БАТЫРЛЫҚ ДӘСТҮР БАСТАУЫ

 

Біз бүкіл жерімізге бәріміз бірдей
ортақ иелік етеміз. Біз қару жарақты
басқа біреуге тиісу үшін емес, қажет
болған кезде өзімізді қорғау үшін
ұстаймыз.
Анахарсис

Алып Еуразия материгінің бел ортасында орналасып, ақиық Алтайдан ақ Жайыққа, асқаралы Алатаудан көксеңгір Көкшетауға дейінгі қыран қанаты талып ұшатын Қазақ Жерінің тоқсан тарау тарихы бүгінде әлемді өзіне тартып отырса, оның да себебі бар шығар. ХХІ ғасыр түркі халықтарының жаңа ренессансы басталар болса, тағы да ол қазақ жерінен басталарына бек сеніңіз. Уақыт соны меңзейді. Белгілі Самюэль Крамердің «тарих шумерлерден басталады» деген сөзі немесе әлем тарихшыларының басым көпшілігі «мемлекет» ұғымының Қос өзенде туғанын айғақтаса – бұл да біздің өткен тарихымызға деген ақиқат көзқарас деп түсінген дұрыс.
Әр халықтың ұлт ретінде қалыптасуының өзінше тарихы бар. Ал, Еуразияны мекендеген сансыз ұлттар мен ұлыстардың ішінде тек саусақпен санарлығында ғана олардың ұлт ретінде қалыптасуына айырықша әсер еткені –батырлық дәстүр. Бұлардың алдыңғы шебінде көшпенді түркілер мен скандинавтық тайпалардың батырлық дәстүрі тұр.
Батыр – жаугершілік кездер мен әскери жорықтарда жеке ерлігімен көзге түскен ержүрек, қаһарман адамдарға берілген құрметті атақ. Батырлық – жеке адамға тән патриоттық қасиет (Қ.С.Э, І том. 89 бет). Туысқан түркі тайпаларының ішінен сонау оғыз, ғұн, сақ, массагет, түркі, қыпшақ дәуірлерінен бері қалыптасқан жаужүрек батырлық дәстүр қазақ ұлтына көбірек әрі молынан еншілес бұйырғаны тарихи сәйкестік деп қараған жөн. Себебі, ежелгі ерте дүниеден-ақ құланы мен киігі жортқан ұлы даланы билесек деген арман әлемді жаулаған небір жиһангер-қолбасшылар мен императорлардың жегі құртына айналып, оларды осы сайын далаға ат басын бұруға мәжбүр етті. Бүгінгі қазақ даласы арқылы төрткүл дүниені тітіренткен Кир мен Давидтің, Қос мүйізді Ескендірдің (Александр Македонский), Көк Тәңірі-Шыңғыстың аты әлемге танылды, есімдері тарлан тарихтың алтын бетінде жазылды.
Арғы аталарының жасампаз батырлық ғұрпын Еділ (Атилла) патшадан бастап дәстүрге айналдыра отырып, ғасырлардан ғасырға сақтап, қанға сіңдіріп, бүгінгі ұрпаққа жеткізуінде ғаламат сыр жатыр. Бізге жеткен «Көбіктінің үстінде – тоғыз қабат ақ сауыт, шапсаң қылыш кеспейді, атсаң оғың өтпейді» («Қобыланды батыр» жыры), «Сарсадақ іліп беліме, айғайлап жауға тием деп» (Еспенбет жырау), «Жебелі найза қолында, бес мың қолы соңында» («Ер Қосай» жыры), «Көк садақты, семсерлі, қынапты қара сапылы» («Сырым батыр»), «Ақтабан торы ат жайлаған, алдаспан ауыр қылыш байлаған» («Ер Шобан» жыры), «Қарыс кірген жалманынан айбалта, дал-дұл қылып алды басын ауырылмай» («Шақшақ Жәнібек батыр»), «Толғамалы ала балта қолға алып, топ бастадым өкінбен…» (Доспамбет жырау) деген тарихи батырлық жырлардың мына шағын мысалдарынан-ақ көп дүниені аңғаруға болады.
Тәуелсіздік қазақ халқына тәуелсіз тарихын шынайы әрі ақиқат негізінде саралауға зор мүмкіндік ашты. Шын тарих жазылмай болашақты болжау тағы да мүмкін емес. Кейде сол шындық көп кешеуілдеп те келіп жатады. Бірақ, қайткенменде ұлт үшін, оның келешегі үшін өткеніңді білу, түп-тамырыңды тану, содан ғибрат алу міндет. Игіліктің ерте-кеші жоқ.
Ұлт тарихында қазақ-жоңғар дәуірі айырықша орын алады. Тұтастай екі ғасырға жуық созылған көшпенді екі ұлттың жан алысып, жан берісіп арпалысқан текетіресі ақыры жоңғар деген ұлттың жер бетінен мүлдем жоғалуына әкелді. Қазақ осы жанталаста мерейі үстем болып, жеңіске жетті. Оның негізгі себебі, қазақ өзінің жауынгер халық екенін, ЕЛ мен ЖЕР деген қасиетті ұғым үшін қасықтай қаны қалғанша арпалысып өтетінін дәлелдеп берді.
Тарихымыздағы Абылайхан дәуірі –ұлтымыздың ұранды елге айналып, жоңғармен жанталастағы бәсекеде тұтастай біріге білген, ынтымағы мен бірлігі жарасқан мемлекетке айналған кезеңі. Көшпенділер тарихындағы батырлық дәстүрдің жаңғырығы қайтадан жаңаша сипатқа ие болған уақыты еді. «Қайың сауып кеткен» халықтың рухын көтеріп, есін жиғызып, елі үшін еңіреген ерлерін танытқан заман небір батыр ұлдарын туғызды. Сондай ірі тарихи тұлғалардың бірі–Абылайханның өмірлік досы, жан жолдасы болған, Атығай руынан шыққан Жәпек батыр Дәуітбайұлы.
ХVІІІ ғасырдың бірінші жартысында қазақ халқының ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламаға ұрынуы, тоз-тоз болып босқыншылыққа ұшырауы ел ішіндегі бірліктің жоқтығынан, ел билеген биліктің әлсіздігінен болғаны белгілі, кейіннен тарих сахнасына Абылайдың шығуы, оның қасынан үш жүздің ұлылары-батыр, билерінің табыла білуі орасан тарихи мүмкіндік туғызды. Осы жолда қазақ батырлығының Абылайдың ақ туының астына жиналып, тұтас күшті біріктіре білуі үлкен көрегенділік болды. Және қазақты жоңғармен қан қасаптан алып шыға алатын, халықты бір тудың астына ұйыстыра білетін Абылайды тани білуі де – осы батырлар мен билердің арқасында.
Жәпек батыр – өзінің бар ғұмырын Абылайдың қасында, қиса ердің басында өткізген белгілі тұлға. Ханның небір қиын-қыстауға ұрынып, қабағы қатқан, өңі қашқан аласапыран кезеңдерінде қасынан табыла білген жорық досы әрі өте сенімді серігі болған. Оған тарихи дәлел бола алатын мұрағаттар мен фактілер жеткілікті. Ұлы ғалым Ш.Уәлихановтан бастап, орыс-қытай архивтерінде сақталған, белгілі тарихшылардың жазбаларынан, қазақтың ақын-жырауларының толғау, дастандарына шейін Жәпек батыр туралы тарихи деректерді көреміз. Сондай тарихи оқиғалардың бір-екі мысалын келтірейік. Орынбор комиссиясының бастығы И.Неплюев 1743 жылғы Сенатқа жолдаған мәлімхатында Абылай сұлтанның тұтқыннан босап келгені туралы хабар алғанын жазады: Орынборға бара жатқан жолда 7 маусым күні Орта жүздің ханы Әбілмәмбеттен қысқаша хат алдым. Оның хабарлауынша: «Ел ағасы Жәпек батыр, жоңғар хандығында тұтқында болған Абылай сұлтан екеуі қайтып келіпті. Қалмақтар енді татуласатын болыпты, менің тезірек келуімді сұрапты» деп жазады. (Ресей империясы сыртқы саясатының мұрағаты. Сборник документов и материалов. док № 111. С. 283-286).
Екіншісі, атақты Қаз дауысты Қазыбек бидің жоңғарға екінші рет елшілікке барып, Қонтәжіге «Жұмыр басты, екі аяқты адамның өзі қайыр. Ерім үшін құн алмай өлісемін, бозым көзі жоқ болса, екі есе төлеуін бер. Бұл айтқаным болмаса, тал түсте таптап аламын» деген сөзі сақталған. Бұл сөзді Қазыбек би Абылай сұлтанды босататын елшіліктен кейін Жоңғарияға тағы барып, Абылайдың соңында қалған Жәпек батырды босату үшін айтқан дейді.
Ежелден ерке елшімін,
Елдескелі отырмын.
Өрлесем қанша өлім жоқ,
Белдескелі отырмын.
Алыс кетсе арамыз,
Шендескелі отырмын.
Өршелеген өр болса,
«Кел» дескелі отырмын.
Жазылмайтын жара жоқ,
Жаласқалы отырмын.
Жолсыз айтқан жобаңа,
Таласқалы отырмын.
Жаға болса жыртылған,
Жамасқалы отырмын.
Қала болса бұзылған,
Қаласқалы отырмын.
Құлдыққа көнген ел жоқ-ты,
Құрағалы отырмын.
Бір ожауда екі заң жоқ-ты,
Сұрағалы отырмын.
Екеуін бірдей бермесең,
Қағысқалы отырмын.
Әлемде бірдей жора бар
Салысқалы отырмын.
Ордаңда бар төрт жайсаң,
Менде сондай елімде,
Уағдаңнан сен тайсаң,
Белгілі барар жерімде…
(Қаз дауысты Қазыбек би. ІІ том. А: Mep-PRESS, 2017-295-296 бет)
Жәпек Дәуітбайұлының ғұмырындағы келесі бір атышулы оқиға – өзінің туған ұлы Құткелдіні (Сарықазақ) Абылай тұтқынынан босағанда жоңғарға аманатқа беруі. Бұл да көптеген тарихи деректерде молынан баяндалады. Бұдан басқа қазақ-жоңғардың арасындағы бірде жаугершілік алмағайып қантөгіс майдандардың, бірде аз да болса татулыққа, бітісуге келіп, бейбіт қатар өмір сүруге көшкен аз ғана толас сәттердегі небір оқиғаларда Жәпек батырдың аты Абылайхан есімімен қатар аталады. Батырдың киесі-бөріге байланысты аңыздар, Түркістан үшін болған шайқастардағы ерлігі, қалмақтың қырық батырымен жекпе-жегі және тағы басқа да тақырыптарға арналған ел аузында сақталған әфсана әңгімелері жеткілікті. Батырға байланысты осындай мол материалдар Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым Академиясының Орталық ғылыми кітапханасының сирек қорында сақталған.
Жәпек батырдың алты ұлынан тараған ұрпақ бүгінде тамыры тереңге жайылған алып бәйтеректей еңсесі биік елімен бірге тіршілік жасап келеді. Қазақ елінің ХІХ-ХХ ғасырлардағы небір саяси-экономикалық, идеологиялық, рухани әлеуметтік, қоғамдық формациялық дәуірлік өзгерулеріне тікелей атсалысып, біте қайнасып жасап келеді. Тәуелсіздік заманында жаңа қазақ қоғамының қалыптасуына да өз үлестерін қосып, бүгінгі өмірдің бел ортасында алдыңғы шептен көрініп жүр. Бүгінде халық таныған талай арда ұлдары мен қыздарының есімдері ел аузында.
Батыр ұрпақтары ұлы Бабасының есімін ұлықтауда игілікті істер атқарып келеді. Бабасының ата қонысы – Айыртау ауданының орталығы Саумалкөлде есімі берілген көшесі бар, ұрпақтары өсіп-өнген Жетістік, Қоскөл ауылдарына ескерткіш тас орнатылды. Бабасының сүйегі жатқан қасиетті Түркістан жерінде арнайы ас берілді, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі пантеонға есімі жазылды, Әзірет Сұлтан атындағы тарихи-мәдени қорық мұражайының ғылыми кеңесінің арнайы шешімі шығарылды. Батырдың есімін ұлықтауға қазақтың белгілі ақын-жазушыларының тарихи туындылары да бар.
Енді міне, ұрпақтарының арқасында Жәпек батыр Дәуітбайұлына арналған кітабы жарыққа шығып отыр. Бұл кітап – қазақ тарихын зерделеуге арналған тағы да бір рухани қазына. Әсіресе, Қазақтың батырлық дәуірінің замана тарихын анықтай түсуге қосылған сүбелі еңбек десек те артық болмайды. Сонымен қатар, бүгінгі жас ұрпақ үшін де ғибраты мол дүние.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *