Кәрілік, қарттық, жастық туралы мақал-мәтелдер


Қарсы келген кәрілік
Қара нарды шөктірер.


Қырықта қылау түсер,
Сақал-мұртқа қырау түсер.


Қарттың қайраты тілінде.


Құлпырған жас — гүлденген өмір.


Қостың кішісі болғанша,
Иттің күшігі бол.


Қарттың айтқанын істе,
Жастың тапқанын тісте.


Қажу қартқа да ұят.


Қартайсаң да өлімді
Ойлама, еліңді ойла.


Қарт адамның көзі жасты
Қайғырса да жылайды,
Куанса да жылайды.


Қомдығы жоқ, өркеші жоқ,
Нар болғаннан без.


Тақымында тайы жоқ,
Сал болғаннан без.


Жасы жетпей,
Шал болғаннан без.


Қарт адамның қайраты тілінде қалады.


Қарттығыңа мақтанба,
Мәрттігіңе мақтан.


Қарт айнаға қараса,
Өзіне көңілі толмайды.


Қарсы келсе кәрілік,
Қара нарды шөктірер.


Қартайғанда дүние,
Кісінің көз алдына бітеді.


Қартайдым деп қайғырма,
Жас бала бар артында.


Жалғызбын деп қайғырма,
Жақсылар бар артында.


Қарты бар елдің қазынасы бар.


Қырқында қыр аспаған,
Елуінде ел аспайды.


Қырын алған қырқында шал.


Қырыққа келсе де, ырыққа келмеген.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *