіншісі, ол 1735 және 1750 жылдары қазақ арасына ауып келген башқұрт көтерілісшілеріне байланысты әңгімелер. Мәселен, Атығай-Қарауыл арасына келген аса бір тентек те өнерлі 40 естек жігіттері туралы шежірелік дерек, ол бойынша Ресей тарапының қашқындарды қайтару талабы дала заңына қайшы болғандықтан, әрі осы бір қарулы топ боп жүрген башқұрт-естектердің жергілікті адамдармен жанжалдаспасы үшін оларды ел ішіне бөліп жібергені, жасы үлкен адамдардың өзін әр әулеттің үлкен шаңырақтары «асырап» алғандары туралы шежірелік дерек бізге жетіп отыр. Сондай бір бала жігітті Атығай руының басты адамдарының бірі Жәпек батырдың асырап алғандығы, Жәпек батырдың бір әйелінің естек қызы болғандығы туралы шежірелік деректерді айтуға болады. Абылай ханның кезекті башқұрт көтерілісі кезінде бір мезгіл 700 қарулы жігітті башқұрт көтерілісшілеріне көмекке жібергені, ол әскерді төреден өз баласы Ақылайдың бастап барғаны, қарадан әскербасы ретінде Жәпек батырдың барғаны жайлы деректерді де айтуға болады. Осы деректердің барлығы жинақтала келе қазақ-башқұрт байланыстарының Кіші жүз қазақтарымен ғана емес, Орта жүз қазақтарымен де байланыстарының ауқымды болғанын көреміз. Әзірге бұл проблема қазіргі тарихнамада аз зерттелінген бағыттардың бірі саналады.
Бұл ретте Даланың «бақытты авантюрисі» атанған Қарасақалға байланысты оқиғалар өзінің сан астарлығымен әлі күнге дейін зерттеушілердің назарын өзіне аударып келеді. Сол себепті де «жұмбақ адам» Қарасақалдың кім екенін анықтауға ұмтылушылар турасында Ш.Уәлиханов былай деген болатын: «Замандастары оның шындығында да Шона ма әлде жалған есімді жамылып жүрген кісі екендігін дәл нақты анықтай алмады». Қарасақалдың кім екендігін анықтауға бағытталған әрекеттер башқұрт көтерілісі басылған соң-ақ жасалына бастады. Сол уақыттың өзінде Қарасақалдың кім екендігі, қайдан шыққандығы жөнінде бірнеше болжамдар пайда болды. Шетел коллегиясында 1742 жылы Сібір аймағының Қаратабын болысының башқұрты Ягафер Елдашовтың айтуы бойынша Уфа провинциясының вице-губернаторы П.Ақсақов құрастырған Қарасақалдың шежіресі сақталған. Онда ол Сібірдің соңғы ханы Көшімнің ұрпағы қарақалпақ ханы Есім-Шуақ Дәулеткерейұлының немересі Байболат Хасянов деп көрсетілген [3, 631].
Сонымен бірге, башқұрттар арасында оның шығу тегі жайлы басқа да версиялар кең тараған болатын. Оның бірінде Қарсақал өзін құбандық Сұлтан-Герей хан деп атаған деп айтылса, ал, басқа бір нұсқа бойынша ол Уфа провинциясының Ноғай аймағының Юрмат болысының башқұрты Меңдіқұл делінеді, ал, қазақ ішінде ол өзін бүкіл далалықтарға аты мәлім жоңғар ханзадасы Шуна батырмын деп атаған.
Сібір аймағының башқұрты Азнабай Қарагузин 1742 жылы 16 қарашада Уфа провинциялық Кеңсесінде тергеу барысында башқұрт көтерілісіндегі және қазақтармен қарым-қатынасындағы рөлі туралы берген мәліметінде келесі жайттарды хабарлаған: «Қарасақал өзіне башқұрттармен Қырғыз-Қайсақ Ордасына өтіп кеткенде мен бармай қалып қойдым. Қырғыз-Қайсақ Ордасында болған кезімде қырғыздар (қазақтар, Р.Г.) арасында қарапайым адамдарынан бастап, игі-жақсыларына дейін Қарасақал қоңтайшының ұлы Шуна батыр екен деген сөз тарағанын өз құлағыммен естідім. Ал шын мәнісінде оның солай екендігін олар біле ме, білмей ме естімедім». Қорытындылай келгенде, Қарасақал туралы XVIII ғасырда сақталған деректер қайшылықты болып келеді. Шоқан Уәлихановтың, яғни, XIX ғасырдың ортасында өзі айтқандай, «Қарасақал есімі халық жадынан өшіп кетеді» бірақ, Шуна батыр туралы аңыз далада кең таралып, ол туралы әңгімелер алтайлықтар мен қазақтар арасында, Еділ қалмақтарының аңыз-жырларында сақталған. Ш.Уәлиханов өз зерттеуінде Шона батыр мен Қарасақал бір адам ба, жоқ па деген мәселені анықтауды міндет етіп қояды. Ол үшін Ш.Уәлиханов Шуна батырға қатысты барлық материалдар мен деректерді соншалықты ыждаһаттылықпен зерттеп шыққан. Онысыз Қарасақалдың кім екендігін анықтау мүмкін емес еді. Қалмақтар мен қазақтардың халық ауыз әдебиетін терең білуі, білім көкжиегінің кеңдігі, аналитикалық ғылыми зерделілігі, оның қазақтар мен Еділ, Алтай қалмақтары арасында сақталған Шуна батыр туралы тарихи деректерді асқан ұқыптылықпен зерттеп шығуына мүмкіндік берді.
Аса толық мәліметтер 1958 жылы Вербицкидің құрастырумен шығарылған «Народные легенды кузнецких Телеутов» деген мақала «Томбы Губерндік Ведомостваның» №29 санында жарияланған болатын. Онан өзге Шоқан Уәлиханов «Сын Отечества» журналының, 1822 жылғы № 7 санында жарық көрген Войековтың «Описание калмыцкого народа» деген мақаланы пайдаланды. Архив қорларымен жұмыс істеу мүмкіндігі болған ол, Сібір қырғыздары облысы басқармасы жанындағы архив материалдарын кеңінен пайдаланды. Шоқан Уәлихановтың аса жоғары зерттеушілік мәдениетін ерекше атап өтуге болады. Ол осы зерттеу мақаланы жазу барысында өзі қолданған деректердің барлығының толық сипаттамасын беріп отырады. Автордың тарихи-зерттеушілік әдістерді қолдану мәдениет деңгейі тіпті қазіргі зерттеушілерге үлгі боларлықтай.
Қарасақалдың Қазақстандағы саяси оқиғаларға араласуы Ресей мен Жоңғария Қазақ хандықтары арасындағы саяси-дипломатиялық тартысқа түсуі 1741-1743 жылдардағы оқиғалармен, әсіресе, Абылайдың шын тарихи Шуна батырдың ағасы жоңғар қоңтайшысы Қалдан Серенге тұтқынға түсу оқиғасымен байланысты. Бұл оқиға қазақ-жоңғар қатынастарының бетбұрысты кезеңдерінің бірі және бұл оқиғаның қазақ-орыс қатынастарына елеулі әсері болған аса күрделі геосаяси оқиға болғандығы күмән тудырмайды.
Барақ сұлтан Ордасында 1742 жылы 15 мамырда болған ағылшын саудагері Гоктың Орынбор кеңсесіне жазған мәлімдемесінен көреміз. Гок Батыр сұлтанға 14 сәуірде Қалдан Сереннен келген елшінің Әбілқайыр ханға әкелген грамотасымен, онда қойылған 5 талабы туралы мәліметтер келтіреді. Оның ең бастылары қазақтың хан-сұлтандары мен игі жақсыларынан аманат алу мәселесі және Қарасақал мәселесі болған. Осы оқиғалар өрбіген 1742 жылдың жазында Абылайдың сенімді серігі Жәпек батырдың аманатта отырған ұлының қайтарылғаны туралы мәлімет Ресей сыртқы істер алқасына Орынбор комиссиясы жолдаған 1742 жылдың 7 маусымында жазылған хатта хабарланған [4, 206].
Батыс Қазақстандық зерттеуші, тарих ғылымдарының докторы Ә.Қ.Мұқтар өзінің Әбілмәмбет хан Болат ұлына арнаған мақаласында аманат мәселесі Әбілмәмбет хан елшісі уақ Ақшора бидің жоңғар билеушілерімен болған келіссөздерінде де қойылды деп жазады. Қонтайшы Әбілмәмбет ханға «қазақ арасында Қонтайшының ұлы Шуна батырмын деп өзін-өзі жалған атап жүрген Қарасақалды» кейін қайтаруды талап етеді. Елші қазақтар әртүрлі сылтаулар айтып жоңғар тарапының талабын аяқсыз қалдырып отырған.
Осы аталған еңбекте Әбілмәмбет хан атынан барған Атығай Жәпек батыр бастаған қазақ елшілерінің Абылай сұлтанды босатып, 1743 жылы маусым айы соңында елге оралған деген деректерді алға тартады. Міне, осыған қарағанда Жәпек батырдың өзі баласы аманатқа алынған уақыттан бастап, яғни, 1742 жылдың жазынан бостандықта болғандығын көреміз. Мұны естіген И.И.Неплюев «ел ішіндегі сөздерге қарағанда Әбілмәмбет жоңғар билеушісіне өзінің ұлын беріп, тым жақындасып кеткенге ұқсайды. Жоңғарлардың уәдесінен басы айналып қалғаны соншалық, айырыла алмайтындай» –деп патша үкіметін хабарландыруға мәжбүр болады [5, 13]. Абылай керсінше, Қарасақалды жоңғарларға қайткен күнде де бермеуді тапсырады. Әбілмәмбет пен Абылай Ресейдің Қарасақалды қайтару талабына «ол Ұлы жүзге Барақ сұлтанға бағынады», «ұстап беруге жұмыстанамыз» деген сылтаулармен жауап қайтарса, енді бірде Әбілмәмбет хан, Барақ сұлтан, Нияз және Жәнібек батыр қазақ даласында жүрген башқұрт К.Мергеновке «Қарасақалды ұстау мүмкін емес» деп бір ауыздан ойларын бүкпесіз мәлімдеген [6, 309-335].
Осындай жағдайда Шуна есімін пайдаланған Қарасақалдың қандай қатер екендігін жақсы түсінетін Қалдан Серен оны қайтсе де қолға түсірудің амалдарын қарастырды. Қазақ билеушілері Қарасақалды қазақ елінің мүдделеріне пайдалануға тырысты. Жоңғариядағы кейінгі орын алған оқиғалар мұның жүзеге асқандығын дәлелдейді. Осы Шунаны ұстауда Қалдан Серен Барақ сұлтанға да үміт артты. Өйткені, аманаттағы Әбілпейізді болашақта Барақтың баласы ауыстыруы тиіс болатын. 1744 жылы көктемде кеңес шешіміне сәйкес Жоңғариядағы аманаттағы Әбілпейіз Әбілмәмбетұлының орнына Барақ ұлы Шығай сұлтан беріледі. Барақ сұлтан ұлын жібере отыра, оны кейін қайтарудың жолы «Қарасақалды ұстап, Қалдан Серенге жіберу» деген шешімге келген. Барақ сұлтанның «Қарындасымды саған қалыңдыққа берем» деген шақыруының астарында ұстап алу жоспарын сезіп қалған Қарасақал қаракесек-арғындарына, Қазбек би мен Қабанбай батыр қарамағына кетіп үлгерген көрінеді. Дегенмен, Абылайтанушы Қадыржан Әбуевтің пікірінше, Барақтың Қонтайшының сеніміне кіргендіктен, Шығай сұлтан көп кешікпей әкесіне қайтарылды деген тұжырым жасайды [7, 72-74].
Аңызға қарағанда Шуна – қалмақ батыры және ақылға кемел, дана адам. Оның әкесі жоңғар қоңтайшысының мұнан басқа Қалдан деген ұлы болған. Шуна Қарақыз атты құмасымен тұрған, ал ол сол әйелге ғашық болған. Одан ол әйелді тартып алып үйленеді. Бұған ренжіп, намысқа булыққан Шуна өзінің он екі жолдасын ертіп Алтай таудың бауырайына серуендеп қайтуға шығады. Жолай өз басының мұң-қайғысымен бөлісіп, ұзап шыға бере жебе оғын ағасының үйіне қарай атып жібергенде, оқ барып киіз үйдің есігіне қадалыпты. Жебені көріп кімдікі екендігін жазбай таныған Қалдан хан әкесіне шағымданған екен. Кешке аңнан оралған Шунаны әкесінің бұйрығымен қол-аяғын байлап тереңдігі 70 құлаш зынданға салып қойған екен. Шуна оған дейін-ақ халық арасында елге сүйкімді батыр болса керек. Халық көп уақыт бойы халықтың сүйікті батыр-ерінің қайда кеткендігінен бейхабар болып жүргенде, хан Ордасымен жақсы таныс бір шал құпияны біліп қалып, өз үйінен ұра қазып зындандағы тұтқынды 7 жыл тамақтандырған екен. Ақыры ебін тауып Шуна бостандыққа шығып кетеді.
Оның ең бір қызықты басынан кешкен шытырман оқиғалары ол ата-анасының үйінен аттанып кетіп, шет жайлаған уақыттарында орын алады. Ол әуелі Қоқанға барып хан болады, тақты өзінің достарына тапсырып беріп, Мәскеуге аттанып патша Алексей Михайловичке жолығады. Шоқан Уәлиханов Сібір қырғыздары архивінде осы оқиғаның жалғасы баяндалған құжатты табады. Ондағы оқиғалар баяны қалмақтар арасында айтылған нұсқаның қазақтар арасындағы нұсқамен дәлме-дәл келетіндігіне назар аударады. Ол құжат қазақ Ордасына барған башқұрт Тюканның генерал-майор Штокманға 1745 жылғы 26 маусымдағы берген мәліметтеріне негізделеді. Тюкан 4 күн бойына Қарасақалдың үйінде тұрып өте маңызды мәліметтерді хабарлаған. Тюканның әңгімесіне қарағанда Қарасақал қазақтар мен қалмақтар арасында өте танымал адам. Тюканға Қарасақал өзінің жоңғарлардан бас сауғалап әуелі қарақалпақтарға барғанын, онан әрі қазақ даласына, сосын Еділ қалмақтарына онан әрі асып түріктерге барып исламды қабылдағанын айтып берген. Бірақ, ол ешқандай да қалмақ тілін білмейді, ол тілде сөйлемейді деп хабарлайды.
Көп елдерді тұрақ таппай аралап, ақыры Ресейге барып, онда Санкт-Петербург және Мәскеу қалаларында аз-кем болады, сонан кейін Башқұртстанға келіп, мұндағы Ноғай және Сібір аймақтарында Ерматлы және Қаратабын болыстарында 12 жыл тұрады. Онан кейін 1740 жылы халық көтерілісінің басшыларының біріне айналады. Сәтсіздікке ұшырап , 1740 жылдың көктемінде біраз адамдарымен Қазақ Ордасына өтіп кетеді. Осында келген соң ғайыптан құтқарылып кеткен қоңтайшының інісі Шуна батырмын деп өзін жариялайды. Оның қасындағы қалмақ пен Қабақ есімді қазақ оның басынан кешкендерінің барлығы шындық деп куәлік келтіріп отырған.
Қазақ басшылары мен ақсақалдары бұл әңгімелерге зор сенім артып, оның басқаруына бір ұлыс елді билеуге беріп қойған, оның қол астындағы қарулы жасақ саны екі мың адамға жеткен. Бір қызығы Тюкан оның жанында қоңтайшының тағы бір інісі, билікке таласпасын деп көзі ағызылған Барғайдың болғаны туралы айтады. Соқыр Барғай Тюканнан Қарасақал шынымен менің бауырым ба деген сұрағына оның қалмаққа ұқсамайтындығын, тіпті түрі мен әдет-қалыбының да басқа екендігін айтқан. Ал, сөйлеу мәнерінің Ноғай аймағының башқұрттарына көп ұқсас болып келетіндігін, жас шамасы сол кезде қырықтарда болғандығын хабарлайды.
Осы құжаттардың негізінде Шоқан Уәлиханов келесі тұжырымға келеді: «Шуна мен Қарасақалдың екі бөлек адам екендігіне күмән тудырмайды, бұдан жұмбақ башқұрттың сыры онан әрі қоюлана түспесе ашылмайды…» Онан әрі автор келесі тұжырымдар жасауға негіз болған деректерді келтіреді. Еділ қалмақтары аңызы бойынша Шунаның қаза болған жері деп Құма өзенінің сағасы делінсе, архивтен Шунаның өз ажалынан қазақ даласында өлгендігін, қазақ даласын тастап шыққан Қарқаралы маңында тұтқынға түскен Ақбай Сүйіндіков 1749 жылы мәлімдеген болатын. Дәл осы мерзімді нұсқайтын құжат И.Неплюевтің қағаздары арасынан табылған. Бір-біріне тәуелсіз екі дерек берушінің хабарлары шындығында да Ресей мен Жоңғарияны тітіренткен Дала-авантюрисінің қазақ жерінде жай тапқаны анық деген тұжырымға саяды. Біздің ойымызша, Шоқан Уәлиханов зерттеуінің басты қортындысы – Далаға әбден орнығып алған Қарасақал Ресей мен Жоңғарияға да аса қауіпті саяси тұлға болғандығы туралы тұжырым. Оның сол кездегі қазақ даласының билеушілері Әбілқайыр, Әбілмәмбет, Барақ, Абылай және атақты батырлары Шақшақ Жәнібек, Бөгенбай, Қабанбай, Жәпек сияқты ықпалды қайраткерлерімен тығыз қарым-қатынаста болғандығын көреміз. Ресей империясы оны өз ықпалына алынып жатқан халықтар арасында бүлік тудырушы ретінде одан зор қауіп деп санаса, жоңғар-қалмақ билеушілеріне «жалған қоңтайшы» хан ретінде аса қауіпті саяси тұлға ретінде үрей тудырған саясаткер болғаны анық.

ПАЙДАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
1. Валиханов Ч. Собрание сочинений в пяти томах. Том 4. – Алма-Ата: Главная редакция Казахской советской энциклопедии, 1985. стр.215
2. Буканова Р. Города – крепости юго-востока России в ХVIII в., стр.152
3. Материалы по истории БАССР. Ч.1. Башкирские восстания в XVII и первой половине XVIII вв. – М.,-Л., 1936. стр.631
4. Абылай хан. Өмірі мен қызметіне қатысты құжаттар мен материалдар жинағы (Құрастырған Тайшыбай З.) – Петропавл, 2005. – 13-б.
5. Материалы по истории Башкирской АССР. Под ред. А.Чулошникова. – Москва. – Л; АН СССР, 1936. стр.309-335
6. Абуев К. Хан Абылай и его время. – Астана: Елорда, 2006. стр.72-74

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *