ОҚЫҒАН АЗАМАТ

 

Майдың күні. Көк жетіп, гүлжапырақ молайған. Жаңа шыққан алкүрең жасыл шөппен дала жасарған. Былтырдан қалған қу шөп азайғандай, анда-санда болмаса, көзге көп ілінбейді. Оның орнын қазіргі күнде аласа бетеге, жасыл тарлау, шашыраған жас көде, шашақталған жас сасыр басқан. Жасыл кілемнің түріндей көрікті далада әр жерге шашырап шыққан қызғалдақтың сары гүлдері көз қуантып, жайнап тұр.
Үлкен таудың қолтығынан жіңішке өзек пен ұзын сайлар да жылдағы сұлу көркіне келіп жаңарған. Жапырағы жетілген жас қайың, өзекті қуалап өскен ұзын тоғай, тасқыны басылмай, сарқырап аққан ойнамалы жүйрік өзен, бойы өсіп, бұраңдап толқындаған жасыл шалғын, өзектің екі жағындағы қатарланған биік жартас, өзек бойында ойнап ұшқан жыршы құстар – бәрі жиналғанда, сайды жаңа түскен жас келіншектің отауындай жайнатып, жасартып тұр.
Биыл бұл өлкенің суы да мол еді. Сонау ойда, көз ұшында, шарасынан суы асып, айнадай мөлдіреп жатқан көл көрінеді. Жағалай жүрген мал шашырай жайылып, көл айналасын шұбарландырып жүр. Жарық күнде шаңқиып көрінген ауылдарды сағым көтеріп, кейбір үйлер жұмыртқадай болып көрінеді. Жайлауға қарай жаңадан беттеп көшкен ел Шыңғыс тауынан асып келіп, күнгейде отыр. Ауыл-ауылдың бәрі дырдуы мол, көңілді. (170 сөз)

(М.Әуезов «Оқыған азамат»)

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *