АЛТЫ АЛАШҚА АТЫ МӘШҺҮР ЖӘПЕК БАТЫР

 

Төлепбергенов Ғалымтай Мәлікұлы
әлеуметтік ғылымдарының магистрі, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің аға оқытушысы

Атығай-Қарауылдар – орта жүздің арғын тайпасының іргелі руларының бірі. Алматы қаласында 2010 жылы белгілі тарихшы Х.М.Ғабжәлелов авторлығымын шыққан «Қазақстан тарихы этникалық зерттеулерде» атты еңбегінде Арғыннан шыққан, бірақ, бүтін қазақтың тұлғасына айналған Бұқар жырау, Қазыбек би, Бөгенбай батыр, Малайсары, Олжабай батыр деп жазады. Алайда, Қалдан Серен қоңтайшының Абылай ханға қол астыңдағы адамдарың саған қалай қызмет етеді деген сұрағына Абылай хан былай жауап қайырған деседі: «Маған барлық адамдарым да бірдей қызмет қылады, бірақ десе де, солардың ішінде өзіме ерекше қызметі сіңген Жәпек батыр». Міне, осыдан Жәпек батырдың есімі үлкен құрметпен аталуға тиісті тарихи тұлға екендігіне анық көзіміз жетіп отыр [1, 426].
Жәпек батыр – әулетіміздің шежірелік тарихи-аңыз әңгімелерге қарағанда шамамен Есім ханның заманында ғұмыр кешкен, жаугершілік заманда бүкіл қазаққа ерлігімен танылған Қалқас батырдың ұрпағы. Шежіредегі лақап аты – Қалақшаш, Қалмұқа батыр. Қалқас батырдың үлкен баласы Құдайберлінің өмірге келуі туралы аңыз бойынша, Қалқас батыр бір жорықтан оралып келе жатқан кезінде елсізде жарты лашық үйді мекен қылған перінің қызына жолығып, оған ғашық болып, сол қызбен көңіл қосып, Құдайберлі бабамыз дүниеге келген екен. Тарихи аңыз оқиғасы ноғайлы жұртының негізін салған Едігенің өмірге келуімен ұқсас сюжетте өрбиді. Осыдан біраз жыл бұрын осы сюжет негізінде «Құдайберлі жыр-аңыз» деп аталынған еңбегімізде мына жыр жолдары дүниеге келген болатын:
Қазағым қазақ болғанда
Дін мұсылман баласы,
Кәуірден азат заманда
Алашы ханның тұсы екен.
Жаугершілік ерліктің
Дәурені асып тұр екен.
Сары далада жорытқан
Нобайы сұсты бір адам
Көрінген жауы үріккен.
Ұйлыққан қойдай бөріккен,
Бұл не қылған Ер екен?
Дамылдап бір кез қараса,
Жол айырық бойында,
Жарты лашық тұр мекен.
Жортуылдап жол тартқан,
Сол заманның серісі,
Қалқас батыр – көреген!
Кең даланы бір өзі,
Мол дүбірге бөлеген.
Осы сәтте Батырдың
Алдынан Ару шығады.
Ұсынып сусын Батырға
Амандығын сұрады.
Бұл не деген жарық нұр?!
Ғайыптан туған аймысың?
Бұл не қылған самала,
Тал түсте түскен күнбісің?
Деуге де келмей икемі,
Атынан ауып қалады.
Баһадүр ердің көркемі
Сол талғаннан жатады,
Бие сауым шамасы.
Мұндай сұлу болар ма?
Әйел заттың баласы.
Айдай, күндей көрінген,
Пері ана – ару қыз осы.
Ояна келе Батырың
Қор қызымен жарасып,
Енді бір жұмақ бір күйге…
Перінің қызы Батырды
Алып та жүрді енді үйге.
Перінің қызы сөйлейді:
Батырға қояр шартым бар,
Иеме берген сертім бар.
Сол шартымды құп көрсең,
Менімен дәурен сүрерсің,
Қаса сұлу арудың
Еркелігін наздығын
Тұнығын бойлап көрерсің.
Ең бірінші бүйірге,
Бүйірге назар салмаңыз!
Екіншіден Батырым
Ырғала басып жүргенде,
Ізіме назар салмаңыз.
Қош делік, сонан Батырың
Бөгеліп біраз қалады…
Дүниені ұмытып,
Жарты лашық жер үйде,
Алты айдай дәурен сүреді.
Перінің қызы – Арумен
Ойнап бір, шіркін, күледі.
Жетінші айдың жүзінде,
Жыл он екі ай ішінде,
Сары бауыр күз еді.
Бабамыз Қалқас ойға алған.
Бұ не пәле осы деп
Көрмекке қызды ойланған.
Қараса қыздың бүйірін,
Көрініп өкпе тұр екен.
Ырғала басып жүргенде,
Басқаны ешкі ізі екен.
Ару да сезді батырдың,
Батырдың ынтық назарын,
Тарқатып «қызық базарын»
Соңғы рет бұрып Батырға
Ай мен күндей ажарын
Перінің қызы – Анамыз,
Шаңыраққа ұшқанды,
Құс болып сонда қонғанды.
– Әй батырым бұл ісің
Жақсылық болып оңбады.
Енді саған жоқпын мен
Аз күн жолдас болған ем,
Әттеген-ай ішімде
Перзентің кетіп барады.
Айы-күні толғанда,
Жол айырық бойынан
Сәбиді тауып аларсың,
Содан соң ғайып болады.
Есеңгіреп Батырың
Орнынан әзер тұрады…
Осылай аңыз сөйлейді
Әлі күнге ел іші
Құдайберлі бабамыз
Періден туған ұл дейді.

Эпилог
А, құдай адастырмас пендеңізге,
Тірлікте жарқыраған шырақ берген,
Бұл фәни жалғанынан өткендерге,
Бақидан мәңгілікке тұрақ берген
Кеше гөр пендеңізді иә, құдайым!
Бір ауық пері қызбен ойнап-күлген.
Көнеден бізге жеткен аңыз осы
Көрікті ой әрқашанда көңіл қошы,
Құлақ сал замандасым ойлы сөзге,
Заманың тап келсе де қилы кезге.
Осымен әңгімемді тәмам еттім,
Зейінмен көңіл қойып оқысаңыз,
Бабамның тағдырынан бір хикаят,
Әдемі ертегідей баян еттім,
Көкірек көзін салып қарасаңыз.
Белгілі халық мұраларын зерттеуші, Атығай мен Қарауыл шежірелерін жинаушы, бүгінгі тарих және этнологиялық ғылымдар жетістіктерімен ұштастыра зерделеп жүрген – Мұсатай Ғалым. Ол Қалқаш батырдың өмір сүрген уақыты туралы екі нұсқаны қарастырады. Біріншісі, Қалқаш батыр ХVIII ғасырдың басы, Қалқаштың бейіті Ұлытауда деген нұсқа бар, екіншісі, қазақтардың Есім мен Тұрсын хандар тұсындағы парсылармен болған соғыстар уақытына апарып тірейді. Иранды билеген Сефевид – түркі әулеті бүкіл Орта Азия – Тұранға өз билігін орнату үшін, әсіресе, ХVI ғасырдың аяғынан Тұранды қазақтардың бастамшылығымен сопы-нақшбандилер қолдауымен біріктірмек болған Тәуекел ханнан кейін белсенді түрде кірісіп кеткен болатын. Сондықтан, Бұқарлық шайбанилер де аштарханидттер де қазақтармен жанжалдарына қарамастан үнемі Иран билеушіліріне қарсы одақтасып отырды. Қазіргі сөзбен айтқанда, Мауеренахр ол қазақ ықпалындағы өмірлік маңызы бар ел мен жер. Сондықтан, қазақтардың қызылбас- парсылармен одақтас болуы логика мен тарихи шынайы оқиғаларға қайшы келеді. Оған жанама дәлел, бүкіл қазақ эпосының мазмұны (Қарақыпшақ Қобыланды батырдан бастап барлық қазақ қаһармандары қызылбастарға қарсы соғысады. Ғ.М.)
Осы тұрғыдан алғанда, екінші қисын тарихи шындықпен сәйкес келеді деп тұжырым жасауға болады. Себебі, бұл кезде Бұқар хандығындағы шайбанилер әулетінің билігі қазақ хандарымен соғыстардың нәтижесінде құлап, Астраханды Мәскеулік орыстар басып алғаннан кейін тақсыз қалған Астрахан хандарының әулеті – аштарханид-жанидтер Бұқарда 1599 жылы билікке келді. Бұл әулеттің төртінші өкілі Имамқұли ханның орнығуы үшін қазақ хандары бұл күреске белсене араласты. Ол турасында Қазақстан тарихының 2-томында парсылық автор Искандер Муншидің «Тарих – и аламара йи Аббасси» шығармасына сілтеме жасалып, Есім ханның 1611 жылы Ташкент пен Түркістан қазақтарынан құралған 5 мың қазақ әскерімен Имамқұлға оның бауыры тақтан тайдырылған ирандық-қызылбастар көмегіне сүйеніп отырған Уәли Мұхамедке қарсы соғысқа қатысқанын келтіреді [2, 414 ]. Демек, Қалқас батыр осы оқиғаларға қатынасқан болуы керек. Қалқас батырдың атағы парсы жеріне барып соғысқанда шығыпты дегені осы тұрғыдан алғанда тарихи шындық деп қабылдауға әбден болады.
Онан әрі автор Қалқасты парсы жағында соғысушы қылып көрсетуі халық аңызының тарихи фактілерді өз ыңғайына қарай бұрмалауынан туындаған болуы мүмкін. Сондықтан, оған риза болған парсы патшасы қызын берген екен деген дерегі де тарихи шындыққа үйлеспейтін тәрізді. «Перінің қызы» – персінің қызы екі жақ бітімге келгенде жеңілген жақ келісімді бекіту үшін жасалған неке болуы немесе соғыс кезіндегі олжа да болуы мүмкін. Халықтық аңызда перінің, яғни, парсы қызының Қалқас батырмен көп отаспағанын, оның туған елі мен жұртын қатты аңсағанын меңзейтін әңгіме-аңызын да көреміз. «Ал, бәйбішесі ауыра бергесін бұл жерді жерсінбей ауырып отыр деп баланы алып қалып, шешемізді өз еліне апарып тастапты» [3, 20]. Ал, біз жыр жолдарымен өрнектеген тарихи аңыз нұсқасынан да Құдайберлінің анасының еліне оралғанын сюжет желісінен көреміз.
Парсы қызының патша қызы болмаған күнде де аса текті әулеттің қызы болғандығы анық. Себебі, Қалқас батыр әйелінің өз еліне кетуіне, аман-есен жетуіне барлық жағдайды жасайды. Сонымен бірге, ол қыздан өрбіген әулеттің Атығайдағы ордалы іргелі жұртқа айналуы соның дәлелі, баланың жақсы болуы нағашы жұртынан деп дана халқымыз жайдан-жай айтпаған. Ал, Қалқас батырдың өмір сүрген заманы ХVIII ғасырдың басына дөп келеді деуі тіпті де жаңсақ пікір, оған шежіре дерегінің өзі – бұлтартпас дәлел. Онда Жәпек батырдың өзі – Қалқас батырдан кейінгі төртінші ұрпақ, әр ұрпақтың өмірі 25 жыл деп санағанда Қалқас батырдың заманы, оның жігіт шағы ХVII ғасырдың басына дөп келетінін аңғарамыз.
Біздің ата-бабаларымыз ХVІІ ғасырдың аяғы мен ХVІІІ ғасырдың басында М.Тынышпаевтың келтірген шежірелік тарихи деректерге қарағанда, қарт Қаратаудың жоталарының солтүстігіне қарай орналасып, Сарысудың орта ағысы бойымен Жошы хан бір кездері Ұлы мемлекетінің Ордасын орнатқан. Бар Алаштың кіндік жері – ұлт ұясы Ұлытау маңына дейін көшіп-қонып жүрсе керек [4, 15]. Қазақ-қалмақ соғыстары кезіндегі қазақ руларының қөші-қон тарихын зерттеген орыс ғалымдары П.Рычков, Н.Аристов, қазақ зерттеушілері Ш.Құдайбердиев мен М.Тынышпаевтар бір ауыздан 1723-1727 жылдары «Ақтабан шұбырындыда» кезінде Арғындар Сырдарияны кешіп өтпей, керісінше, Қаратау тауларының солтүстік-батысынан бұрынғы Торғай уезінің аумағы арқылы Бетпақдалаға кеткен [5, 27].
Ақбөкен мекен қылған Бетпақтың шөлі үркіншілікте мал-мүлкінен айырылып, арып ашып келе жатқан елімізге алғашқыда пана да, азық та болса керек. Бірақ, Бетпақтың шөлінде осыншама жұрттың ұзақ тұрақтауы мүмкін емес еді. Сондықтан, Жәпек бабамымыз бен басқа да Арғынның жеті момын бірлестігіне енген рулардың ел ағалары жайлы қоныс іздеп көштің бетін батысқа қарай бұрып, 1731 жылдың шамасында Мұғалжар тауларына дейін барған көрінеді. Алайда, панасына алар деген Әбілқайыр ханның орысқа бағынды деген хабарын естіген аталарымыз көштің бетін Есіл мен Көкшетауға, яғни, қазіргі мекенімізге қарай бұрған екен. Ол оқиға турасында Шәкәрім қажы өзінің тарихи жырында былайша баян еткен:
Соны естіп Жеті момын қайта ауыпты,
Орыстан көреміз деп бір қауіпті.
Мұғалжардың күншығыс жағына өтіп,
Ырғыз, Торғай дейтұғын жер тауыпты [6, 292].
Ал, Есіл-Көкше өңіріне бабаларымыздың орнығуының өзі жеке бір зерттеудің арқауы боларлықтай. Оңтүстік-шығыстан сол шақта қазақты жоңғар-қалмақтар тықсыра қысса, солтүстік-батыстан күш ала бастаған Ресей патшалығы өз қысымшылығын көшпелі жұрттарға үдете түскен болатын. Соның салдарынан, башқұрттар Есіл,Тобыл бойына ығысып, осы жердегі керей-қыпшақ жұртымен араласа қоныстанып алған еді. Ол оқиғалардың барысы туралы кеңес дәуірінің белгілі ақыны Ахметжан Нұртазиннің шежіре-дастаны өзіне дейінгі Атығай Шал ақынның бізге жетпеген жыр-дастанының ізімен жазылған тарихи шығармада баян етілген болатын. Қазіргі Айыртау, Шал ақын, Ғабит Мүсірепов ауданындағы жерлерде кездесетін жер атаулары – Құлшынбай қорымы, Шудасай, Сарыбұлақ, Бағанаты сол заманның белгілері [7, 34-37].
Сонымен, бабаларымыздың Арқа төсінде жаңа қонысқа біржола орнығуы ХVIII ғасырдың 30-40 жылдарына сәйкес келеді деуімізге толық негіз бар. Себебі, 1730 жылы өткен атақты Аңырақай шайқасында бабамыз Жәпек батыр Абылай ханмен шайқаста бірге болғандығы мәлім.
Тегінде қазақ батырларының өзгелерден ерекшелігі аса көп әйел ала бермегендігін байқаймыз. Сірә, ондай әлеуметтік мінез-құлық байлық жиған байға, ел басқарған қызметшісі көп хан-сұлтандарға тән болса керек. Үнемі жорық жолында жүрген ел қорғаны батыр бабаларымыздың өмірлік серіктері өздеріне сай болып келген. Олардың Назым, Құртқа, Гауһар деген есімдері халық жадында күні бүгінге дейін сақталып келеді. Сол сияқты, Жәпек бабамыз да – көп әйел алмаған адам. Тарихи дерек бойынша үш әйелі нақты белгілі, ал, екеуінің аты ел есінде сақталған. Оның екінші әйелі – Кежек, шежіре дерегінде атақты Малайсары батырдың яки қарындасы яки қызы делінген. Яғни, ұрпақтары ардақтап айтып жүрген Кежекен анамыз. Үшіншісі – жоңғар батырының қызы Шаған қыз. Ол қызбен бабамыз отасып үлгермеген.
Жәпек бабамыздың екінші әйелі Кежекен анамыз бүкіл сол замандағы қазақ жұртына мәлім атақты әулеттің ғана өкілі ғана емес, өзі де жүректі, қайратты кісі болған деседі. Одан туған ұлдар – Сейтен, Жауқай, Жарты, Жортушы, Сарықазақ бабамыздың ізін басқан, абырой-даңқын асқақтатқан бір-бір тұлғалар болғанын тарихи аңыздар мен нақты құжаттық деректер дәлелдейді.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
1. Әбуов Қ. Абылай хан. Энциклопедия. – Көкшетау, 2013. – 426-б.
2. История Казахстана ( с древнейших времен до наших
дней) в пяти томах. Том 2. – Алма-Ата , 1997. – стр.414
3. Есмағанбет М. Атығай шежіресінің деректері. Көкшетау, 2018, – 20-б.
4. Тынышпаев М. Великие бедствия. //Актабан шубырынды. – Алма-Ата, 1992. – стр.15
5. Рычков П. Топография Оренбургская. – Оренбург, 1897 – стр.27
6. Құдайбердиев Ш. Шығармалары: өлеңдер, дастандар, қара сөздер. – Алматы, 1988. – 292-б.
7. Төлепбергенов Ғ. Проблемы востоковедения. //
Этнополитические связи казахов и башкир в эпоху правления Абылай хана. Уфа, 2014 . – стр.34-37

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *