ЖАЙЛАУДА


(«Абай жолы» роман-эпопеясы)
Тобықты ішіне сонау алыс Көкшетаудан келген сирек сый қонақ. Өзі ақын, өзі әнші, өзі сері Біржан. Үстінде қара мақпал, кең, жеңіл шапаны бар. Омырауы ағытылған, «сері жаға» ақ көйлектің сыртынан киген сарғылт түсті қытайы жібек қамзолы бар. Оқалы тақиясының жібек шоғы ырғала түседі. Құйқылжыған әніне қалың жиын қыбыр етпей ұйып, мүлгіп отырғанда, кербез әнші өзі де, жүзіне жылтыр майда рең бітіп, нұрлана құбылады.
Баласы Қожағұлдың Біржан салмын,
Жұртыма зияным жоқ жүрген жанмын.
Кісіге өзім қатар бас ұрмаймын,
Өзім ақын, өзім сал, кімге зармын… деп бір кетеді.
Әншінің «Біржан сал» атты осы бір әні өзінің майда қоңыр, сырлы сазымен бастала жөнелгенде, өзге көп жұрт ішінде демін тартып, қатып тыңдаған кісінің бірі Абай.
Қазірде, міне, белгілі өр қиялы бар ән, ірі туысты әншіні мынау ортадан бөліп, жырып, аулаққа әкетті. Шырқау алыс қияға әкетті. Тұлғасы ерен, кең кеуделі асқақ түнді әнші, сахараның ғажайып бір алыбы боп апты.Сол алып, өнер алыбы, Сарыарқаның ең заңғар биігі Көкшенің басына шығып тұрып, бар ұлан ұзақ Сарыарқаға көз тастайды. Жуансып күштісі, артықсып асқағы, күңіреніп көбі жүрген жон-жотаға көз тастап қоймай, үн қатады. Ән тіл қатады. Ескек, асқақ атойдай қып, зор кеуденің алып күйін азынатып төгеді.
«Мен келемін! Өнер әкелемін! Танымай көрші, аңдамай бақшы! Сай-сүйегің босамай, алпыс екі тамырың иімей көрші!..» деп, бас идірек ән төккенде, ән емес, нұр төккендей. Әлемнің жүзінен жауыздық зұлымдығын қуып әкетіп, қиялда болса да дүние бетін, Арқа жүзін сан сұмдықтан тазартып бара жатқандай… Арқаның қара түні де мынау ақын үстіндегі қара мақпалдың бетіндей майда, мейір түні болады… Сонда ел жүзі де осы ақын жүзіндегі жылтырап көрінген нұрға толғандай болады. Ел жүзінде, қазіргі ақын түсіндегі, ән үстінде езу тартқан жарастық күлкідей боп, шат қуаныш күлкі көрінеді Абай көзіне.
Сөйткенде, үй ішінің ілесе сөйлеген, алғыс айтқан үндері шығып жатыр екен… Ән үзіліпті. Абай қиялы ғана үзіле алмай, аяқтап келген қалпы екен. Ол шарасынан шыққандай болған отты, ойлы көзімен әнші жүзіне әлі аңыра қадалып қарап қапты.Сәлден соң Біржанға бұрылды да:
— Өзге-өзгенді не қылайын, Біржан аға, — деп бастап, қонағына жаңа бір қуаныш жүзімен қарады. – Ел ақтаған бір ақын болушы еді. Тілін безеп, жанын жалдап, тіленшілікпен байды сауып, сөз қадірін сол кетіруші еді. Үн түзеген бір әнші болушы еді. Кім көрінгеннің қосшысы. Әр кез, әр мырзаның қосалқысы. Ән қадірін түсіріп, бір атым насыбайдай арзан етіп еді. Сен әнді босағадан өрлетіп, төрге шығардың, соныңа ғана қуанам. Шынында, қазағым, елім дегенде, осы елдің асыл ақын сөзінен, әсем әні сазынан артық қай қазынасы бар еді? Соларын асқақ үнмен аспанға көтеріп барып, «ол – мен міні, мен келемін!» дегізіп, еліңді өнеріңе бас игіздің. Осының-ақ қадір-қасиетіңді тануға жетіп тұр!.. – деді.
Біржан құп тыңдап, өзі де сүйсіне көтеріліп:- Шіркін, айтушы мен болғанда, үнемі ұқтырушым сен болсайшы, Абай! – дейді.


Қолданылған әдебиет
1.М. Әуезов. Абай жолы. 2- кітап// Алматы. Жазушы баспасы, 2009. 61-63 бб.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *