ҰРЛЫҚ, МАЛ, АДАМ ТУРАЛЫ ЖӘНЕ БАСҚА ДА ТАҚЫРЫПТАҒЫ МАҚАЛ-МӘТЕЛДЕР

Қорқақ пен қорқақ қорықпай көріседі.
Қорқақтың сылтауы қойнында.
Қорқаққа құбыжық көп.
Қорқақ қол бастамас.
Қорқақ көлеңкесінен де қорқады.
Қорқақтың бәрі Құдайшыл.
Қорқақ қашқан кісі,
Батыр шанышқан кісі.
Қорқақ қонған жерінен де қорқады,
Батыр жауын жеңгенше жортады.
Қарабет болып қашқаннан,
Қайрат көрсетіп өлген артық.
Құсты қанат ұшырады,
Ерді талап ұшырады.
Мал таппас жігіт болмас,
Бала таппас әйел болмас.
Мың асуға бір тосу.
Мықтыға момын күш қылмас.
Мұрнын барда бір сіңбір.
Мың адам салған көпірді,
Бір адам бұзады.
Бір адамның жаққан отына,
Мың адам жылынады.
Мергеннің көзі де мерген,
Қолы да мерген.
Мыржық жігітке ыржық қыз,
Ләйлісі болады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *