Бітті тыныс. Өлді адам. Кетті азамат. Талып жылап Алуа қалды. Ортасынан опырылғандай, өне бойы қақ бөлініп сынғандай, бүрісіп Жанат кемпір қалды.
Әкені қара жерге қойғалы алып кетісті. Жер төсекте, тағы сол шоқпыт құрым арасында жанталасып жатқан кемпір Жанат. Жанында жалғыз ғана Алуа. Ол сәл өсіп қалғандай, өңінде зар. Көзінде жас.
— Әже, әжетайым, жапа-жалғыз мені кімге тастап барасың, әжетайым…
Кезеріп ерні кемсеңдеп, зорға сыбырлап, зарлы әже үн қатады:
— Қарашығым, балапаным-ай, мұндай да қатал дүние бола ма екен, е-е жасаған-ай , кімге қалдырдым сен бейбағымды, сорлы жетімегімді. Ешкім жоқ, тек бекем бол, сорлы балам. Неге болса де бекем бол, жасымай алысып қал не болса… жалынған бас қорғау емес, жағаласқан бас қорғау, сәулешім. Әкеңдей, Сатайымдай бол, не айтам…
Енді бір шақта бұрынғыдан жүдей түскен, көйлегі жыртылып, шашы үрпие түскен, тек сәл ғана жіңішке, тіп-тік, нәзік, сұлу бойы созыла түскен Алуа тағы бір жаңа қабырға Сексек берген күректі алып , топырақ салады. Көмілді бұл өлік те, ол кеткен әжесі еді.
— Сорлы әжем, сен де кеттің, – деді де Алуа жалғыз ғана иесіз далада сенделе қозғалып, жұрдай жетімдікке, панасыздық дүниесіне жүре береді.
Жалаң аяқ, жалаң бас, дудыраған шашы бар алты жасар Алуа, уана алмай зарлап, жылап келеді. Жалғыз, жапан түз. Артында, алыста иығы түскен, уайым жеңген Сексек те жалғыз келеді.
Жерошақта түтіндері будақтап, көп самауырлар қойылған, қазан-қазан ет асылған, үлкен ақ үйлер алдында, араларында керме жанында қарбалас. Келіп-кетіп жатқан қонақтар. Бай үйінде жас мырза Доғал көп қонақ жігіттерді, паң бәйбіше, кербез келіншектерді күтіп отыр. Даяшылар жүгіріп жүр. Осы үйдің жанында Алуа жылап келеді. Қайда жүргенін көрмегендей, қайда келгенін білмегендей сүріне-жығылардай байғұс жетім қыз. Үйдегі қонақтар қатты жылаған үнді естіп, күлкілерін, сауығын тыйып, үрпиісіп қалады.
Алуа есіктен қарап үй ішінде, төрде көп жастықтарға жантайған, қымыз ішіп қызып шалқыған қызықмасы сәнді топтарды көреді. Жылаған Алуаға паңдана қараған жас жігіт Мардан «кетіңдер» дегендей белгі етеді.
— Әжем, жалғыз әжем де өлді, – деп жылайды Алуа.
Мұның қасына Мардан келіп зекіп, желкесінен нұқиды.
— Өлсе құдайыңа жыла. Әжең түгіл, әжеңнен зор да өледі, – деп қымызға мас күйінде, шайқақтап күледі де, – елдің мазасын алмай, аулақ бар! Бар! – деп зекіп айдап жібереді.
Алуа иесіз қаңыраған шоқпыт лашық ішінде әжесінің тұл қалған жыртық құрым, жер төсегіне отырып, етбетінен түсіп жылайды. Маңына келген жан жоқ, жалғыз жылайды. Тек бір сәтке ғана Сексек келіп, үйге азырақ тезек әкеп төгіп, Алуаға қарап басын шайқап, қынжылып кеп жас жетімді аймалайды. Маңдайынан сипайды.
Қолданылған әдебиет
1.М. Әуезов. Жиырма томдық шығармалар жинағы. 8-том// Алматы. Жазушы баспасы, 1981, 169-170 бб.