Жақсының сөзі
Шамдай жарық, айдай анық.
Жақсының сөзі диірменнен шыққандай.
Жақсының сөзі ақыл шақырады,
Жаманның сөзі ашу шақырады.
Жақсы өтіріктен, жаман шындық артық.
Жақсы сөзге жан семірер.
Жақсы сөз жан сүйіндірер,
Жаман сөз жан күйіндірер.
Жақсы сөз — ер азығы.
Жамандық пайда етпейді,
Жақсылық зая кетпейді.
Жақсыға қылған жақсылық,
Өміріңде тозбайды.
Жаманға қылған жақсылық,
Бір күнгідей болмайды.
Жаман жүрген жүрімнен,
Жақсы өлім көрген игі еді.
Жаманмен көрген күнімнен,
Кірген көрім игі еді.
Жамандықты көп қуған,
Құтылмас пәлеге жолығар.
Жақсылықты көп қуған,
Бақ-дәулетке молығар.
Жаман болса туысың,
Туыспай-ақ құрысын.
Жаман қатын байына,
Жалғыз атын сойғызар.
Жаман ісінен көрмейді, кісіден көреді.
Жаман жолдас жауға алдырар,
Жаман би дауға қалдырар.
Жаман жігітті ел ішінде жау алады.
Жаман жігіт той бұзар,
Жаман әйел ел бұзар.
Жаман жігіт жасында шал.
Жаман адам оңай істі күш қылады.
Жаман адам жасаққа жарамайды,
Желінсау қой қосаққа жарамайды.
Жамандық жасырынбайды.
Жаманат жатпайды.
Жаман жақынын қарақтайды.
Жаман жайды білмес,
Соқыр сайды білмес.
Жаманмен дос болсаң,
Тар жерде ер-тоқымын сұрайды.