КӨЛ ТІРШІЛІГІ

 

Айналадағы көл тіршілігі де қызық қой. Кейде түн ортасында қамыс ішінен неше сырлы үн естіледі. Көл күрсінеді, көл жылайды, көл сыбырлайды, көл күледі. Күн бата ұйқыға енетін құстар кей түндері тым-тырыс бұйықса, қайсыбір түндері мазасызданып шығады. Алдымен ащы шаңқ ететін қызғыш. Оған қосыла терең көлдің орта тұсынан қаңқылдайтын қаз даусы естіледі де, әлденеге таласқандай үйірлі қаздар бақ-шақ болады. Содан кейінгі көл ішінің шуы қызық. Бақ-бақ еткен қоңыр үйрек, қырқылдаған қасқалдақ, тобымен ұшып қашан қайта қонғанша шиқ-шиқ етер өгіз шағала, қара бас шағалалар қосылып, Қоскөлді бастарына көтереді. Тегі, әлденеден үркетін болар-ау. Бұларға қосылмай өз бетінше әндететіндер – көлдің қоғасы мол, саяздау, қорыстау жағалауларындағы мың-мың көлбақа. Кеш түсісімен тамақтары бүлкілдеп құрылдап жатқандары. Кейде тап қостың үстінен бақылдаған ешкі құсап, жерге қарай құлдилаған тауқұдірет қанатының дыбысы естілсе, түн баласына өзінше жылқы айдап, мәз болатын жылқышы ысқырығы, тұмсығын тақылдатып, жарбаңдайтын жапалақ, қалың көде арасынан жағы тынбай сайрайтын бөдене, қалың тоғай жаққа қырқ-қырқ етіп ұшып бара жатқан тарғақ үндері қою түнді жаз әніне бөлейді.
(158 сөз) С.Жүнісов

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *