АБЫЛАЙ ХАН ДӘУІРІНДЕГІ АТЫҒАЙ РУЫНАН ШЫҚҚАН БАТЫРЛАР



Қалиева Ботагөз Қаматайқызы
педагогика және психология ғылымдарының магистрі,
Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық
колледжінің оқытушысы

Атығай – Арғын тайпасынан тараған руларының бірі. Атығай руы Қаратау, Ташкент жерлерде көшіп-қонып жүріп, қырғыздармен де жақын араласып, қыз берісіп те тұратын кездері болған.
1723 жылы «Ақтабан шұбырынды» кезінде Атығай руы оңтүстік жаққа Ходжент жеріне кетеді. Рудың ағалықтарының айтуынша, Сібір хандығы Ташкентпен саудалықтарын іске асырып жүргенде, сансыз керуеннің көпестері Атығай-Қарауыл руларының қазақтарына Сарыарқаның тамаша жерлері туралы айтқан. Бұл жерлерде жазық дала, ормандар, көптеген өзендер мен көлдер орналасқан. Ақтабан шұбырындыдан қалжыраған Атығай және Қарауыл рулары сол жерлерге көшіп барған. XVII ғасырдан бастап Б.Н.Дәулетбекұлының басшылығымен Атығай мен Қарауыл рулары Сарыарқа жеріне көшуі басталды. «Жеті Жарғы» заңдарының жинағы шығып, сол заңға сәйкес әр руға белгілі бір қоныстайтын жерлері бекітілген. Арғын тайпасының Атығай мен Қарауыл руларына Есіл мен Көкшетау жерлері берілген [1, 56-63].
Біздің өлке қазақ халқының пайда болуының кең тарихи үрдісінің ажырамас бөлігі болды. XV-XVI ғасырларда көптеген түркі рулары мен тайпалары бір мемлекетке қосылды. Оның нығаюына Жәнібек пен Керейдің, Қасым мен Есімнің, Тәуке мен Абылайдың атақты батырлары – Қарасай мен Ағынтайдың, Қожабергеннің, жанкешті Баян Батыр, Тілек, Құлсары және Ер Жабай, Жанатай, Жәпек батырлардың әрекеттері ықпалын тигізді [6, 78].
Атығай мен Қарауыл рулары Абылай ханға үлкен көмек көрсеткен. Осы рулардың арқасында Абылай хан билікке келіп, Орта жүздің ханы болған [1, 135].
Атығай Құдайберліден тараған тарихи тұлғалардың бірегейі – атақты Жәпек батыр. Тікелей Құдайберліге келсек, Құдайберліден – Ақмәліш – Андай – Есенгелді – Рсай – Құлымбет – Көкқұлы – Ораз – Дәуітбай – Жәпек. Жәпектің жеңгедей алған әйелінен Қарасай бұтағы шығады, одан бүгінгі есімі елге мәлім Шахмет Құсайынов тарайды [6, 68 ].
Құткелді (Сарықазақ) батыр – атақты Жәпек батырдың баласы. Қалмаққа таң атырып, күн шығармаған батыр. Сарықазағы бес жасында қалмақтарға кепілдікке берілген, оны қалмақ ханы ұлы жоқ бір биіне берген. Ол есейіп ержеткенде атқан оғы жерде қалмайтын мерген болып, көптің көзіне түскен. Қонтайшы өзімен бірге аңға алып жүреді екен. Содан қызғаныш туады, одан құтылудың амалын іздестіреді. Оны сезген асырап алған қалмақ әкесі Сарықазаққа өзінің қызын қосып, бір түнде еліне аттандырып жібереді [6, 68]. Оның жеті әйелі болған. Денесі Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жерленген. Қарасай батырдың баласы Аю да – батыр болған кісі. Одан туған ұрпақ бүгінгі Айыртау өңіріндегі Қоскөл, Қаратал елді мекендерінде жиі кездеседі. Құлболды би – өзінің әділдігімен, турашылдығымен шешендігімен аты шығып, бүкіл Атығайға танымал болған тұлға, Аю батырдың баласы [1, 136].
Жәпек батыр 1745 жылы Абылай ханның Түркістанды азат ету жорығына қатынасқан, сонымен бірге, Абылайдың жоңғарлармен жүргізген Шаған соғысында жоңғар ноянының бірін жекпе-жекте өлтірген. Ерлігіне риза болған Абылай жоңғар ноянның қызы Шағанды әйелдікке береді. 1758 жылы Абылай хан шақырған әскери кеңесте Малайсарымен бірге циндік Қытайға әскери тойтарыс беру керек деген пікірді қолдады.
Жәпек батыр туралы Шоқан Уәлихановтың XVIII ғасырдағы қазақ батырлары туралы тарихи аңыздарында сөз етіледі. Сонымен қатар, Жәпек батырды Бұқар жырау, Шал Күлекеұлы да жырлаған. Атығайдан шыққан Шал ақын (Тілеуке) өзінің бір өленіңде әкесі Күлекенің және сол кезеңдегі арғынның атығай руынан шыққан атақты батырлардың кімдер болғаның былайша жырлайды:
Құдай жақсы жаратқан Нұрекені айт,
Елде жақсы бар болса бір-екіні айт.
Атығайда төрт қасқа батыр өткен
Жантелі, Жәпек, Тілеке, Құлекені айт! – деп атап өткен.
Жәпек есімі Абылай ханға байланысты алғаш шежіре дерегінде, Абылайдың елге алғаш танылуы оқиғасына байланысты кездеседі. Майдан даласында қалмақтың Шарыш деген батыры қазақтың екі батырын бірінен соң бірін өлтіріп, қазақ дағдарып тұр екен. Абылай астында тұлпары, қолында қылышы бар, келе қалмаққа қарсы шауып, Шарышты аттан түсіреді. Сол жерден Атығай Жәпек батыр Абылайдың астына ақ киіз төсеп қарсы алады.
Құдайберлі-Атығай Жәпек батырға қатысты екінші елеулі шежіре дерегі: «Қалмақ ханы Қалдан Серен қапысын тауып Абылай ханды қолға түсіргенде Атығай руынан шыққан Жәпек батыр да бірге тұтқындалыпты. Абылай ханның қолға түскенін естісімен Қалдан Серен оны өзінің хан шатырына алып келуді әмір етеді. Жанында Жәпек батыры бар Абылай шатырға кіргенде, Қалдан Серен жолбарыс терісін жапқан алтын тақта отыр екен дейді. Кекке булығып жүрген қалмақ ханы Абылайды көрген бетте көзі шатынап, қаны басына теуіп Шарышымды өлтірген сенбісің?! – деп ақырса керек. Біреудің алдында түрегеп тұрып жауап беруді ар санаған Абылай хан үнсіз қалады. Сол кезде Жәпек батыр: «Қалдан қалмақтың ханы болса, сен қазақтың ханысың, Абылай! Төмендеме, хан ием, менің үстіме отыр!» – деп, Абылайдың алдына тізерлей жата кетіп еді дейді. Сонда ғана, өзін ашуға жеңдіріп отырғанын сезген Қалдан Серен нөкерлеріне қарап иек қағады. Нөкерлері дереу төрге күлте жал жарғақ бөстек төсейді. Абылай хан бөстекке тізе бүгіп жайғасқан соң, еңсесін тіктеп: «Шарышты, ұзында өшім, қысқада кегім болған соң өлтіргенім жоқ. Мен халқымның айтқанын орындаушы ғанамын. Міне, бұрынғыдан қалған кәрі құлақтардың сөзі осы» депті.
Жәпек батыр қыс мезгілінде Ертіс бойындағы бәсентиіндерге қайыншылап барған кезінде қаза болған. Сүйегі сол кездегі атақты адамдарға қатысты дәстүрге байланысты Қожа Ахмет Ясауи кесенесі түбіне жерленген [2, 85-86].
1742 жылдын 7 маусымында Сыртқы істер алқасына Орынбор комиссиясынан жолданған хаттан осындай мәліметтер берілген, сол жолы Галдан Церен тұтқыннан Жәпек батырдың ұлын, тағы бір белгілі кісіні (кім екенін білмейді) босатып қайтарыпты. Он адам мен Қарасақалды алып келуге үш қалмақ қосып қазақ еліне аттандырыпты. Үш қалмақтын екеуін қазақтар алып қалыпты да, біреуін, жанына бір қазақ қосып, Галдан Церенге қайтарып, оның сұраған аманаттарын қашан, қалай беретіндігін ақылдасып, шешіп, хатпен хабарламақ болыпты. Аталған қазақтар Галдан Церенге келгенде Абылай сұлтан кісіндеулі екен, олар келген соң, оны кісеннен босатып, үйге кіргізіп күзеттіріп қойыпты [3, 100-101].
Шоқан Уәлихановтың еңбегінде Жәпек батыр жайлы осындай мәліметтер кездеседі: Плен Абылая у Галдан-Черена. В одном из нашествий джунгаров на киргиз Аблай убил на единоборстве сына Галданова Чарча. Галдан, узнав о смерти любимого сына своего, приказал виновника его, кто он ни был, где бы он не находился, схватить.
Калмыки, посланные для сего, настигли его врасплох на охоте, схватили несколькими биями, с знаменитым батыром Худайберды атыгаевского рода Джапеком и привели к Галдану.
На вопрос, где ты убил моего сына, Абылай отвечал: обвинение пало на меня, а был убит народом, через меня исполнилась воля народа над сыном твоим Чарчем. Галдан был так доволен этим ответом и велел запереть в юрту и иметь строгий надзор. Тогда-то и начались мучения Абылая: мать Чарча каждый день ходила смотреть на убийцу сына казаков (киргизов), каждый день исправно мучила их угрозами и проклятиями, отпускала изрядную порцию энергического проклятия, сопровождала их не менее энергическими жестами и приговаривала: «Как ты мог убить его?», он отвечал: «Где не умирал такой блудный раб, как твой сын, старая калмычка!». Она бросилась к мужу, требуя смерти дерзкого казака, и Галдан, боясь чтобы она в самом деле не убила бы Аблая, отпустил его и Джапека-батыра, взяв в аманаты (заложник) сына последнего, который по ловкости своей на охоте и храбрости прослыл именем Рыжего киргиза (Сары-казака) [4, 217-218].
Жәпек батырдың ерлігі жайында В.А.Моисеев мақаласында кездеседі. В 1741г., подписав мир с Китаем, джунгарские феодалы перебросили свои армии в Казахстан. Главным организатором и вдохновителем отпора неприятелю стал Аблай. Несмотря на тяжелые поражения в первые месяцы войны, ему удалось с помощью ряда батыров (Олжабая, Малайсары, Джапака, Джаныбека, Кулсары и др.) увезти в безопасное место население аулов и скот, собрать ополчение и остановить продвижение противника [5, 46].
Жоңғар шапқыншылығы кезінде Жәпек батырмен бірге ерлік көрсеткен Жанатай атты батыр болған. Ол Орта жүз Арғынның Атығай руының Құдайберлі атасынан тарайды. Жанатай Ақанұлы 1723 жылы туып, 1771 жылы қалмақтармен болған қанды шайқаста қаза тапқан. Жанатай батырдың әкесі Ақан мыңдап жылқы айдаған бай, елге беделді, айтқан сөзі өтімді адам болған. Жанатайдың анасы Болат бәйбіше қарулы, өжет адам болған деседі. Болат бәйбішенің төркіні Кіші жүз Адай руы екен. Ақан мен Болатта тоғыз ұл болыпты. Олар – Түгел, Жантүгел, Қанай, Жанатай, Үркін, Шағатай, Қарамырза, Сарымырза, Азнабай. Жанатайдан Тілеуберді батыр туады. Тілеуберді батыр Кенесары тұсындағы соғысқа қатысып, ерен ерлігімен көзге түседі.
Қаракерей Қабанбай туралы жарияланған бір мақалада Жанатайдың ерлігі былай суреттелген: «Қалмақтың Аманалы деген батыры қазақ жауынгерлерін ілгері бастырмай иіріп тастап, жекпе-жек сұрап тұрып алады. Қара нардай Аманалы батырға қазақтан ешкім шыға қоймады. Бір сәтте Жанатай батырдың екі көзі шоқтай жанып, аруағы ұстаған бақсыдай «Иә, аруақ Абылай!» деп жалын шашқан жас Жанатай ақ найзасын күнге шағылыстырып шыға келіпті. Аманалы да қарсы ұмтылады. Көз ілеспес шапшаңдықпен жау батырын ақ найзамен жүрек тұсынан түйреп жіберіпті Жанатай». Жанатай батыр туралы қазақтың әйгілі ғалымы Шоқан Уәлиханов өзінің «Исторические предания о батырах XVIII века» деген мақаласында да жазған болатын [7, 221].
Абылай хан 1771 жылы Ресейден Қытайға қарай ығысқан Еділ қалмақ әскерін барлауға 500 әскер беріп Жанатай батырды жібереді. Жанатай батыр жау қолына түсіп қалаған інісі Арқандар батырды құтқармақ болып, 10 мың адамдық жау шебіне бес жүз сарбазымен басып кіріп, осы соғыста Жетісу өңірінде Іле бойында қаза табады. Осы ұрыстың соңына таман 500 сарбаз түгел қырылып, тек Жанатай батыр, баласы Тоқыш және 8 сарбаз қалады. Сол кезде Жанатай атынан түсіп баласын отырғызып, оған: «Сен тез қайт, қалайда тірі қалуға тырыс, әйтпесе, мен үшін жаудан кек алатын адам қалмайды», – деп Тоқышты аттандырып жібереді. Өзі сол жерде қаза табады. Тоқыш қоршауды жарып өтіп Абылайға жетеді. Сол сәтті Шоқан былай келтіреді: «Когда Абылай узнал о смерти Жанатая, плакал неутешно, говоря: «Не дававший себя точить, черный булат мой!» [7, 222]. Батырдың сүйегі Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданындағы Өрнек (бұрынғы Жанатай) ауылының жанында жерленген [2, 83-84].
Алашқа еңбегі сіңген ерлердің тағы бірі – Құлеке Тәңірбердіұлы. Құлеке батыр – Абылай ханның сенімді серігі, оң қолы болған тарихи тұлға. Ол батырлығымен бірге өз заманының көрнекті қайраткері болып, Абылайдың елшілік қызметін де атқарған, ел ағасы ретінде де зор беделге ие болған. Ол қайтыс болғаннан кейін сүйегі құрметтеліп, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қойылған.
Құлеке батырдың ата тегі былай өрбиді: Атығай ішінде Бәйімбет. Одан – Жоламан. Жоламаннан – Дәулетай, Дәулетайдан – Тәңірберді (ел ішінде Тәйірберді деп те жүр, шындығы Тәңірберді).Тәңірбердіде төрт ұл болыпты. Олар – Тілеке, Құлеке, Қожаберген, Ақан-Барақ. Құлекеде алты ұл болған. Олар – Бөбеке, Мәңке, Тілеуке (Шал ақын), Шардақ, Қазақбай, Жүсіп.
Құлеке 1710-1771 жылдар аралығында өмір сүрген. Ол Абылай ханнан бір жас үлкен, 61 жасында дүниеден өткен. Оның 61 жасында дүниеден өткендігін өзінің туған баласы Тілеукенің (Шал ақынның) әкесіне жоқтау ретінде айтқан мына өлең жолдары да растайды:
Құлеке жиырмада арқар еді,
Отызда би, қырқында дарқан еді.
Кешегі дулап өткен Құлекенің
Алдынан орыс, қазақ тарқап еді.
Алпыс бір мүшел келді мерттей болып,
Өтпедің сол мүшелден серттей болып.
Кешегі дулап жүрген ер Құлеке
Су тиген сөне қалдың өрттей болып!
Тарих құжаттарда Құлекенің есімі бірінші рет 1742 жылғы тамыз айында кездеседі. Сол 1742 жылдың 23-30 тамыз күндері Орынбор қаласында Орынбор комиссияның бастығы, құпия кеңесшісі әрі сенатор И.И.Неплюевтің алдында орыс патшайымына адалдығы туралы қазақтың бір топ батырлары мен билері ант берген. Солардың ішінде, Құлеке батыр 26 тамыз күні отыз бесінші болып ант беріпті. Бұл №96 құжат «Русско-казахские отношения в XVI-XVIII веках» деп аталатын 1961 жылы Алматыда басылып шыққан кітапта берілген [7, 222].
Бұдан кейінгі жылдары Құлеке батыр орыс үкіметімен жақсы қатынастарда болады. Абылай хан атынан әлденеше рет елшілікке барады. Орыс үкіметінің ресми құжаттарында оның есімі жиі кездеседі. Олардан Құлеке батырдың өз заманында аса ықпалды, беделді адам болғандығы көрінеді [2, 87-88].
Шал ақын өзінің бір өленіңде Атығайдың төрт батырларын атап өтеді.Олар–Жантелі,Жәпек, Тілеке, Құлеке. Бұл батырлардың екеуі – Жантелі мен Жәпек Атығайдың Құдайберлісінен, ал Тілеке, Құлекелер – Бәйімбет атасынан. Тілеке мен Құлеке – бір туған ағалы-інілі бауырлар. Тілеке Құлекеден он жастай үлкен болса керек. Ол Жантелі, Жәпек батырлармен құрдас екен. Тілеке – Әбілмәмбет ханның тұсындағы атақты батырларының бірі. Жоғарыда аталған кітапта («Русско-казахские отношения…») мынайдай жолдар бар: «Генерал-лейтенант подарил хану (Абильмамбету. – К.М.)» белый хрептовый, пансырь и железной, Абылай султану – пансырь железной. Джанибек батыру пансырь такой же.Тлеку батыру – пансырь же»[9, 167]. Яғни, патша үкіметі Тілеке батырды да жоғары бағалаған.
Құлеке – Атығай руының ру басы, атқамінерлерінің бірі. Ол өмір бойы дерлік Абылайдың қол астында, хан ордасында қызмет атқарады. Ол кезде Орта жүз ханы Әбілмәмбет Түркістанда тұрады да, Абылай сұлтан Көкшетауда болып, Құлеке мен тағы басқалары оның тапсырмасын орындаушылар болады. Осыған байланысты олардың есімі Орта жүз хандығына, Абылай әкімшілігіне қатысты бар Ресей шекара бұйрықтары мен шекара комиссиясымен жазысқан қатынас қағаздарда, ресми құжаттарда жиі кездеседі. Ресми құжаттарда Құлекенің есімі 12 рет кездеседі. Бұл құжаттар 1742 жылдың тамыз айынан 1765 жылдың қаңтар айына дейінгі уақытта хатқа түскен.
Ресейдің сыртқы істер алқасының Орынбор губернаторы А.Давыдовқа 1760 жылғы 18 шілдеде берген жарлығында Құлеке батырдың қазақ ішінде аса атақты, беделді адам екендігі айтылып, онымен жақсы қатынаста тұру керектігі, лайықты сый көрсетілуі қажеттігі ескертілген [6, 78].
Құлекенің есімі соңғы рет 1765 жылдың қаңтарында жазылған «Сыртқы істер алқасының қазақтарға астық сату» жөніндегі жұмысының көшірмесінде аталады. Бұдан кейін ресми құжаттарда Құлеке туралы ешбір дерек жоқ [6, 80].
Құлеке қайтыс болғасын Есіл өзенінің жағасында Аютас деген жерге койылады. Ол өзі дүние салар алдында денесін Түркістанға, ханның, әулие-әмбиелердің қасына апарып жерлеуді өсиет еткен көрінеді. Соңынан сонау алыстағы Түркістанға Бетпақдаланы басып өтіп, жылқы терісіне оралған мәйітті бірнеше салт атпен айшылық жол жүріп, атақты Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне апарып, Жер-Ананың құшағына тапсырған баласы Тілеуке (Шал ақын) екен [6, 80].
Құлеке батырмен бірге Құлсары батырды айтып кетуге болады. Құлсары бабамыз 1715 жылы туып, 1776 жылы бақилық болған. Батыр бабамыздың ата тегі туралы айтар болсақ, Орта жүз Арғын руының Атығай атасының Құдайберлі тармағынан тарайды. Құдайберлінің алты баласы болған. Олар – Есенгелді, Ырсай, Андай, Ақмешіл, Жамет, Құлымбет. Ырсайдың алты баласының бірі – Бөрі. Бөріден Құлсары туады.
Орта жүздің ханы Әбілмәмбет Абылай сұлтанға үлкен сенім артып, Орта жүз елін билеу тұтқасын қолына берген уақытта Абылай сұлтан сенімді серіктері – Құлсары мен Құлекені Атығай елі ғана емес, бүкіл Орта жүз еліндегі дау-дамайларды шешуге араластырады. Елдің ішкі жағдайы ғана емес, Абылай ең сенімді қос батырын сыртқы дипломатиялық істерге де қатыстырады.
Құлсары бабамыздың бейбіт уақытта ел басқарған ел басшысы, ол кездегі сөзбен айтқанда, «старшина» ғана емес, ел қорғап жауға шабар батыр, әскери қолбасшы болғаны мұрағат құжаттарында да кездеседі.
1756-1757 жылдары Қытайдың әскері Жоңғар елін талқандап, қазақ шекарасына қауіп төндіреді. Осы кезең туралы Р.Б.Сүлейменов пен В.А.Моисеев: «Положение становилось критическим. Повстанческие отряды в Джунгарии были окончательно разгромлены карательными отрядами, население поголовно вырезано… Многие султаны и старшины откочевали вместе со своими улусами под защиту русских крепостей. Несмотря на это, Абылаю, Кулсаре и Кулеке батырам удалось собрать шеститысячное ополчение и в первых числах июня 1757 года выступить в походы», – деп жазды[8, 72].
Құлсары батыр өзінің анты бойынша патша өкіметіне адал қызмет етті. Мұны теріске шығаруға болмайды. 1742 жылдың 25-30 тамызында үш жүздің 128 батыры мен билері, старшиндары Ресей мемлекетінің бодандығын мойындап, адал қызмет етеміз деп қолдарына ұстаған Құрандарын сүйіп, Алла атынан ант бергенін тарихтан білеміз (Присяжный лист хана Абульхаира, султана Ерали, батыров, биев и старшин Малого, Среднего и большого жузов. АВПР.Ф.122.1742 г., д.л.л. 158-169).
Олардың арасында Орта жүздің батырларымен, билерімен бірге Құлсары мен Құлеке де Құдай атынан ант берді. Сондықтан, діндеріне берік Құлсары мен Құлеке де анттарын бұзбай, патша өкіметіне адал қызмет етуге тырысты.
Абылайдың Қытаймен қатынасын бақылап отыруды көбіне Құлсарыға тапсырған, оған төмендегі құжат дәлел бола алады. 1760 жылдың 18 шілдесінде жазылған Ресей Сыртқы істер алқасының жарлығынан үзінді келтірейік: «Абылай сұлтанның қарауындағы қазақтарды жоңғар жеріне көшіп кетуден Құлсары батыр тежеп отыр…. Орта жүз жөніндегі саясатымыз – оларды Қытай қаруына өтіп кетуден тежеп ұстау және қазақтардың Қытаймен байланысын үнемі бақылап отыру. Ол үшін Абылай сұлтанға, Құлсары және Құлеке старшындарға жалақы тағайындау керек»[9, 607].
Уақыт көші ілгері жылжыған сайын аттары аңызға айналған ұлы бабалардың ел басына күн туған кездердегі еліне қамқор болғаны, жаудың құтын қашырып, бітпес даудың түйінін бір ауыз сөзбен шешкендігі, қиындықта ақыл тапқан даналықтары жаңғырып, жарқын істері еске түсуде. Өздерінің қайраттылығымен, парасаттылығымен елін түрлі қиындықтардан құтқарған ұлы тұлғалардың алар орны ерекше екені сөзсіз. Алаштың ардақтыларына, ұлы бабалар рухына тағзым ету, өскелең ұрпаққа мирас ету – бәріміздің парызымыз.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
1. Шыңғыс О. Шежіре – асыл мұра.– Астана, 2010.– 56,63, 135, 136-бб.
2. Ұлы даланың дара тұлғалары. Қазақ батырлары. – Алматы, 2016.– 83-88-бб.
3. Артықбаев Ж. Абылай хан. – Астана, 2005.– 100,101-бб.
4. Уәлиханов Ш. Шығармалар жинағы. 1-том. Алматы, 2010.– 217, 218-бб.
5. Абылай хан. Кенесары: проблемы национально-освободительного движения. –Алматы, 1993.– 46-б.
6. Тасболатов А. Есімдері ел есінде. – Астана: Фолиант, 2012.– 68, 78, 80-бб.
7. Валиханов Ч. Собр.соч.в пяти томах. Том I. –Алма -Ата, 1984. стр.221, 222
8. Абылай хан: внешняя и внутренняя политика. – Алма -Ата, 1988. стр.72
9. XVI-XVIII ғасырлардағы қазақ-орыс қатынастары. – Алматы, 1961. – 167, 607-б.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *