М.ӘУЕЗОВ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНДАҒЫ АБАЙ МҰРАСЫ

Бейсембина А.

«Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжі» МКҚК

Резюме: Осы мақалада жазушы, академик М.Әуезовтің шығармашылық мұрасының Абай Құнанбаев шығармашылығымен байланыстылығы жөнінде айтылады. Бұл жөнінде ғалымдардың (З.Ахметов, Л.Соболев, Р.Нұрғали, Т.Жұртбай т.б.) пікірлері мақалада дәлел ретінде келтірілді. «Абай жолы» роман-эпопеясындағы Абай Құнанбаев өлеңдері мен қара сөздерінің шығармада көрініс табуы және автордың ақын өлеңдерінің тууы мен халық арасына тарауында шығармашылық еркіндікке баруы жөнінде атап көрсетіледі.

М.Әуезов мұрасын Абай шығармашылығымен байланыссыз қарастыру мүмкін емес. Бұл жөнінде жазушы, ғалым Т.Жұртбай: «М.Әуезовтің өміртанымын, көзқарасын сөз еткенде ұлы Абайдың рухани дәстүрінсіз талдау мүмкін емес. Онсыз Мұхтар тұлғасы толық ашылмайды», – деп атап көрсетеді [1, 11-б.]. Бүгінгі таңда ғұламалар есімі ұлттық сана-сезімде мәңгі аталатын ұлы тұлғаларға айналды. Дана Абайдың қазақ халқының рухани ұстазы ретінде танылып, әлемдік көркем ойдың алтын қазынасына айналуы – оның өз мұрасы ғана емес, сонымен бірге М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы арқылы жүзеге асты. Бұл ретте ең бірінші тілге тиек етеріміз – Мұхтар әлемінің Абай әлемімен рухани сабақтастық мәселесі. Бүгін біздің назарымызды көбірек аударуға тиіс нәрсе – Мұхтар Әуезовтің ұлы Абаймен рухани жақындық-жалғастығы. Осы жайында академик З.Ахметов: «Мұның өзі дүниежүзі әдебиетіндегі айрықша құбылыс. …Абайды әлемге әйгілеу үшін Әуезов қандай қажет болса, Мұхтар Әуезовтің дүниежүзі мәдениетінің биігіне көтерілуіне Абай мұрасы, Абайдың өнерпаздық, ойшылдық дәстүріндей үлкен тірек сондай қажет еді» [2, 32-б.] деп, Абай мен Мұхтардың рухани сабақтастығының дүниежүзі әдебиетіндегі маңызын айрықша атап көрсетті.
М.Әуезовтің ақынның дүниетанымын, өмірге көзқарасын терең зерттеуі, бай тілін меңгеруі, бүгінгі таңда әуезовтану саласының қалыптасуына жол ашты. М.Әуезовтің бүкіл ғылыми-шығармашылық ғұмырында Абай тақырыбының басты орын алатыны белгілі. М.Әуезов өз сөзінде оны нақтылы атап көрсетіп: «Қазақ жазушыларынан, әрине, Абайды сүйемін. Менің бала күнімнен ішкен асым, алған нәрімнің барлығы да Абайдан» [3, 71-б.] деп жазды. Осы орайда академик Р.Нұрғали да: «Әрине бойындағы табиғи дарынымен Әуезов Қазақстанның қай бұрышында туса да жазушы болып шығатыны сөзсіз еді, бірақ оның Шыңғыстауда, Тобықты арасында тууы, ұлы Абаймен жерлес болуы – творчестволық тағдырына айрықша қызмет атқарған фактордың бірі» деп, Абай мен Мұхтар шығармашылығындағы үндестіктің сырын тереңінен қозғайды [4, 138-б.].
Ғалым Р.Нұрғали 1967 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде жариялаған «Тақырыппен табысу» атты мақаласында, «Трагедия табиғаты» (1968) атты монографиясында, «Әуезов және Алаш», «Сөз өнерінің эстетикасы» атты еңбектерінде Абай мұрасының жазушыға тигізген әсері жөнінде тоқталып өтеді [4]. «Абайдың рухани інісі» атты мақаласында әдебиеттанушы Л.Соболев: «Абай мен Мұхтардың арасында ортақ бір ұқсастық бар деп айту артық болмайды: біріншіден – ол әдеби кемел талант және, екіншіден – өз халқының жарқын болашағы туралы арман» [5, 71-б.] деп тұжырымдайды.
Абайдың ғылыми өмірбаяны, ғұмыр кешкен дәуір сипаты түгелдей дерлік кеңес өкіметі тұсында, таптық көзқарас үстемдік етіп тұрған шақта жазылды. Қатал саясаттың құрсауында жазылған ақын өмірбаянына қатысты кейбір деректер бір жақты, үстірт қарастырылып, ал кейбіреулері мүлде бұрмаланып та берілді. Абай шығармаларында қозғалатын мәселелерді түсіну үшін ақын өмір сүрген дәуір болмысы мен сол ортаның саяси ахуалын білу шарт.
М.Әуезовтің өзі де роман жайлы мынадай мәлімет береді: «… менің ұлы ақынды, ақын өмір сүрген дәуірдің тарихи шындығын көрсету мақсатындағы творчестволық ісімнің бірқатар сырын «Абай» романының маңында айтар пікірімнен де аңғаруға болады. …Алдымен, мынаны ескерген жөн: «Абай», «Абай жолы» да – тарихи романдар. Бірақ, жұртқа мәлім «Петр Бірінші», «Емельян Пугачев» немесе «Степан Разин» сияқты романдардан менің романдарымның өзіне тән кейбір өзгешеліктері бар» [6, 106-б.]. Тынянов тарихи құжаттардың түпнұсқасымен, замандастар мемуарларымен, олардың хаттарымен, мемлекеттік архивпен жұмыс істеді. Ал Әуезовтің қолында тек қана Абай шығармалары, тарихи таным, хатқа түспеген ауызша халықтың естеліктері ғана болған. Абайды білген, көзі тірі санаулы ғана куәгерлер қалған. «1930 жылдан кейін Абай туралы роман жазбақ боп саналы түрде материал іздегенімде бірақ өкіндім: көп нәрсені аңдамай өткізіп алыппын» деп жазады Әуезов [6, 110-б. ].
Абай өмір сүрген заманның шындығын М.Әуезов өзінің туындыларында көркемдік шешіммен бедерлеп көрсетеді. Әсіресе, қазақ сахарасындағы саяси жағдайдың ерекше көрінген тұсы – болыстық сайлауды «Абай жолы» роман-эпопеясында өте әсерлі суреттейді. Мәселен: «Алда екі, үш айдан соң болатын сайлауға шейін бүкіл Шыңғыс елін Құнанбайларға түгел қарсы әзірлейді. Партияның тартысына ат пен пұлды астыртын беріп, елу басы атаулының барлығын осындай құпия батамен, қатты сертпен тартады. Малды да, сырды да көпке жаймайды» [7, 34-б.]. Барлық пара мен пұлды болыс болудың жолына даярлап, сол үшін әлек болып жатқан атқамінерлерді жазушы осылай бейнелейді.
Абайдың «Күлембайға», «Мәз болады болысың», «Көжекбайға», «Мұқыр болысы Дүтбайға арналған», «Антпенен тарқайды» атты өлеңдеріндегі болыс-билердің арасында жүріп жататын дау-шар, сатқындық, парақорлық, болыс сайлауы алдындағы қарсыластарына жабылған жала, шектен тыс жасалған озбырлық, жемқорлық, халыққа көрсеткен зорлық, әсіресе, сайлау қарсаңында патша чиновниктері алдындағы шексіз жағымпаздық «Абай жолы» эпопеясында қаз қалпында суреттеліп, өлтіре сыналған. Бұл дерттің түпкі негізі Абай поэзиясында сөз болатынын ғалым Б.Майтанов атап көрсетеді: “Ол пенде атаулының көбінде кездесетін жанаярлық, өзімшілдік, опасыздық сырын айтады. Абай күресетін қырқаяқ қауымының жүз құбылған зымиян сұрқы белгі тастайды” [8, 103-б.].
Абайдың болыстық сайлау жайынан мәлімет беретін «Антпенен тарқайды» атты өлеңіндегі жайт «Абай жолы» эпопеясында нақты көрініс тапқан. Мәселен: «…Мыналар да сондай ұялас, қанды ауыз дәніккен бөрілер. Алыстан жемін аңдып алып, бас қосқанда анттасып, баталасып бірін-бірі қайрайды. Жауыздыққа, жаулыққа баталасады. Жазығы жоқ жақынды, жалғыз бен жалқыны желі етуге анттасады. Сол үшін өздеріндей бүліктен, бұзықтан көмек жияды. Біреуді еліктіріп алады, біреуді қорқытып ертеді» [8, 413-б.].
«Абай жолы» эпопеясының екінші кітабынан бастап Абайдың өлеңдері жиі кездесіп отырады. «Тайғақта» атты тарауда Абайдың алғашқы махаббатынан сыр шертетін «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» өлеңі берілген. Бұл өлең эпопеяның өн бойында төрт рет беріледі. Жазушы бұл өлеңді үнемі бас кейіпкері Абай мен Тоғжан арасындағы махаббат, ыстық сезім сырларын сөз еткенде пайдаланып отырады. М.Әуезов эпопеяда Абай өлеңдерiнiң қандай жағдайда және қалай дүниеге келгенiн әңгiмелегенде нақты шындықтың ауқымын үнемi берiк сақтай бермей, шығармашылық еркiндiктерге барған.
М.Әуезов «Абай жолы» эпопеясында Абайды дана ақын ғана емес, шебер аудармашы ретінде де кеңінен таныстырып отырады. Абайдың орыс, Батыс әдебиетіне ерекше ден қойғандағы басты мұратын, сол әдебиеттің тұнығына бойлағандағы ақынның таңдап аударған шығармаларын эпопеяның әр тұсында жазушы ақынның шығармашылық өсу жолымен байланыстыра отырып, ретімен келтіріп береді. Автор Абайдың биік ақындық тұлғасы мен зор аудармашылық қасиетіне эпопеяның екінші кітабының соңғы “Биікте” деген тарауын арнайды. Бұл тарауда Абайдың орыс ақыны Пушкиннің «Евгений Онегин» романын аударып, қазақ даласына алғаш әкеліп, қазақша сөйлеткені жайлы ерекше шабытпен жазылады. «Кек жолында» атты тарауда Лермонтовтың «Вадим» атты өлеңі, «Қақтығыста» тарауында «Альбомға» атты өлеңі берілген. Абай мен оның шәкірттерінің Лермонтов шығармаларын қызыға оқып, ақынның аударуымен қазақ даласына кең тарап жатқаны жайынан жазушы мол мәліметтер береді.
«Абай жолы» эпопеясының үшінші кітабынан бастап Абайдың көптеген өлеңдерімен қоса қарасөздерін молынан кездестіруге болады. Абайдың өмірі мен шығармашылық зертханасын эпопеяда негізінен басшылыққа алған жазушы «Абай жолының» 3-кітабында бірнеше қарасөздерден мысалдар береді. Жастардың бақытына арашашы болған Әбішке Абайдың Дәрмен туралы жазған хаты ретінде жазушы ақынның қарасөзін өте орынды қолданады.
«…Дәрмен басы маған қандайлық екенін айтпай-ақ қояйын. Ол жыл санап халықтың да қадірлісі, аяулысы болып келеді. Сен де дос көретін тәрізді ең. Мен соныңды құптайтұғым. Ал дос болсаң «шын дос», «айнымас дос» дегізетін бол. Әйтпесе жаман дос көлеңке, күн ашықта қашып құтыла алмайсың, күн бұзылса іздеп таба алмайсың» [9, 362-б.]. Жазушы Дәрмен жайын, дос жайын айтқанда, Абайдың 37-ші қарасөзіндегі мына нақыл сөзін алған: «Жаман дос – көлеңке, басыңды күн шалса, қашып құтыла алмайсың, басыңды бұлт шалса, іздеп таба алмайсың» [10, 468-б.].
Эпопеядағы басты кейіпкер жөнінде М.Әуезовтің өз сөзінде былай делінген: “…менің геройым – творчестволық тұлға, демек, қоғамдық құбылыс есебінде көрінетін оның қолма-қол қимыл-әрекетінің нәтижесі емес, творчестволық еңбегінің туындысы ғана» [6, 107-б.].
М.Әуезов өз кейіпкері ретінде тек қана жеке тұлғаны, тіпті тарихи тұлғаны емес, шығармашыл тұлғаны таңдайды. Жазушы Абайдың талантын, ақындық қасиетін беруге тырысқан. Абайдың оңаша ойларын, алдағы күннен күткен үмітін, әдемі тілегі мен тәтті арманын, өткен күннің кей өкініштері мен бүгінгі күннің күйзелісін, көптеген толғаныстарының сырын ашады.
Тұжырымдай айтқанда, Абай өлеңдері – өзі тебіреніп толқыған жан сезімінен, шабыттанған жүректен туған шығармалар. Бүкіл төрт томдық роман-эпопеяда қазақ өміріне, тұрмыс болмысына өз кейіпкері Абайдың көзімен қараған жазушы ақынның шығармашылық психологиясын мейлінше терең, мейлінше жан-жақты көрсетуі сондықтан.
Абайдан М.Әуезовті, М.Әуезовтен Абайды бөліп айту мүмкін емес. Ұлы ойшыл Абайдың өмірі мен ақындық жолы – Мұхтар Әуезовтің шығармашылық қызметінің басты тақырыбы. Абай мұрасынан нәр алып сусындаған, ақын дәстүрін бойына сіңіріп өскен М.Әуезов оған рухани жағынан өте жақын болып кеткен. М.Әуезовтің Абайды білгені соншалық, соған рухани бар болмысымен сіңісіп кетеді.


Қолданылған әдебиет

1. Жұртбай Т. Бесігіңді түзе: Роман-эссе. – Алматы: Жазушы, 1997.–560 б.
2. Ахметов З. Мұхтар Әуезов – қазақ әдебиетінің классигі / Кітапта: М.Әуезов – ХХ ғасырдың ұлы жазушысы және гуманисі. – Алматы: Ғылым, 1997. – 163 б.
3. Әуезов М. Өз жайымнан мағлұмат / Кітапта: Шығармаларының елу томдық толық жинағы. – Алматы: Ғылым, 1998. — 3 т. — 392 б.
4. Нұрғали Р. Сөз өнерінің эстетикасы. – Астана: Елорда, 2003. – 424 б.
5. Соболев Л. Абайдың рухани інісі / Кітапта: Мұхтар Әуезов әлемі. Ред. басқ. З.Ахметов, Т.Әкім, Л.М.Әуезова. – Алматы: Жазушы, 1997. – 352 б.
6. Әуезов М. Шығармалар. 12 томдық. – Алматы: Жазушы, 1969. – ХІІ т. — 536 б.
7. Әуезов М. Абай жолы: Роман-эпопея. – Алматы: Жазушы, 1989. — I т. — 608 б.
8. Майтанов Б.М. Әуезов – суреткер. – Алматы: Сорос Қазақстан қоры, 1996. — 124 б.
9. Әуезов М. Абай жолы: Роман-эпопея. – Алматы: Жазушы, 1989. — 2 т. – 616 б.
10. Құнанбаев А. Шығармаларының бір томдық толық жинағы. – Алматы: Қазмемкөркемәд. баспасы, 1961. – 692 б.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *