Оба

Көлемінің кеңдігі төрт-бес шақырымдық,аяққа құйған астай дөңгелене біткен бұл көлдің теріскейін жиектей біткен жота бар. Оның қырқа жонында әлдене заманнан қалған көп зират бар. Зираттың батыс жақ жиегінде биік оба. Обаның қасында Дос дейтін адамның басына тас қойылған. Тасқа араб әрпімен жазылған сөздерге қарағанда, Уақ руынан шыққан Дос 1862 жылы, 55 жасында опат болған.Көл сол кісінің ныспысымен аталып кеткен болу керек, бірақ ол адамның кім болғанын, ұрпағын ешкім білмейді. Қара топырақты қыртысының қалыңдығы жарты кезден асатын бұл өлкенің ескі шөбі көктем кезінде өртенеді де,ел барғанша өртең көгі шығады.
Ауыл жайлауға көшкен кезде Достың дөңіне шығып жан-жағына көз салсаң, ұшы-қиырына көз жетпейтін таусыз,ормансыз далада,өртеңде өскен шалғын көктем күндері ол арада дамылсыз есетін майда қоңыр самалмен теңселеді де тұрады.Бұл қимыл жұмсақ желдің лебімен ақырын ғана бүлкілдеп жатқан ұшан-теңіздің бетіндегі қимылға ұқсайды.Ал өртеңнің реңі күн сәулесі шалған кезде толқыған теңіздің беті сияқты немесе тотының қанатындай түрлі бояумен құлпырып тұрады. Шіркін,Дос өлкесінің сол бір көркі-ай! Достың көлі дөңгелене біткен дедік қой.Осы дөңгелек көлдің күнгей жақ жарымы жалтыр және жалтырдың түбі аттың тұяғы батпайтын құм-қайраң. Қайраңның мөлдірлігі сондай, бетінде жүзген үйрек сүңгіп кетсе, су асытнда қайда бара жатқандығы көрініп тұрады.Суға бақыр не асық тастасаң, өз көлемінен әлденеше рет зорайып барып жатады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *