Бір мың тоғыз жүз үшінші жылы қолыма Абай сөздері жазылған дәптер түсті. Оқып қарасам, басқа ақындардың сөзіндей емес. Олардың сөзінен басқалығы сонша, әуелгі кезде жатырқап, көпке дейін тосаңсып отырасың. Сөзі – аз, мағынасы – көп, терең. Бұрын естімеген адам шапшаң оқып шықса, азына түсініп, көбінің мағынасына жете алмай қалады. Кей сөздерін ойланып дағдыланған адамдар болмаса, мың қайтара оқыса да, түсіне алмайды. Не мағынада айтылғанын біреу баяндап ұқтырғанда ғана біледі.
Сондықтан Абай сөздері жалпы адамның түсінуіне ауыр екені рас. Бірақ ол ауырлық – Абайдың айта алмағанынан болған кемшілік емес, оқушылардың түсінерлік дәрежеге жете алмағанынан болатын кемшілік. Олай болғанда, айып жазушыда емес, оқушыда. Не нәрсе жайынан жазса да, Абай түбірін, тамырын, ішкі сырын, қасиетін қармай жазады. Нәрсенің сырын, қасиетін біліп жазған соң, сөзінің бәрі де халыққа тіреліп, оқушылардың біліміне сын болып, емтихан болып табылады. Оқушы сөзді сынаса, сөз оқушыларды да сынайды. Абай сөзі – заманындағы ақындардың сөзінен оқшау, олардың сөзінен үздік, артық. Ол оқшаулық, артықтық басқа ақындардан Абайдың жалғыз сөзінде ғана емес, өзіңде де болған. Абайдың қандай болғанын көзбен көрмесек те, көргендердің айтуынан білеміз.
(170 сөз)