Дүниенің төрт бұрышында император сарайымен сұлулыққа таласатын ешбір сарай болмаса керек: ол өте жұқа, аса бағалы фарфордан салынған, нәзіктігі сонша, тіпті, саусағыңмен түртіп қалсаң, быт-шыт боп сынып түсе ме деп қорқасың. Бақ ішінде ғажайып гүлдер өседі, олардың ең әсеміне кіп-кішкентай күміс қоңырау байлап қояды. Ол сыңғыр-сыңғыр етіп өткен-кеткеннің назарын сол гүлге аударуға тиіс. Көрдің бе, император сарайында бәрі ақылмен істелетінін! Сол бақтың ұзындығы сонша, оның қай араға дейін созылатынын бағбанның өзі де білмейді. Ал бақтың ар жағында зәулім биік ағаштары мен тұңғиық терең көлдері бар шетсіз-шексіз ну орман тұр. Орманның бір шеті көк теңізге барып тіреледі, кемелер су бетіне төнген жап-жасыл жапырақтардың саясымен өтіп жатады. Дәл сол арадағы жар басында жалғыз бұлбұл болатын. Ән салғанда әуезінің жан-дүниені баурап алатындығы сонша – тіпті, тіршілік тауқыметінен әбден қалжыраған балықшының өзі құрып қойған ауына дейін ұмытып кетіп, соны ғана еліте тыңдап отыратын.
Императордың астанасына дүниенің төрт бұрышынан саяхатшылар келетін: бәрі де салтанатты сарай мен мәуелі бақты тамаша көретін. Бірақ бұлбұл әнін естісе болды: «Ал, бәрінен ғажабы осы екен!» – деп ауыздарының суы құритын. (169 сөз)
(Г.Х.Андерсен «Бұлбұл»)