Туған жерді аңсау


Көтеріліп келе жатқан күн сәулесі алдымен ағаш бастарын шалып, қайыңның жапырақтары мен қарағайдың қылқанды бұтақтарын алтын жалатқандай нәзік сарғыш нұрға малып, бусандырып келеді.
Шіркін, біздің даланың таңы ғажап болушы еді, жусан мен боз көде бір түрлі сергіп, тазарып оянатын, шығыстан күннің құлағы көрінгенде, бүкіл даланың жалпақ бетіне сәл ғана қан тапсынғандай сұйқылтым қызғылт нұр шалатын; қыраттардың бауырайында, сай мен жылғаларда жиегін пышақпен кесіп алғандай тұп-тұнық қою қара көлеңке жатады. Сонау көз ұшындағы көк жиекке дейін жердің беті, ондағы қарайған дүние, қыбырлаған мал ап-анық көрініп тұрады. Шіркін, ертеңгілік пен кешкіліктің рақаты дала ғой!
Қайран, туған жер! Сені де көретін күн болар ма екен? Арамыз бөлініп қалды. Ортамызда өткел бермес дариядай жау бар, дария деймін-ау, маған енді туып-өскен ел-жұртым теңіздің ар жағындай елестейді. Кішкентай болса да, үміт жетелеп, әйтеуір, жақындай берейікші деп шығысқа қарай жылжып келеміз. Менің үмітім теңізге салған желқайық сияқты, жөнді ескек, желкені жоқ, қалт-құлт етіп, шексіз теңізден алып шыға ала ма? Әй, қайдам… Тек үмітсіз сайтан демесе… ( Т. Ахтанов, 160 сөз).

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *