Көлемді шығармаларды оқыту

 

Көлемді шығармаларды алдын-ала үйде түгелдей оқытып, кіріспе лекциялар өткен соң, оқушыларды мәтінді тұтас талдауға әзірлейміз. Мұны көркем туындының мазмұны мен проблемасы жайындағы кіріспе яки бағдарлаушы әңгіме деп атаймыз. Мәтінді кімнің қалай оқығанын, мазмұнын қалай түсінгенін білмей жатып талдау жүргізу мүмкін емес.
Жоғарғы сыныптарда, тарихи курс әдістемесінде қандай роман болмасын ол әуелі үйде алдын ала оқылып, лекция, бағдарлаушы әңгіме, талдау сол негізде жүргізілуі тиіс. Нақтырақ айтқанда, ІХ-ХІ сыныптарда мәтінге тұтас талдау жүргізіледі.
Егер оқушы көркем туындыны алдын ала оқымаған болса, ешбір лекция, бағдарлаушы әңгіме, талдау өзінің әдеби, сабақтық мақсатына жетпейді. Сондықтан төменгі сыныптардан (5-7-сыныптардан) бастап оқу бағдарламасына енгізілген шығармаларды (шағын болсын, көлемді болсын) алдын ала оқытуды дағдыға айналдыру керек. Ол үшін оқушының көркем әдебиет оқуға деген ынтасын арттыратындай жұмыстар (оқыған шығармасы бойынша шағын қойылымдар, сахналық көріністер қою, дөңгелек үстелдар, түрлі деңгейдегі пікірталастар ұйымдастыру) жүргізу керек. Өйткені, жоғарғы сыныптарда болсын, төменгі сыныптарда болсын, әдебиетті оқыту дегеніміз – жай ат үсті оқыту емес, сол жайында сырттай ой білдіру, бағалау да емес, әдебиеттің ішкі ерекшелігіне еніп оқу, талдай, түйіндей оқу деген сөз.
Көлемді шығармаларды оқығанда оқушыларға алдын ала сұрақ-тапсырма беріледі. Ол қай мәселеге көңіл аударуға, нені жазып, талдап келуге лайықтайды. Бұл – оқудың мақсаты мен объектілері болып табылады.
Тұтас оқытып, теріп, компонент бойынша нақтылап, бүтіндік бойынша талдау тарихи курстың басты мақсаты болса, бағдарлаушы әңгіме соған үлкен қолқабыс тигізеді.Осы тұрғыдан бағдарлаушы әңгіме дегеніміз не, оның объектісі мен әдістемесіне тоқталасақ.
Әдіскер В.Голубков бағдарлаушы әңгіменің бірнеше түрін көрсетеді: 1) қысқаша әңгімемен түсндіре отырып, шығарманың бас кезін сыныпта оқу; 2) сұрауға жауап боларлықтай маңызы бар эпизодтарға айырықша көңіл бөлу; 3) шығарма кейіпкерлерін топтау; 4) шығарманың негізгі бөліміне немесе сюжеттік желісіне баса көңіл аудару; 5) шығарманың басты-басты проблемаларын алдын ала таныту [?, 163]. (Голубков В.В. Методика преподавания литературы. Москва: Просвещение, 1955. С. 163)
Әдетте оқушының барлығы бірдей мәтінді үйде толық оқығанымен, оның оқиғасын есте қалдырып, тақырыбы мен проблемасын, бастыты образдарын жете ұғына қоймайды. Барлаушы әңгіме осы мәселелерді объект етеді. Оның арасында көлемді шығарманың мазмұнын игеру, оқу, кімнің оны қалай оқып, қалай түсінгені, басты-басты белгілерін еске түсіру міндеті тұрады. Бұнда сұрақ-жауап әдісі қолданылады.
Бағдарлаушы әңгіме көбінесе көлемді, күрделі сюжеттік шығармаларға (роман, повесть, поэма, драма) қолданылады. Ал қысқа өлең, мысал,әңгіме сияқты шығармаларда тақырыптық түсінік жеткілікті.
Егер роман тым көлемді болса, әңгіме әдісімен алдын ала көркем туындының сюжеттік жоспарын бірлесіп жасап алуға болады. Бірде кейіпкерлерін сөз етсек, бірде көтерген проблемасын әңгімелейміз. Бұндай жұмыстарды ғалым Ә.Қоңыратбаев: «Бұл – талдау емес, шығарманың өз тұрғысына арналған жинақтау, алғашқы бір байымдаулар», — деп тұжырымдайды.
Мектептердегі бір қиындық – романдарды түгел оқыту.

Сұрақ-жауап әдісінде мәтінге сүйеніп, мәтіннен мысалдар келтіріп, дәйексөздер келтіруге үлкен орын беріледі. Талдаудың бір объектісі біткен соң, кейбір эпизодтарды мәнерлеп оқытып, талдаудың екінші түріне ауысамыз. Сұрақ-жауап әдісі арқылы жүргізілетін талдаудың бір бөлігі сыныпта талданады да, бір бөлігі үйге тапсырма ретінде беріледі. Талдаудың бір бөлігін үйге беру барысында жай тапсырма ретінде бере салмай, түсіндіріп, үлгі көрсете отырып беру қажет. Көп жағдайда: «Үй тапсырмасын түгел орындамай келеді», — деп жатамыз. Оның себебі: үлгерімі орташа оқушылар сыныпта үй тапсырмасы түсіндіріліп, үлгі көрсетіліп берілмеген соң, үй тапсырмасын орындаудың жолын білмей, орындамай келеді. Сол себепті орта буында (5-7-сыныптарда) міндетті түрде үй тапсырмасы түсіндіріліп берілген жөн.
Көлемді шығармаларды талдау барысында сыныпта талданатын компонент шағын, нақты, мақсаты айқын болуға тиіс. Материалдың бәрін қамтимын деп, нәтиже шығара алмаудан гөрі, аз болса да бір объектіні, бір компонентті таныту көп іске жол салады. Шағын-шағын болса да талдауды түрлендіріп, бірнеше талдаудың түрін (құрылымдық талдау, эстетикалық талдау, лингвистикалық талдау, социологиялық талдау, т.б.) жүргізген жөн. Сонда оқушылардың белсенділігі артып, танымдық қабілеті дамиды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *