Мен ауылға жақындай бергенімде, еңсесі түсіп бүкірейген қарт әкем үйден кібіртіктей басып жүгіре шығып, қарсы алып, әкелік мейірім билеп, көзі жасаурап қолымды ұстап, аймалап сүйіп, балапандай бауырына қысып көпке дейін құшақтап тұрғанын мына кездесу есіме түсірді. Мені құшағынан босата беріп, әкем хал-жайымды сұрамастан, даусы дірілдеп, сасқалақтап, біздің ауылдың кісілеріне: «Әй, сендер, неғып тұрсыңдар, неге осы уақытқа дейін самауыр қоймағансыңдар?» — деп ауылдағы қарсы алған жігіттер мен қатын-қалаштан мені қызғанғандай олардың әрқайсысын әр жаққа жұмсағанын есіме түсірді.
Әкемнің соншама күйгелектейтініндей-ақ мен жолда қарным ашығып келмеген едім. Бірақ та әкем жарықтық шырылдап, аузын ашқан балапанына дән берген қарлығаштай, алдымен, жұмсақ орынға отырғызып, ыстық тамақ беру үшін басқалардың да мазасын алып еді. Мен шынында да аш та, жалаңаш та емес едім. Сонда да болса жыл сайын өте алыс Қиыр Шығыстан қарт әкемді, кіндігімді кесіп, кірімді жуған туған жер, туысқан елді аңсап келуші едім. «Бөпем» деп сүйген әкесін, оның «адам бол, қалқам» деп тілеген тілегін, «сергек бол» деп сенген ұясын кім сағынбайды? Иә, мен жыл сайын демалыс алғанда Қиыр Шығыстан ауылға «ашығып» жететінмін. (169 сөз)
(Б.Момышұлы «Москва үшін шайқас»)